Basty bet

Сіздерге тағзым, мың алғыс!

Асырып даңқын елдіктің,
От кешкен ардагерлерім.
Үлгісі болған ерліктің,
Жаужүрек батыр, ерлерім.

Жатыр ғой сайрап іздерің,
Қаһарлы жылдар көшінде.
Сұрапыл соғыс ызғары,
Елімнің мәңгі есінде…

Арқаларыңда сендердің,
Біз соғысты көрмедік.
Батырлығынан ерлердің,
Биікке шықтық, өрледік.

Отан қорғау жолында,
Талайың құрбан болдыңдар.
Ерлігің елдің жадында,
Ұмытылмай қалдыңдар.

Сол жылдарда қалмапты,
Шайқалмаған шаңырақ.
Сұм соғыс бәрін жалмапты,
Аналар қалды аңырап…

Сол сұрапыл жылдарда,
Төзгенсің небір сындарға.
Жас балалар мен аналар,
Еңбек еткен тылдарда.

Ыза-кек жанын қинаған,
Оқ пен оттың ызғары.
Жақындарын қимаған,
Жаралы жүрек сыздады.

Көбі іс-түссіз жоғалған,
Ұрлатып жастығын тоналған.
Бірі аяғын беріп, бірі қолын,
Мүгедек боп елге оралған…

Сіздерге тағзым, мың алғыс,
Отанын сүйген Ерлерім.
Бас иіп өтер мәңгі елің,
Ерлік істеріңе сендердің.

Бейбіт өмір сыйлаған,
Тыныштық, бақыт көктегі.
Құтты болсын, Ұлы Жеңістің,
Сексенінші көктемі!!!

Әлия ЖАҚСЫБЕКОВА,
ардагер ұстаз, ардақты ана.
Көлтоған ауылы

Таңдаулы материалдар

Close