Basty bet
Ұлттық құндылықтар ұялаған ұлағатты жанұя
Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Аудандық басылымның бетінде қасиетті өңірдегі елге сыйлы, үлгілі отбасыларды жұртшылыққа таныстыруды дәстүрге айналдырып келеміз. Бұл жолғы кейіпкерлеріміз ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен, туған-туыс, көрші-қолаң арасындағы сыйластығымен, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі болған шыңбұлақтық шырайлы шаңырақтың бірі – Абдуалиевтер әулеті. Мақаламыз қоғамда өз орны бар азаматтардан құралған өнегелі отбасы жайында болмақ…
«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген аталы сөз текке айтылмаса керек-ті. Осындай жанның бірі көкірегі даңғыл, көңілі дария қадірлі қария – Қырықбай Абдуалиев шаңырағының саялы бәйтерегі. Өмірден көргені мен түйгенін ұлдарына және немерелеріне үйретіп, оны ұрпағына ұлағат етуде.
– Отағасы Қырықбай Абдуалиев екеуміз 1979 жылы шаңырақ көтердік. Онда екеуміз де жаспыз. Өзім Шақпақ ауылдық округіндегі «Шақпақ» теміржол станциясында дүниеге келіп, бұрынғы Жамбыл педагогикалық училищесінен «Орыс тілі» мамандығының мұғалімі мамандығын игеріп шықтым.
Бүгінде бір әулеттің саялы бәйтерегіне айналған отағасы ауылдағы орта мектепті бітірген соң 1976 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын Украина жерінде өтейді. Әскерден келген соң автомектепті бітіріп бұрынғы М.Горкий колхозында жүргізуші болып алғашқы еңбек жолын бастап, одан кейін өз алдына мал шаруашылығымен айналысқан. Мектепте 11 жыл оқушы тасмалдайтын автобусты жүргізгенін де айтқым келеді. 2011 жылдан бері өзіміз тұратын Шыңбұлақ ауылдық мешітінде имам болып қызмет етумен бірге, зейнетке шыққаннан кейінгі жылдары ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласып келеді,- дейді отанасы Несіпкүл апай.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған бұл отбасында әрбір күн текке өтпейді. Шаңырақтың ұйытқысы, ардагер ұстаз, ұлағатты жан Несіпкүл Абдуалиева қолы қалт ете қалса, немерелеріне өткен күндерден әсерлі естелік айтып, тағылымы мол ғибратты әңгімелерден сыр шертеді. Көпбалалы отбасына 1979 жылы келін болып түскен ол ата-ененің өнегелі тәрбиесін көргенін айтады. Несіпкүл Құзарбайқызының сөзінше, қайын атасы Ұлы Отан соғысының ардагері, мінезі өте қатал, тәртіпті талап етіп отыратын, ақылды әрі шыншыл адам болған екен. Ал, енесі келінін жастайынан еңбекке баулып, үй шаруасының жұмыстарына және үйге қонақ келгенде жылы жүзбен қарсы алуға үйреткен.
Несіпкүл Құзарбайқызы ауылдағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепке орыс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Жұмыс істей жүріп үй шаруасына да, мектептің жұмысына да үлгеріп, бала тәрбиесіне де жете көңіл бөледі.
– Өз мамандығымды сүйіп істегеннен кейін бе, әйтеуір мектепте оқушыларға да, үйдегі балаларға да дауыс көтеріп, ұрсып көрген кісі емеспін. Менің түсінігімше, балаларды жиі мақтау керек. Сонда балалардың өзіне деген сенімділігі артып, ақыл-парасаты дами түседі. Мұғалім – жан-жақты ізденімпаз әрі өте білімді болуға тиісті. Білімді болу – бәрінен бұрын адам болуға жетелейтін қасиет,- дейді ол.
Өзі таңдаған мамандықты жан-тәнімен жақсы көріп, оған беріліп қызмет атқарғанының нәтижесінде ол 1979 жылдан мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болумен қатар директор қызметіне дейін көтеріліп, зейнеткерлікке шыққан Несіпкүл апай немерелерін үнемі кітап оқуға тәрбиелейтінін айтады.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана – отбасының ұйтқысы, жылуы, алтын қазығы. Ұлағатты жандар Қырықбай мен Несіпкүл Абдуалиевтар отбасында төрт ұлды тәрбиелеп, бүгінгі таңда олардан 12 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Тұңғыш ұлы Бекбосын мал шаруашылығымен айналысса, келіншегі Назгүл педагог, балабақшада жұмыс атқарады. Екінші ұлы Ерболсын техника саласында жұмыс жасаса, келіншегі Әлия жеке мектепте директордың орынбасары. Үшінші ұлы Бақтияр құрылыс саласында, ал келіншегі Әлия Тараз қаласындағы «Болашақ» колледжінде директордың орынбасары. Ал кенже ұлы Медет анасының жолын қуып мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ал келіні Сания ауылдық клубта ұйымдастырушы болып жұмыс істейді.
– Атам мен енем балаларына осы уақытқа дейін қабағын шытып, ауыр сөз айтып көрмеген. Олар бәрін ақыл-парасатпен шешіп, түсіндіруді жөн санайды. Өз таңдауларына ерік берді. Содан болар, балаларының барлығы өз салаларының үздігі,- дейді қолындағы келіні Сания.
Отбасы – жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы. Әрбір үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарасты, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғары үлгілерін сіңіретін де отбасы.
Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге де болсын үлгі. Мереке сайын барлық немерелер ауылдағы қара шаңыраққа жиналып, ата-әжелеріне қонаққа келеді. Отбасы толық жиналғанда үй-іші думанға толатыны анық. Ынтымағы жарасқан шыңбұлақтық Абдуалиевтар отбасының өнегесі мол деп біз де сеніммен айта аламыз!
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»