Basty bet
Ұнды фортификациялау
Ұнды фортификациялау дегеніміз – ұнды адам ағзасына қажетті дәрумендермен және минералдармен байыту. Тамақ рационында анемия, фоли қышқылы мен дәрумендердің жетіспеуі қан тамырлары ауруларына, ана мен бала өліміне себеп болуы мүмкін. Сол себепті дәрумендермен байытылған тағам өнімдерін қолданған жөн.
Темір жетіспеушілігінің алдын алу шаралары келесі принциптерде жүзеге асырылады:
– Тұрғындарды құрамында темірі бар препараттармен қамтамасыз ету.
– Темір – жетіспеушілік анемиясы бар адамдарды денсаулық сақтау ұйымдарында қолжетімді медициналық көмек алумен қамтамасыз ету.
– Ұнды және басқа тағам өнімдерін құрамында темірі бар дәрумендермен, минералдармен және басқа да заттармен байыту (фортификациялау).
Ұнды фортификациялау – теміртапшылығы анемиясының алдын алу бойынша әрекетті және қолжетімді шара. Фортификациялау үшін бидай ұны кездейсоқ таңдалған жоқ. Ұн ең қарапайым арзан және қолжетімді витаминдер мен темір көзі болып табылады. Байыту процесі ұнның дәмін, түсін, иісін өзгертпейді, пісіру сапасы әдетті болып қалады. Фортификацияланған ұнды тұтыну қауіпсіз болып табылады. Адамның күнделікті рационында нан ерекше орын алады. Мамандардың айтуы бойынша, әлем халқы жыл сайын 400млн тоннадан артық ұн пайдаланады. Бидай мен қара бидай – В1,В2,В6, Е дәрумендері мен ниацин, темір, мырыштың көзі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімет бойынша әлемде екі миллиард адам анемияға ұшыраған. Қазақстандағы ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдердің 45 пайызы теміртапшылық анемиясымен ауырады. Бұл өз кезеңінде ана мен бала өлімі көрсеткіштерінің жоғарылуына, физикалық және ақыл-ой дамуының кешеуілдеуіне әсер етеді.
Фортификацияланған ұнның алты айға тең жеткілікті сақтау мерзімі бар. Халықаралық экономистер халықтың тамақтану жағдайын түзету мақсатында көпшілік тұтынатын өнімдерді темір мен фолий қышқылымен байыту 90 мыңға жуық адамның өмірін сақтауға, жүйке түтігінің туа біткен кемістігі мен жүрек-қан тамыры ауруларын болдырмауға мүмкіндік береді деп пайымдайды.
Әр адамның денсаулығы – өз қолында. «Ауырып ем іздегенше – ауырмайтын жол ізде!» демекші, күнделікті тамақтануда фортификацияланған ұнды пайдаланған жөн.
Марат Искаков,
аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы