Basty bet

Дақыл ексең, арпа ек…

«Ренат» ШҚ-да жаздық арпаның элиталы сорттарынан мол өнімге қол жеткізілуде

Қазір шаруалар үшін қауырт кезең. Қыстың қамын жазда ойлайтын ауылдағы шаруақор ағайын малдың қыстық азығының және егін орағының қамымен тыным таппай, күндіз-түні еңбек ету үстінде. Сондай тығыз еңбек жағдайына қарамастан жергілікті шаруалар егін жинаудың қамымен бірге, газет тілшілеріне сұқбат беруге де уақыт табады…

Қасиетті өңірде егін орағы науқанының басталғанын өткен аптаның жұмасында жарық көрген газеттің нөмірінде хабарлағанымыздай, қазір негізінен жаздық арпаның алқаптарына орақ түсіп, науқан қызу жүру үстінде. Күні кеше ғана Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылында орналасқан «Ренат» шаруа қожалығының жұмысымен, ондағы арпа орағы науқанының барысымен танысып келдік.
Шаруашылық басшысы, іскер азамат Роберт Панштейл биыл 200 гектардан астам егістік алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарының егілгенін айтады. Оның ішінде, 50 гектарға жаздық арпаның «Бәйшешек» аталатын суперэлита сорты егілсе, 100 гектарға арпаның «Сымбат» жоғары репродукциялы элита сортының дәні сіңірілген екен. Жаздық арпаның жоғары сорттарының тұқымы негізінен Алматы облысындағы «КИЗ»-дан және Түркістан облысының Сарыағаш ауданында орналасқан «Красноводопад» тұқым шаруашылығы институттарынан сатып алыну үстінде.
Сапалы тұқымды еккен шаруалардың негізінен орақ кезінде мол өнімге қол жеткізіп жүргенін өзіміз де жұмыс барысында байқап жүрміз. Ауыл шаруашылығы ісінің жайын бес саусағындай жетік білетін шаруа азамат Р.Панштейл кейінгі жылдары иелігіндегі егістік алқаптарға негізінен жаздық арпаның жоғары репродукциялы тұқымдарын ауыспалы егістіктің әдіс-тәсілін мұқият сақтай отырып, егуге жұмыс істеу үстінде.
Соған қарай нәтиже де жаман емес. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде, кейінгі жылдары жаздық арпаның әр гектарынан 20 центнерге дейін өнім алуға қол жеткізіп отыр.
-Биылғы ауа райы да өңірдің ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде, масақты дәнді дақылдар еккен шаруаларға өте қолайлы болып отыр. Көктемгі дала жұмыстарын уақтылы аяқтап, тұқымды уақтылы егіп алғанбыз. Көктем мен жаздың алғашқы айлары жауынды болды. Соған сәйкес, жаздық арпаның басына дән байлауы да өте жақсы. Егін орағына кіріскенімізге бір аптаның көлемі болса да, арпадан алынып жатқан алғашқы түсім көңілден шығып отыр. Әр гектардан 18 центнерге дейін өнім жинаудамыз,- дейді шаруашылық басшысы.
Айтса айтқандай, Талапты ауылына барар автомобиль жолының үстіңгі бөлігіндегі бұрынғы Орақ-балға ауылының маңындағы егістік жерлердің барлығына жаздық арпа, ал кейбір тұсында мал азығына егілген жоңышқа алқабы гүлдеп тұр. Оның күншығыс бетінде алма бауы орналасқан. Біз барғанда шаруашылық алма баудың жанындағы шағын алқапқа орақ салған екен. Айта кету керек, мұнда жаздық арпаның «Сымбат» элита тұқымы егілген. Бұл тұқым басқа тұқымдарға қарағанда, сабақтарының сарғыштығымен ерекшеленеді. Басындағы дәндері де «Бәйшешекке» қарағанда сәл кішкентай. Соған қарамастан, мұның салмағы әдеттегіден ауырлау тартатынын айтады шаруа азамат.
