Basty bet
Өр мінезді өрт сөндіруші
Әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші. Нағыз ер-азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Әке жолын жалғап, бүгінде өрт сөндіру саласында белсенді қызмет атқарып жүрген маманның бірі – Қуаныш Әбдімәлікұлын көзі қарақты оқырманға таныстыруды жөн көрдік.
Ауданға қарасты №7 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушы қызметін атқаратын Қуаныш Әбділдаев бейбіт күннің батырларының қатарына жатқызуға болады. Онымен әңгімелесу барысында қызметтік міндетін атқару кезінде бастан кешкен оқиғаларын естіп, «Қазақтың батыр оғландары осындай болуы керек» деген ой түйдік.
Кейіпкеріміз ауданға қарасты Диқан ауылының тумасы. 1993 жылы Мыңбұлақ орта мектебінде 9 сыныпқа дейін оқып, №16 Жуалы колледжінде білімін жалғастырады. Аталған оқу орнын аяқтап, «тракторист-машинист» мамандығы бойынша бітіріп шығады. 1998-2000 жыл аралығында Ақмола облысы Атбасар қаласында ішкі істер бөлімінде Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден келгеннен кейін Алматы қаласындағы құрылыс мекемесінде құрылысшы болып еңбек етеді. 2003 жылдан бастап, аудандағы №7 өрт сөндіру бөліміне жұмысқа қабылданады. Тәжірибе жинақтайды, мамандар кеңесіне құлақ түріп, өз ісінің шебері атанады. Осы уақыттан бастап қызыл жалынмен бетпе-бет келіп, талай жанның құтқарушысына айналды.
– Құтқару қызметінің әр күні қатерге толы. Соған қарамастан жұмысым өзіме қатты ұнайды. Кейде шақыртулар түскен кезде бойды үрей билейтіні рас. Алайда біздің салада қорқақтыққа орын жоқ. Әр күн сайын үйде анам мен жұбайым амандығымды тілеп отырады. Солардың батасы да күш сыйлайтын болуы керек, өзіме сенімді түрде қызметіме кірісемін. Ең бастысы орын алған жағдайға қай уақыт, қандай жерде болсын сақадай сай дайын тұру азаматтық борышымыз екенін ұмытпаймыз. Осындай қауіп-қатерге толы, жауапты мамандықты таңдауыма әкем себепкер болды, – дейді тәжірбиелі құтқарушы.
Әкесі Әбілдаев Әбдімәлік 1979 жылдан бастап, 2010 жылға дейін өрт сөндіруші болып еңбек еткен. Әке жолын жалғап, бүгінде өрт сөндіру саласында белсенді қызмет атқарып жүрген ағалы-інілі қос бауырлар Қуаныш пен Ерлан Әбілдаевтар 20 жылға жуық аталған сала да абыройлы еңбек етіп келеді. Әкесінің сенімін ақтап, жолын жалғап ел игілігі жолында қызмет етіп жүрген ұлдарын анасы мақтан етеді.
Қазіргі таңда Қуаныш сүйікті жары Назира Ермекбаева екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасының бірі. Қауіпі мол болса да қызметіне жанымен берілген маман өз таңдауына ешқашан өкінбейтінін жеткізді. Адамдарға көмектесу, оларды құтқару, ел алғысын алу бақыт деп есептейді.
Иә, өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Осындай батыр ұлдармен ата-аналары мақтанса, мұндай ержүрек азаматтарды кішкентай балалары да мақтаныш санайды. Қуаныш Әбдімәлікұлы жұмыс барысындағы ерлікті оқиғасын да әңгімелеп берді.
-2009 жылдар шамасында Жібек жолының бойындағы жанармай құю бекетінен өрт шықты. Жанармай таситын автокөлік жүргізушісі жанармай құю бекетінде жарылысты болдырмау үшін, өз өмірін қауіп-қатерге тіге отырып, өртті дер кезінде ауыздықтандырады. Сонымен қатар 2017 жылы 20 ақпанда аудандағы базарда орналасқан «Қаракөз» мейрамханасынан шыққан өрт. Ұйымшыл ұжымның еңбегінің арқасында өрт толық сөндірілді. Соның арқасында өрттен зардап шегушілер болмаған. Басын қатерге тіккен өрт сөндірушілердің сол кездегі іс-әрекеті мен еңбегі бірдей. Ұжымдағы жігіттер үлкен көлемді өртті дәл ортадан бөліп су шашып өшіргендігі көзсіз батырлық. Өз өмірін қатерге тігіп, өрттің жалынынан арашалап қалған өрт сөндіруші жергілікті тұрғындар үшін нағыз батырға айналған.
Иә, қиындығы көбірек болатын өрт сөндіруші қызметкерлерін қалай мадақтасақ та жарасады.
Қызметіне адалдығы, жұмыс барысында міндетін жетік орындап, қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін 2013 жылы аудандық мәслихаттың Алғысхатымен, 2018 жылы ҚР «Өрт күзетіне 100 жыл» медалімен, 2016 жылы Авиация генерал-майор Талғат Бигелдиновтің медалімен, ІІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталады.
Өз ісіне адал, елі үшін қызметін абыройлы міндет санайтын өрт сөндіру саласын ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан Әбілдаевтар династиясы келер ұрпаққа үлгі болары анық.
Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын!» деген әдемі тілек бар. Бұл – «өрт болмасын» деген сөз. Лайым солай болсын!