Basty bet

Табиғатты қорғау – болашақ алдындағы абыройлы іс

Қазақстан Республикасы тұрақты дамудың жаңа жолына түскен кезеңде жас ұрпақты ізгілікке, эстетикаға, отансүйгіштікке баулитын экологиялық білім мен тәрбие берудің маңызы да тиісінше арта түсуде. Себебі, «Табиғат – Қоғам – Адам» жүйесіндегі қарым-қатынастардың шиеленісе түсуі жылдан-жылға күшейіп, экологиялық зардаптардың тіршілікке қауіп төндіріп отырғаны жасырын емес. Бұлай жалғаса беретін болса, жер бетінде экологиялық тепе-теңдік жойылып, түрлі табиғи апаттардың орын алатынын қазірден бастап түсінгеніміз жөн. Мұндай табиғи апаттар әлем елдерінде қазірдің өзінде орын алуда. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ емес…
Бірақ, қоғам дамуының қазіргі сатысында адамзат табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, онымен өзара үйлесімділікте өмір сүру керек екендігін жақсы біледі. Дегенмен, бұл жағдайда өскелең ұрпақтың экологиялық білімі, тәрбие мәселесі маңызды рөлге ие екені белгілі. Әрбір адам өзін табиғаттың бір бөлшегі деп тануы, сонымен бірге, табиғаттағы тіршілік иелеріне деген жанашырлық сезімдерін ояту мен қалыптастыру, жас ұрпақтың қоршаған ортаға саналы көзқарасын қалыптастыру арқылы жан-жақты тәлім-тәрбие беру, табиғатпен таныстыру – балалардың танымын дамытудың басты құралдарының бірі.
Экологияны жақсарту, қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына табиғатты қорғауға тиісті мекемелер, күзет инспекторларымен қатар, қарапайым тұрғындар да атсалысуы маңызды. Өйткені, қоршаған ортаның амандығы – бәрімізге ортақ мәселе.
Ал таудағы тұмса табиғаттың орны тіптен бөлек. Әйгілі батыс Тянь-Шань тауының бір сілемі саналатын Алатаудың бауырында орын тепкен табиғи қорықтың аумағын негізінен айнала биік таулар мен алып шоқылар қоршап жатыр. Ондағы табиғат та өз алдына бір сұлу әлем. Саф таза ауа. Бастауын әйгілі Тәңіртаудың ұшар басындағы мұздықтардан алып, төменге қарай құлдилай ағып, тастан тасқа соғылып, ақ көбігін аспанға шашқан асау өзеннің суы қандай сұп-суық десеңші?! Сонысына қарамай өте мөлдір. Тастан тасқа соғылып ағып жатқан су табиғи сүзгіден өтеді дейді. Сондықтан ішуге әбден жарамды. Айтпақшы, Көксай мен Ақсай өзендерінің тастай, суық суының адам денсаулығына емдік қасиеті туралы да үлкендер жиі айтады. Өзен суына бір түсіп шықсаңыз, керемет сергіп қалатыныңыз анық. Бұл суға жаздың шілде айында түскен адамға мың да бір ем болады дейді.
Иә, Көксай аңғары өте көркем жер. Жуалының інжу-маржаны десе де болатындай. Өйткені, мұнда жануарлар дүниесі мен өсімдіктердің неше алуан түрлері кездеседі. Қорықтың 5 875 гектар аумағы Көксай аңғарында орналасқан. «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының Жуалы ауданындағы №13 Көксай кардоны мен Жуалы жануарлар дүниесін қорғау және орман шаруашылығы мекемесіне қарасты аумақтың арасын Көксай өзені бөліп жатыр. Ақ көбігі аспанға шапшып, долданып ағып жатқан өзеннің екі беті де биік тау. Тау беткейлерінде өсімдіктер мен ағаштар сыңсып тұр. Сайдың іші де сыңсыған ағаш. Арасында сәмбі тал, т.б. ағаштармен қатар аққайың ағашы көптеп кездеседі екен. Әсіресе, өзеннің көлеңке жақ бетінде арша ағаштары өте көп. Арасында ұшқат та кездеседі.
– Жалпы Көксай аңғарында өсімдіктер дүниесінің 2 000-нан астам түрі белгілі. Атап айтсақ, аққайың, Тянь-Шань аршасы, аршаның тағы басқа көптеген түрлері бар. Ұшқаттың екі түрі кездеседі. Өсімдіктер дүниесінен қырықбуын қылша (эфедра), ақ шырыш, теңіз деңгейінен 2 500 метр биіктікте «Исландский мох» деп аталатын сирек кездесетін дәрілік өсімдік өседі. Жабайы долана, алтын тамыр, ақ барпы, қара барпы (дәрілік өсімдіктер) кездеседі.
