Basty bet

Жас сарбаздар ант қабылдады

Әрбір азамат үшін Отан алдындағы әскери борышын өтеу – абыройлы міндет. Біздің халық ежелден Отан үшін төккен тердің бағасын бағамдай білген. Оның ішінде, қастерлі Отан-Ананы қорғау ең асқақ парыз, абыройлы міндет екенін жас сарбаздар да жақсы біледі. Ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа адал болу, ел басына күн туса, оны ақтық демің қалғанша қорғау, қажет болса, жан қию деген сөз. Осылайша, ант қабылдаған сарбаз – ұлан-ғайыр жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жаужүрек ата-бабалардың ерлік жолын жалғастырушыға, елдің қорғанына, сенім арқалаған азаматқа айналады.

Өткен сенбі күні «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты 91678 әскери бөлімінің таулы-егерлік полкінде әскери борышын өтеуге келген 100 сарбаз салтанатты түрде ант қабылдады. Отан үшін отқа түсер азаматтардың өміріндегі осындай жауапты қадам жасау шарасына әскери бөлімнің қызметкерлері, аудан әкімінің орынбасары және ант қабылдаушы жас сарбаздардың ата-аналары қатысты. Одан бөлек, жиынға Ауған соғысының ардагерлері де келді.
Әскери бөлімнің жеке құрамы мен жас сарбаздар саптық алаңда сапқа тұрғызылғаннан кейін бөлімнің Жауынгерлік туы ортаға енгізілді. Әрі қарай сөз кезегі әскери бөлімнің командирі, подполковник А.Отыншыновқа берілді. Ол әскери тілде жас сарбаздармен сәлемдесіп, оларды әскери ант қабылдау рәсімімен құттықтады.
– Бүгін Сіздер әскери ант қабылдай отырып, туған Отанымыз – Қазақстан Республикасының халқына және оның заңды сайланған Президентіне адал қызмет етуге серт бересіңдер. Бұл – сендердің өмірлеріңде ерекше есте қалар сәт әрі ер еншісі – ел қорғауға басқан қадамдарың. Қасиетті антқа адал болыңдар. Отан алдыңдағы борыштарыңды жоғары деңгейде атқарыңдар. Отбасыларың сендерді мақтан тұтады,- деді ол.
Жауынгерлер қатарын еліміздің түкпір-түкпірінен әскерге алынған жас сарбаздар құрады. Сондай ыждағатты дайындықтың жемісін алаңға жиналған көпшіліктің жауынгерлерге деген ерекше ықыласынан аңғаруға болады. Жауынгерлік ту салтанатты түрде сап түзеген сарбаздардың ортасына әкелінген соң шараның шымылдығы түріліп, жауынгерлер ант қабылдауға кірісті. Рота және взвод командирлері әскери ант қабылдаушыларды кезекпен саптан шақырды.
Әскери ант қабылдау рәсімі аяқталғаннан кейін кезек құттықтауларға берілді. Алғаш болып сөз кезегі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Әділхан Уразгуловқа берілді. Ол ант қабылдаған жас сарбаздарға Отанды қорғау ер азаматтың қасиетті борышы екенін айтып, ант қабылдаған сарбаздарға елдің патриоты болып, халқымызға мүлтіксіз қызмет етіңіздер деген тілегін жеткізді.
Әрі қарай құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова мен Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Ерғали Тілеубековке берілді. Олар жаңадан ант қабылдаған жас сарбаздарға Отан алдыңдағы борыштарын мүлтіксіз орындауға, осы өлкеден шыққан генералдар сияқты болашақта жоғарыдан көрінуге тілектес екендерін айтты.
Құттықтау сөз кезегі жас сарбаздардың ата-аналары атынан Айжан Қыдырбаеваға берілді. Ал жас сарбаздардың атынан сөйлеген Алтынбек Сапарбекұлы мен Темірлан Қабдуалиев берген анттарына адал болып, Отаны мен халқының үмітін ақтайтынына сендірді.
Ұлдарының ант қабылдау рәсіміне ата-аналар Астана қаласы, Жетісу, Түркістан облыстарымен қатар Талдықорған, Жетісай, Шардара қалаларынан келген.
-Мен Қызылорда облысының Қазалы ауданынан келдім. Ұлым Алтынбек осы әскери бөлімге түсті. Ұлымды көрмегелі бір айдың ішінде балам есейіп қалғандай. Баяғы балалықтың барлығы арта қалыпты. Оның сарбаз болғанын көріп, ант қабылдағанына іштей риза болып тұрмын. Барлық жас сарбаздарға аман-есен әскери борыштарын өтеп, отбасыларымен қауышуларына тілектеспін,- деді Ғалия Ермекбаева.
Әрі қарай біз әңгімеге жас сарбаз Алтынбек Сүлеевті тарттық.
-Осы әскери бөлімге келгеніме бір айдай уақыт болды. Бір айдың ішінде әскери өмір мені тазалыққа, тәртіпке, Отанға адал болуға үйретті. Бұл жерден мен жаңа орта, жаңа достар таптым.
Мен тау атқыштар ротасына түстім. Ротада 35 бала бар. Барлығымыз бір отбасының балаларындай болып кеттік,- деді жас сарбаз Алтынбек.
Жас сарбаздың мектеп қабырғасында жүргеннен бастап өлең шығаратын қасиеті бар екен. Өзі Көкшетау қаласындағы педагогикалық колледжде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығымен білім алған.
Әрі қарай іс-шара қоян-қолтық күрестің элементтерін, қаруды қолдану арқылы саптық әдістерді көрсетіп, салтанатты шерумен жалғасты.
Жас сарбаздар ант қабылдау рәсімінен кейін күні бойы ата-аналарының жанында болып, сейілдеуге мүмкіндік алды.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close