Basty bet

Аймақтағы әр азаматтың денсаулығы маңызды

Денсаулық – басты байлық. Сондықтан да ұлт денсаулығын нығайту мәселесін мемлекет те назардан тыс қалдырған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерде медициналық көмектің сапасын арттыруды денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі ретінде атап келеді. Президент жыл сайынғы халыққа Жолдауларында бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, басымдық беріп отыр.
Осы ретте, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауында: “Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды” деп атап өткені белгілі. Шындығында да халықтың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі.
Адам өмірін сақтап, әр адамның өмір сүру сапасын жақсартуға қолдан келгеннің бәрін жасау арқылы ұлт саулығын сақтауға денсаулық саласының мамандары үлкен үлес қосуда. Сол себепті де, қай кезде де медицина қызметкерлеріне деген сұраныс жоғары.

Осы ретте, аудандық аурухана мен емханада қызмет ететіндер қатары қалың. Соның ішінде емханада жалпы тәжірибелі дәрігерлер жан-жақты ізденіп, тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында еңбек етуде. Дәрігерлермен бірге, мейірбикелер де тұрғындармен тығыз байланыс ортанып, олардың уақтылы медициналық тексеруден өтуіне күш салуда.
Аудандық емханадағы №21 аймаққа жалпы тәжірибелі дәрігер Фатима Абубакирова жауапты. Жалпы, аймақтық дәрігер тұрғындардың денсаулығын бақылап, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда арнайы мамандарға бағыттап, созылмалы ауруларды қадағалап, ем тағайындайды. Міне, осындай медициналық қызметті күнделікті дәрігер Фатима Талғатқызы үздіксіз атқарып келеді. Онымен бірге, мейірбикелер Ғалия Кайпова мен Света Түрікпенбаева да жауапты аймақтың тұрғындарының денсаулығының сапасын арттыруға еңбек етуде.
Аймақтық дәрігер – тек дәрігер ғана емес, ол біздің денсаулық кеңесшіміз. Осы мақсатта ауыл тұрғындарымен Whatsapp әлеуметтік желісінде “21 аймақ тұрғындары” атауымен чат ашылған. Мұнда тұрғындар күнделікті балалардың және өздерінің жағдайларын хабарлап отырады. Медицина қызметкерлері де жұмысқа кіріскеннен бастап жауапты аймақтың тұрғындарының жағдайларын сұрастырады. Мейірбикелер Ғалия Кайпова мен Света Түрікпенбаева аймаққа тіркелген тұрғындарды профилактикалық және скринингтік тексерістен өтуге, уақтылы жоспарлы екпе алуға шақырады.
Фатима Талғатқызы аймақтық дәрігер ретінде 1598 адамға қызмет көрсетеді. Оның барлығы damu.med медициналық ақпараттық жүйесіне тіркелген. Дәрігердің айтуынша, тіркеуге алынған тұрғындардың ішінде бір жасқа дейін 24 және 1-15 жас аралығындағы 480 бала, 16 жүкті әйел бар. Биыл 24 нәресте дүниеге келген.
Тұрғындар жүрек-қантамыр жүйесі аурулары, қант диабеті, өкпенің созылмалы аурулары және тірек-буын жүйесі, ұстама, онкология, бронх демікпесі ауруларымен есепке алынған. Олар ҚР ӨСМ №75 бұйрығына сәйкес жекелеген аурулардың ауру сатысына қарай тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Дәрігердің айтуынша, соңғы кездері онкология, оның ішінде жатыр мойнының обыры, қант диабеті, өкпенің созылмалы аурулары көбейген. Оған себеп, адамдардың дұрыс тамақтанбауы, артық салмақ, дененің аз қозғалысы, күйзеліс және уақтылы дәрігерлік тексерістен өтпеуі.
-Денсаулық сақтау саласы – өте күрделі әрі жауапты мамандық. Бұл салаға бет бұрғандарға үлкен жүрек пен махаббат керек. Себебі, әр адамның тағдыры дәрігердің қолында, шалт басқан қадамы қателікке әкелуі әбден мүмкін. Сол себептен әр науқастың жағдайын сезініп, ауруын дөп баса білуі керек.
Бізге тұрғындар күнделікті әртүрлі себептермен келеді. Олар алдын ала тіркеліп, қабылдауға жазылады. Біз бірінші кезекте, алдымызға келген адамды не мазалап отырғанына мән береміз. Оларды тыңдап, сұрақтар қою арқылы оның жағдайын түсінуге тырысамыз. Қажет болған жағдайда өзге дәрігерлерге жолдаймыз. Әрбір адамның сұрағы мен олардың денсаулығы біз үшін маңызды.
Әркім өз денсаулығына өзі жауапты. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағанда ғана, аурудың алдын алуға болады. Сондықтан, біз, дәрігерлер, науқастарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды, дәрігерлердің барлық ұсыныстарын орындауды, денсаулығына зиян келтірмейтін өмір салтын ұстанып, денсаулығын күтуге шақырғымыз келеді.
Балалардың да денсаулығына бей-жай қарамай, олардың уақтылы жоспарлы салынатын екпені салдыруды ұмытпаған жөн. Қазіргі таңда көп ата-аналар балаларына жоспарлы салынатын екпеден бас тартып жатады. Олармен де түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Бұл екпелер арқылы балада түрлі ауруларға қарсы иммунитет пайда болады. Әлеуметтік желідегі түрлі алып-қашпа әңгімелердің көптігіне қарап, ата-аналарда екпе туралы теріс пікір қалыптасқан. Ал, оның зияны ертеңгі күні балаға тиеді, – дейді аймақтық дәрігер Фатима Талғатқызы.
Сұхбат барысында, дәрігер тұрғындарды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырды. Дәрігерлердің сөзіне құлақ салып, уақтылы медициналық профилактикалық және скринингтік тексеруден өту мен саламатты өмір салтын ұстанудың өзі адам денсаулығының сапасының арттуына себепші болмақ екенін атап өтті. Адам жылына бір рет өзінің денсаулығына мән беріп, дәрігердің нұсқаулығымен қан талдамаларын тапсыруы керек. Жалпы тексерістен өтіп, флюография, мамографиядан өтуі тиіс. Сонымен қатар, дәрігер жатыр мойны ісігіне қарсы талдамаларды тапсыру және тоқ ішек қатерлі ісігіне тесттен өту де маңызды екенін жеткізді. Зиянды әдеттерден бас тартып, спортпен айналысу адам өмірінің ұзақтығына оң әсер ететінін де тілге тиек етті. Дәрігер тұрғындарды таза ауада жиі серуендеп, денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру маңызды екенін де жеткізді.
Айгүл Аманқұл,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close