Көксай аңғары, жалпы қорықтың аумағы жануарлар дүниесіне де өте бай. Мысалы, жыртқыш аңдардан Қазақстанның Қызыл Кітабына енгізілген Тянь-Шань қоңыр аюы, ақ тырнақты аю деп аталатын екі түрі, қар барысы, қасқыр, түлкі, борсық бар. Одан бөлек, Сібір таутекесі, елік, қабан, марал, тағы басқа аңдар бар. Аңдарға жылына екі мәрте санақ жүргізіліп тұрады. Қазіргі таңда олардың өсу процесі қалыпты. Жылдан жылға көбейіп келеді деуге болады,- дейді табиғат жанашыры, қорықтың мемлекеттік күзет инспекторы Тұрысбек Әлімбеков.
«Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының Жуалы ауданындағы тағы бір бөлігі Алатауға жақын Т.Дүйсебайұлы ауылының жоғары тау жақ беткейінде орналасқан. 4 327 гектарды алып жатқан бұл аумақ қорықтың Майдамтал айналымының Текеқамал бөлімшесіне тиесілі. Тиісінше, бұл аумақ та мемлекет тарапынан ерекше қорғауға алынған.
Мұнда да Сібір тауешкісі, марал, қабан, Тянь-Шань арқары, қар барысы, аюдың Тянь-Шань қоңыр аюы мен ақ тырнақты деп аталатын екі түрі кездеседі екен. Жыртқыш аңдардан сілеусін, қасқыр, түлкі, т.б. кездеседі. Ал сирек кездесетін өсімдіктер түріне келсек, мұнда Түркістан аршасы, Грейг қызғалдағы, Түркістан доланасы, Сібір жабайы алмасы, ақ қайың, дәрілік өсімдіктерден алтын тамыр, көкемарал, итмұрын, бөріқарақат өседі. Жалпы мұнда өсімдіктер дүниесінің 48 түрі бар. Қорық аумағында 32 шағын көл, тау басында 114 мұздық бар. Бұл да әрине, Жаратқанның адамдарға берген нығметі мен табиғаттың байлығы.
Мұндағы күзет жұмыстарын 2016 жылдан бері Т.Дүйсебайұлы ауылының жергілікті азаматы, мемлекеттік күзет инспекторы Мұрат Тілеубаев мінсіз атқарып келеді. Олай дейтініміз, күзет инспекторының осында қызмет атқарған жылдары қорықтың «Текеқамал» бөлімшесінде табиғат қорғауға байланысты ешқандай заң бұзушылық орын алмаған. Біз мұны оның өзіне тиесілі қорық аумағын тәулік бойы күзеткенінің нәтижесі деп санаймыз. Әйтпесе, осынша аумақтағы тұмса табиғатты сақтап қала алмайтынымыз анық. Жануарлар мен өсімдіктердің, құстардың сирек түрлері тек осындай аумақтарда ғана кездесетіндіктен, әрбір күзет инспекторы табиғатты сақтап қалуға деген жауапкершілік жүгін терең сезінгендері абзал.
Мемлекеттік күзет инспекторы Мұрат Тілеубаев жыл он екі ай бойы қорық аумағындағы тұмса табиғатты қорғаумен қатар, ауыл жастарының бойына да экологиялық тәрбиені және қоршаған ортаға деген жанашырлықты сіңіріп бағуда. Өзі осы өңірдің тумасы болғандықтан, оған қорық аумағындағы әрбір сай мен бұталар, тіпті, тастар да жақсы таныс. Табиғат жанашыры Мұрат ағаларына еліктеген жекелеген ауыл жастары мектепті бітірген соң жоғары оқу орындарында табиғат және қоршаған ортаны қорғау, экология мамандықтарымен білім алуда. Оның ішінде, оқу орындарын бітіріп, еліміздің ұлттық, табиғи саябақтарында, қорықтарда жауапты жұмыс атқарып жатқандары да аз емес. Табиғат жанашыры Мұрат Әнуарбекұлы, жастар арасында мұндай жақсы үрдістің қалыптасып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
Иә, жалпы Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі табиғи популяцияны сақтап, ондағы аңдар мен құстар, жануарлар дүниесін қорғап, экологиялық әркелкілікті сақтап, қорықтардың ішіндегі жемісті жұмыс істеп отырғаны да осы – «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының қорықшылары. Тұмса табиғаттың да осы өңірде екенін ескерсек, ондағы орасан табиғат байлығын сақтап қалу – біздің міндетіміз әрі болашақ ұрпақтың алдындағы парыз!
Табиғатты сүю, оны қорғау – болашақтың алдындағы абыройлы іс. Бұл үшін Жер-Анаға деген адамдардың жанашырлығы ауадай қажет-ақ. Бұл ретте бүгіннен бастап өскелең ұрпақтың бойына экологиялық тәрбиені терең сіңіру – қоғамның алдында тұрған маңызды міндет!

Сандуғаш СМАЙЛ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің
конвергентті журналистика мамандығының 1-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close