Тәжірибелі механизаторлар – Самат Рахманқұлов пен Дінмұхамед Бекетов алқап басында комбайнның көмегімен жаздық арпаның дәнін бастырып, еңбектің көрігін қыздыру үстінде. Жұмыстың қалыпты жағдайда өтіп жатқаны байқалады. Механизатор Самат «Ренат» шаруа қожалығында 10 шақты жылдан бері тұрақты жұмыс істейтінін айтады. Жалпы шаруашылықта бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
-Қазір бұрынғы Орақ-балға ауылының маңында егілген егістік алқаптарды орып алу үстіндеміз. Бұл маңды орып біткеннен кейін Қайрат ауылының үстіңгі бөлігіндегі «Нанжердің» айналасындағы алқаптарға орақ саламыз. Комбайннан басқа техниканың барлығы бар. Тек қана дән жинайтын комбайнды таныс азаматтардан жалға алып жұмыс атқарудамыз. Егін орағы науқаны қалыпты жағдайда жүруде. Сәтін салса, орақты бір айдың көлемінде аяқтаймыз деген ойымыз бар,- дейді Роберт Панштейл.
Көлбастау ауылындағы алдыңғы қатарлы шаруашылық биыл жаздық арпа дақылымен қатар, 45 гектар алқапқа картоптың «Пикассо» деп аталатын голландиялық элиталы сортын да егіп, күтіп-баптау үстінде. Элиталы тұқымды олар аудандағы «Зылиха» тұқым шаруашылығынан сатып алғандарын айтады. Қазір картоп алқабында күтіп-баптау жұмыстары жүргізілу үстінде. Бұған дейін үш рет суғарылған. Қажетті минералды тыңайтқыштар да уақтылы берілуде. Жаңа тұқымды биыл алғаш еккен шаруашылық мүшелері күзгі жиын-терін науқаны кезінде алқаптан мол өнім жинаймыз деген үмітте.
Айта кету керек, істің жайын жақсы білетін еңбексүйгіш азамат Роберт Панштейл (ауыл-аймақтың тұрғындары оны көбінесе Равиль деп атайды) бұған дейін бұрынғы Ленин колхозында 20 жылдай механизатор болып жұмыс істеген. «Ренат» шаруа қожалығы 2000-шы жылдардың басында құрылып, аталған агроқұрылым өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісінде өнімді жұмысымен көзге түсіп отыр. Ол шаруашылықтың жұмысымен қатар, Мыңбұлақ ауылдық округінде құрылған «Орақ Балға-Мыңбұлақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысын да қоса жүргізіп жатқанын айтады. Аталған өндірістік кооперативте төрт дана доңғалақты трактор, онымен қоса, ауыл шаруашылығына қажетті тіркемелер, сондай-ақ, «КУН» әмбебап жүктиегіш, т.б. техникалардың барлығы бар. Ұжым мүшелері бүгінде 100 гектарға жуық егістік алқапты тиімді игеру үстінде.
Шаруашылықтың жұмысына қайта оралсақ, олар негізінен егістік алқаптарды агротехникалық шараларды сақтау арқылы ауыспалы тәсілмен игеру үстінде. Мысалы, биыл жаздық арпа дақылы егілген алқапқа келер жылы мақсары егіледі. Оның үстіне, биыл олар орылған арпаның сабанын алқапта қалдыру үстінде. Ол да күзде алқапты қайта өңдеу кезінде топыраққа араласып, жердің жұмсақ болуына өз септігін тигізбек. Бір сөзбен айтқанда, «Ренат» шаруа қожалығының жұмысы жүйелі. Оны біз науқан кезінде алқаптан алынып жатқан өнімнің молдығымен және шаруашылықта тұрақты жұмыс істейтін жұмысшы мамандардың көтеріңкі көңіл күйінен анық байқағандаймыз…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close