Basty bet
ӘМСҚ ӨКІЛДЕРІ МЕРКІ АУДАНДЫҚ КӨПБЕЙІНДІ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында зейнетақы және өзге де аударымдардың кешіктірілуіне байланысты ұжыммен кездесу өтті. ӘМСҚ өкілдері Қор тарапынан медициналық қызметтер үшін төлемдер уақытылы жүргізілетінін және еңбек қатынастарына араласуға құқығы жоқ екенін түсіндірді.
ҚР Денсаулық сақтау министрі және ӘМСҚ Басқарма төрағасының тапсырмасымен Қордың орталық аппараты өкілдерінен құралған делегация Меркі аудандық ауруханасына барды. Медициналық мекеме ұжымымен өткен кездесуге облыстық денсаулық сақтау басқармасының және аудан әкімдігінің өкілдері қатысты.
Меркі ауданы әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан орталық аудандық ауруханасындағы жағдай туралы баяндады. Ол медициналық ұйым ішіндегі қаражатты жоспарлау мен басқаруға, яғни менеджментке қатысты сұрақтар туындап отырғанын алға тартты.
Ал аурухана басшысының міндетін атқарушы Әнел Мухаева ӘМСҚ тарапынан төлемдер уақытылы түсіп отырғанын, бұл қаражат ең алдымен ұжымға еңбекақы төлеуге жұмсалғанын айтты. Оның айтуынша, жалақы заңда белгіленген мерзімде – келесі айдың 10-ына дейін төленіп келген. Ал зейнетақы аударымдарына келсек, 2024 жылдың қазан-желтоқсан айларына арналған төлемдер 2025 жылдың қаңтарында жүзеге асырылған.
Жамбыл облысы бойынша филиал директоры Ғайни Аймағанбетованың мәліметінше, 2024 жылы Қор мен Меркі көпбейінді ауруханасы арасында жалпы сомасы 5,15 млрд теңгеге медициналық қызметтерді сатып алу жөнінде келісімшарт жасасты. Өткен жылдың желтоқсанында Қор өз міндеттемелерін толық орындаған.
«2025 жылға 4,69 млрд теңгеге келісімшарт жасалды. Оның ішінде 1,3 млрд теңгеден астамы төленіп үлгерді: қаңтарда 675 млн теңге аванс берілді, наурызда тағы 327 млн теңге, ал сәуірде 335 млн теңге аударылды. Сондықтан айта кетейік, жалақыны, зейнетақы және басқа да міндетті аударымдарды төлеуге арналған қаражат Қор тарапынан толық көлемде медициналық мекемелерге, соның ішінде сіздің ауруханаға да аударылады», – деді ӘМСҚ өңірлік филиалының директоры.
Сондай-ақ кездесу барысында ӘМСҚ өкілдері медицина қызметкерлеріне қордың немен айналысатыны жайлы, атап айтар болсақ: қаржыландыру кезеңдері, жарналар мен аударымдарды жинақтау, медициналық қызметтерді сатып алу және ақы төлеу бойынша кеңінен баяндады.
Бұдан бөлек, қаржыландыру процесінің ашықтығы мен бақылауын арттыру, оның ішінде жалақы мен әлеуметтік төлемдердің уақтылы төленуін қадағалау мақсатында Қор филиалы пилоттық жоба аясында Меркі аудандық ауруханасының «1С бухгалтерия» ақпараттық жүйесіне интеграциялау жұмыстарын бастады. Бұл шара медицина қызметкерлеріне еңбекақы мен тиісті әлеуметтік төлемдердің уақтылы төленуін бақылауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық қауымдастықпен әрдайым ашық әрі сындарлы диалог орнатуға дайын.