Basty bet

Шерағаның шаңырағында…

акция аясында кітапхананың кітап қоры жаңа туындылармен толықты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халқына арнаған Жолдауында «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сол себепті кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген болатын.

Еліміздің болашағын баянды етіп сақтаудың кілті – рухани жаңғыруда. Бұл идеяны елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші саналатын зиялы қауым да, жастар да қызу қуаттайды. Кітап оқу мен кітапханаларды дамыту – қоғам дамуының басты міндеттерінің бірі екенін ескере отырып, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясын ұйымдастыруды қолға алған. Мұндағы мақсат – аудан тұрғындарының рухани жан дүниесін дамытып, кітапхананың кітап қорын әдебиеттермен толықтыру және оқырман мен кітапхана арасын нығайту.
«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп ойшыл Абай Құнанбаев өсиет еткендей, түйсігі бар әрбір адам үшін ғылым мен білімнің қайнар көзі кітапта екенін ұғынамыз. Осы орайда, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы аясында Талапты ауылында жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның мемориалдық әдеби үйінде өңірге белгілі ардагер журналистермен келелі кездесу өткізді.
Кітап мәртебесін көтеру мен кітап оқуды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған акцияға журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұл ардагер журналист, мәдениет майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаев және ауданның белді азаматтары мен ардақты ақсақалдары қатысты.
Аудандық кітапханалар жүйесінің қоры Бекет Момынқұлдың «Момышұлы әлемі» және Асқарбек Сейілханның «Шерағаның шекпенінен шықпасам да…» атты сыйға тартқан төл туындыларымен толықты. Сыйға тартқан әрбір басылым – маңызды, өйткені ол сол кітаптың ғұмыры ұзақ болуына, кітапханаға көмек беруге және оқырмандардың рухани байлығын дамытуға мол үлес қосатыны белгілі. Жалпы, кітап сыйлау – жақсы дәстүр, аталған басылымдар кітап сөресінен ерекше орын алып ғана қоймай, кітап сүйер қауымның да көңілінен шығады деген үміттеміз.
Өңірдің журналистика саласында сүбелі еңбек етіп, өзінің сара жолын салып, бүгінде қариялыққа қадам басқан Бекет Момынқұл мен Асқарбек Сейілхан жиналғандарды әсерлі әңгімелерімен баурады. Онда жетпістің желкенін керген ардагер журналистер аты аңызға айналған Батыр Баукең мен тарлан Шерағаның жасаған ерліктері мен тағылымды мұралары, көз көргендердің естеліктерімен қатар, кітапқа енген тың ақпараттармен де бөлісті. Сонымен қатар, Асқарбек Ақылшаұлы Шераға образында сахналық қойылымнан үзінді оқып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Айта кетерлігі, даңқты қолбасшының ерлігі мен өрлігі, сонымен қоса, сан қыры баян етілген кітап Бекет Момынқұлдың мерейлі 70 жасында жарыққа шығып отыр. Әлі сиясы кеппеген кітап облыс орталығындағы «Руханият және тарихтану» орталығында ардагер журналистпен өткен кеште тұсауы кесілді. Бұл кітаптан ел арасында батыр жайлы айтылып жүрген аңыздардың ақиқатын, тарих бедерінде жұмбақ күйінде қатталып қалған жайттардың нақты жауабын таба аласыз.
Ал Асқарбек Сейілханның «Шерағаның шекпенінен шықпасам да…» атты жаңа туындысының таныстырылымы тарихы терең Тараз төріндегі Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында өткен бенефис кешінде ұйымдастырылды. Асқарбек Ақылшаұлы да мерейлі 75 жасқа толып, аталмыш күнге орайластырып кітабын жарыққа шығарған болатын.
Келелі кездесу соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаев ел ағаларына алғыс айтып, жарыққа шыққан қос туынды ел үшін рухани мұра болатынын жеткізді.
Осы тұста, акция басты мақсатына қол жеткізді деуге болады. Игі бастама арқылы бір-біріне кітап сыйлауды қайта жаңғыртып, жаңа оқырмандарды тартуға ықпал етумен қатар, кітапхана қорын толықтыруға да үлес қосып отыр. Бұл акция алдағы уақытта да жалғасын табады.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close