Basty bet
Әскер – шыңдалу мектебі
Әскер өмірі қашанда темірдей талапты қажет етеді. Бұл – өмірін осы саламен байланыстырған жандар үшін бұлжымайтын қағида. Әскер – өмір мектебі. Барып келгендердің пікірінше, азаматтың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, тәртіпке салатын, Отанына, отбасы мен туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігін арттыратын өмір мектебі.
Ауданымыздағы 91678 әскери бөлімінде бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеуде.
Мұнда әскери тәртіптің лебі байқалады. Оларға жүктелген міндет жеңіл емес екенін де аңғаруға болады. Сарбаздар үшін әрбір минут қымбат.
Жас жігіттерге әскери өмірдің берері мол. Мұнда тәртіп арқылы жас сарбаздар шыдамдылық пен төзімділікке үйренеді. Сондай-ақ, әскер жастардың сана сезімінің қалыптасуына, жинақылыққа, тазалыққа баулиды.
Әскери бөлімдегі үлгілі тәртібі мен белсенділігі жоғары сарбаздың бірі – Мағжан Жағыпар. Ол Алматы облысы Райымбек ауданы Шәлкүде ауылында дүниеге келген. Әкесі Ербол Райымбек ауданында мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істесе, анасы Гүлзира мұғалім. Шәлкүде атындағы орта мектептің 9 сыныбын бітіріп, Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжіне оқуға түседі. Оқу орнын жер және байланыс мамандығы бойынша тамамдап, еңбекке де араласады. Ару қала Алматыда қарапайым жұмысшы болып жұмыс істеп, отбасына қолғабыс етеді.
Мағжанның жаны поэзияға жақын. Ол ақын Мұқағали Мақатаевтың, Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқиды. Ақынның өлеңдерін оқығанда, әдемі қоңыр дауысы құлаққа жағымды естіледі. Өлеңдегі ойды жүрекпен сезініп, тыңдаушысына жеткізе біледі. Міне, осындай өнерлі жас әскери өмірде де бос уақытында үнемі кітапты қолынан тастамайды екен.
Ол Отан алдындағы борышын аман-есен өтеп шығуды, ата-ана үмітін ақтауды, әскери өмірді жалғастыруды алдына мақсат етіп қойып отырған жайы бар.
-Мен үйдің кенжесімін. Алдымда бой түзер ағаларым бар. “Әке көрген оқ жонар” демекші, әскердегі борышымды өтеуіме әкемнің ықпалы болды. Әкем “Ұлым ер азамат Отан алдындағы борышын өтеуі керек. Жігіт әскери өмірді көруі қажет. Қиындыққа шыдамдылықпен төзіп, Антыңа адал болуың қажет” деген секілді ақыл-кеңестерін берді. Осы сөздерден кейін шын мәнінде еліміздің басына күн туған шақта ер азамат елін, жерін қорғай білуі тиіс деген ой қалыптасты.
Әскери өмірге келгеніме өкінбеймін. Азаматтық өмірде жүргенде әскери өмірді қиын деп ойлайтынбыз. Бірақ, бұл ойымыз қате болып шықты. Алғаш келгенде қару-жарақтың атында білмейміз. Қолымызға да ұстай алмайтынбыз. Уақыт өте келе, тәртіп пен талапқа бойымыз үйреніп, өз-өзімізді спорттық тұрғыда шыңдап келеміз. Еліміздің Қарулы күштері туралы білімімізді толықтырып, машықтанудамыз.
Демалыс күндері белгіленген режіммен демаламыз. Жауынгерлік достарымызбен шахмат, дойбы ойнап, теледидар көреміз. Барлығымыз бір-бірімізбен әзіліміз жарасып, күнімізді жақсы өткіземіз. Үй-ішімізбен сөйлесуге де мүмкіндік беріледі. Уақтылы құнарлы тамақ ішіп, тазалыққа көп көңіл бөлеміз.
“Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды” деп әскери өмірдегі темірдей талапты өсиет етіп кеткен Батыр, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туған топырақта борышымды өтеп жатқаныма қуаныштымын. Бұл біз үшін мақтаныш. Қасиетті Жуалы жерінің топырағынан нәр алып, бойымызды батырлыққа, адалдыққа, шыдамдылыққа, мақсатқа жете білуге үйретудеміз, – дейді қатардағы жауынгер Мағжан.
