Алдымызда аса жауапты кезең – қыс мезгілі келеді. «Қыс – қатал сыншы» деп бекер айтпасақ керек. Ерте көктемнен бастап жаз бойы тынбай еңбектенген шаруалар қауымы қазір қысқы мал азығын дайындап болып, ендігі кезекте үй ішінің отын-суымен бірге, қыстық азықтың мол қорын жасақтап жатқаны белгілі. Қазір қай ауылға, қай отбасына барсаңыз да қыстың қамына кіріскен жандарды көресіз. «Екінші нан» саналатын азықтық дақыл картоп еккен ауылдық округтердің айналасындағы егістік алқаптарда картоп қазу науқаны да қызу жүруде. Мұндай жиын-терін жұмыстарын Көкбастау ауылдық округіне қарасты Қосбөлтек ауылынан да көруге болады.
Қосбөлтек ауылындағы «Омар Ата» шаруа қожалығы биыл жалпы көлемі 2,5 гектар алқапқа картоптың «Алладин» және «Крона» аталатын екі бірдей сортының тұқымын егіп, оны жаз бойы суғарып, күтіп-баптап, ендігі кезекте дайын өнімді қазып алуға кірісті. Аптаның басында басталған жинау жұмыстары екі-үш күнде аяқталмақ. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде, өнімділік те жаман болмайтын сияқты. Әр гектардан 200 центнердің айналасында картоп жиналу үстінде.
Өткен сейсенбі күні ауылдың шығыс жағында орын тепкен картоп алқабына барып, өнімді жинау жұмыстарын көзбен көрдік. Трактормен қазылған алқаптың өнімі топырақтың бетінде жақсы көрінеді. «Алладин» сорты қызыл болса, «Крона» аталатын картоп тұқымының түсі сарғыштау келеді екен. Екеуі де сапалы тұқым. Шаруашылық басшысы Ермек Помашев алқапқа егілген картоп тұқымын аудандағы белгілі шаруашылықтан сатып алғанын айтады.
-Картоп егумен айналысып келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Кейінгі екі-үш жылдың көлемінде картоп алқабының көлемін ұлғайтуға күш салып келеміз. Шамамыз келіп жатса, бұдан да көбейтсек деген ойымыз бар. Биыл егілген картоп тұқымының сапасы көңілден шығып отыр. Алқапты жаз бойы күтіп-баптадық. Ендігі кезекте қазуға кірістік. Өнімділік жаман емес сияқты. Картоптың пісіп-жетілуі де жақсы,- дейді шаруашылық басшысы Ермек Омарұлы.
Картоп жинау жұмыстарына аудан орталығынан және Қосбөлтек ауылынан 30-ға жуық терімші жұмылдырылған. Олардың бір күндік еңбекақысына 5 мың теңге және бір шелек картоп беріледі. Еңбектің лайықты бағаланғанына жұмысшылар да дән риза. Шаруашылық басшылары да тындырымды еңбек етіп, өнімді жинасуға көмек көрсеткен ауылдастарына алғыстарын жаудыруда. Алқаптан қазылған дайын өнім тор қаптарға салынып, алқап басынан сатылымға жіберілмек. Иә, ауасы таза, суы мөлдір қасиетті Жуалы өңірінде өндіріліп, өсірілген дәмді картопқа сұраныс қашанда жоғары. Біздің өнім Жамбыл облысының орталығымен қатар, көршілес Түркістан облысына жөнелтілу үстінде. Жалпы біздің өңірдің картобы елордада өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде үлкен сұранысқа ие азықтық тауардың бірі.
«Омар Ата» шаруа қожалығының жұмысына қайта оралсақ, аталған шаруашылық 2016 жылы құрылған. Шаруашылыққа тиесілі 26 гектар егістік алқаптың 6,5 гектары суғармалы. Оған негізінен көпжылдық шөптен мал азығына эспарцет, жоңышқа, жаздық арпа, бидай және азықтық дақыл картоп егіледі.
Шаруашылықтың басшысы Ермек Помашев өмір жолының біраз бөлігін бұрынғы «Большевик» колхозында еңбекпен өткізгенін айтады. Әкесі Омар Помашұлы аталған колхозда ширек ғасырға жуық уақыт жылқышы болып еңбек етсе, кейіннен әкенің еңбектегі жолын кенже ұлы Ермек жалғастырып, ол да 15 жылға жуық ұжымшардың жылқысын бағып, оны көбейтуге атсалысқан еңбексүйгіш жандардың бірі. Отбасында отанасы Зүбира апай екеуі бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Отағасы шаруашылық ісімен айналысса, отанасы ауылдағы бөбекжай-балабақшада аспаз болып жұмыс істейді.
-Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиеленгенбіз. Әкем де, анам да еңбектің адамдары болатын. Біз де сол кісілердің өнегесін алып, еңбекпен өскен ұрпақпыз. Ағам екеуміз де колхозда ұзақ жыл еңбек еттік. Қазір осыны өз балаларымыздың бойына сіңірудеміз. Жыл он екі ай жұмыстан қол үзгіміз келмейді. Жастар еңбекпен өссе дейміз. Әрбір ер азамат өз отбасын адал кәсіппен асыраса деген тілек бар,- дейді қосбөлтектік еңбекқор азамат Е.Помашев.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»