Отан алдындағы борышын өтеу – ер азматтың міндеті. Мағжан да ержігіттерге азаматтық борышын өтеуден қашпай, әскер қатарына қосылуды құптайды. “Әскери өмірден қашпау керек екен. Мұнда өзіңді спорттық жағынан ғана шыңдап қоймайсың, жан-жақты дамуға тырысасың. Белгіленген тәртіпке бағынып, қойылған талаптарды орындайсың. Сол үшін әскери қызметшілердің үйреткендерін мұқият көңілге тоқып, әр күніңді босқа өткізбеу қажет” дейді.
Мағжан әскери бөлімдегі лейтенант Мейірбек Елубаевты, аға сержант Байдәулет Тұрғыновты үлгі тұтады. Олардың жас сарбазға деген жанашырлығы мен адамгершілігін жоғары бағалайды. Ал, жауынгерлік достары Азамат, Тілек, Нұрбек және Әли оның сырлас, әрі қиын сәттерде көмек қолын соза білетін қымбат жандары.
***
Мағжанның жауынгерлік досы Асан Азамат та Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылынан. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жерінен батыр Баукеңнің еліне Отан алдындағы борышын өтеуге келген қатардағы жауынгер.
Оның мамандығы аспаз. Алматы инновациялық-технологиялық колледжін бітірген соң, бірден әскер қатарына шақырылған. Қарапайым отбасында дүниеге келген Азамат бес ағайынды. Әкесі Қуатбек күзетші болса, анасы Шолпан үй шаруасымен айналысады.
Азамат ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерімен сусындап өскен. Ол әсіресе, ақынның өзі жайлы жазылған “Автограф” өлеңін жатқа айтып жүреді.
-Әскери борышымды өтегеніме алты ай болды. Аз уақыт болғанымен біз үшін әсери өмірден үйренеріміз көп болды. Күніміз белгіленген тәртіптегі дене шынықтырудан басталады. Әскери өмірге ағзаны бейімдеу үшін спорттың алар орны ерекше. Сондықтан көп уақытымызды дене шынықтырумен, білек күшін шыңдаумен өткіземіз. Әскерге тек білек күші емес, сондай-ақ, жүректің мықтылығы қажет. Тазалықты, тәртіпті, өзіңнің іс-әрекетіңе жауап беруге үйрендім.
Әскердегі жауынгерлік достарым қымбат. Олар әрдайым қолдау көрсетіп, сырласатын достарым. Менің ең жақын жауынгерлік досым Мағжан. Ол әрі жерлесім, әрі қандай жағдай болса да қасымнан табылатын адам. Біз достарымызбен уақытты жақсы өткіземіз. Демалыс күндері кітап оқып, әңгімелесеміз.
Жігіттер қолына қару алып, елін қорғай білуі керек. Менің ағаларым да әскери борышын өтеп келген. Оларға қарап мен де әскер қатарына шақырған соң, ағаларымның ақыл-кеңестеріне жүгіндім. Әскери бөлімдегі сержант Омаровты үлгі тұтамын. Ол жауынгердің бойындағы қажетті қасиеттерді, әскери өмірді үйретті.
Менің қазіргі ең басты мақсатым – Отан алдындағы борышымды аман-есен өтеу, ата-анамның жанына оралу. Өйткені, үйден жырақтап шыққан сәттен бастап, ата-ананың қадірін, бауырларыңның қолдауын жақсы түсінеді екенсің. Отбасымның абыройын арттыру менің басты мақсатым. Үкілеген үмітім деп үміт артқан ата-анамның сенімінен шығуым тиіс. Сол себепті, Отан қорғаушы ретінде әскерде үлгілі тәртіп пен жақсы нәтиже көрсетуім қажет, – дейді Азамат.
Иә, Отан алдындағы борышты абыроймен өткізу әр сарбаздың арманы. Ендеше, 91678 әскери бөліміндегі қатардағы жауынгерлерге батылдық пен шыдамдылыққа шыңдалып, борышын аман-есен өтеуіне біз де тілектеспіз.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»