Basty bet

Баспасөзге жазылу – баршаның міндеті

«Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетіне 2025 жылдың ІІ жартыжылдығына жазылым науқанының аяқталуына санаулы күн қалды

Алты Алаштың мақтанышы, ұлт көсемі, әйгілі ағартушы ғалым, ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген қанатты сөзі бұрынырақта айтылса да, техника мен технология дамыған қазіргідей кезеңде де оның өз мән-мағынасын жоғалтпағанына көзіміз анық жетіп отыр.
Басқа сөзді қайдам, қоғамға баспасөз – қай заман, қай кезеңде де халық өміріне қажетті рухани дүниенің бірі болып қала береді. Әлеуметтік желілердің пайдасы мен қажеттілігі өз алдына шығар?! Ал тарихы ел тарихымен тікелей тамырлас, ертеңі халық өмірімен тағдырлас болып келе жатқан отандық баспасөз бен басылымдардың орны бәріміз үшін өр төбе.
Ұлы Ахаңнан аманатқа қалған осынау қанатты сөз елдің рухани мәдениеті мен елдік дәстүр-салттың даму деңгейін бағамдауға басты өлшем болып табылатынын терең ескерсек, басылым бәсінің бұдан да арта түсетінін жақсы білеміз әрі терең түсінеміз. Дәстүрлі баспасөз басылымдардың ішінде – газеттің алар орны ерекше. Жуалы ауданының құрылуымен бірге, қасиетті өңірдің төл басылымы ретінде – «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің де жарыққа шығып, оқырманға жол тартқаны тарихтан белгілі. Жарыққа шығу тарихы сонау 1934 жылдан бастау алатын Жуалы аудандық «Жаңа өмір-«Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің жергілікті оқырманға жол тартып, жергілікті халыққа рухани демеуші болғанына биыл – 91 жыл толып отыр. Жұртшылықтың жадында болса, 2024 жылдың маусым айында қасиетті өңірдің төл басылымы 90 жылдық мерейтойын атап өтті.
Иә, бұл аға газеттің алғашқы редакторы Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қаламгер, жерлесіміз Құрманбек Сағындықов болғанын жақсы білеміз. Осынау киелі қара шаңырақта одан беріректе Жуалы жерінен түлеген танымал журналистер мен жазушылар тер төгіп, еңбек етті. Аға басылым туралы сөз қозғағанда, мұны да баса айта кеткен жөн.
Аудандық газет өзінің құрылу тарихынан бері қаншама қилы кезең мен тұтас дәуірді бастан өткергені белгілі. Қасиетті Жуалы өңірінің төл тарихын тасқа басып, шежіресін хатқа түсірумен бірге, ойлы оқырманға рухани демеу болуды игі дәстүрге айналдырған төл басылымның аудан тарихы мен оның өткен кезеңдерінде, жарқын болашақ жолында алатын орны ерекше. Заман ағымымен газеттің атауы сан рет өзгергенімен, жаңа өмір мен жарқын болашақтың жаршысы бола білген – «Жаңа өмір» өзінің алғашқы кездегі ұстанымынан айныған жоқ!
Солай бола тұра, соңғы жылдары белгілі де белгісіз себептермен аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетіне жергілікті оқырмандардың жазылу деңгейі төмендеп барады. «Сыныққа – сылтау» дегендейін, басылымға жазылмайтын адамға себеп те көптеп табылады… Бірақ орынды да орынсыз жайттарды алға тартып, жылдағы дәстүрлі жазылым науқандарына салғырт қарап, төл басылымға жазылуды кейінге шегеріп келе жатқан кейбір жеке азаматтар мен жекелеген мекеме басшыларына нендей сөз айтарсың?!
Жазылымның аяқталуына әлі де біршама уақыт бар. Газетке жазылу туралы ойланар деген үмітіміз де жоқ емес…
Ал басқаларын айтпағанда, аудандық білім бөліміне қарасты мектептерде кейбір мұғалімдердің «Педагог мәртебесі» туралы Заңды алға тартып, жазылым науқаны кезінде отандық және баспасөзді қолдаудың орнына, жергілікті басылымға өз деңгейінде жазылмайтыны өте өкінішті жағдай. Бұл ретте біз көбінесе аудан орталығы мен оған жақын орналасқан іргелі мектептер мен мектеп-гимназиялардағы нақты жағдайды айтып отырмыз.
Бұрынырақта ауыл-аймақтағы көзі қарақты оқырмандармен бірге, мектеп мұғалімдері де мерзімді басылымдардан – газет-журналдарды үйіне жаздырып алып, күнделікті шолып, аудан мен облыстың көлемінде, қала берді, республиканың көлемінде болып жатқан жаңалықтар мен игі шаралардан тұрақты хабардар болып отыратын. Кейбір ұстаздар басылымнан оқып, түйсінген жақсы дүниелерді сабақ үстінде оқушыларға үлгі ретінде айтып беретінін көзбен көргенбіз. Қазір ұялы телефонға телміретін заман келді ма, қалай өзі?! Үлкендер жағы «әлеуметтік желіден» бас алмаған соң, оны көрген жастар да телефонға телміріп әлек. Ал, бір мезгіл газет-журнал қарап, адам жанына рухани азық боларлық кітапты жата-жастана оқитын ойлы оқырман қайда қалды сонда?! Бұл – қоғамды терең ойландыруға тиісті сұрақ…
«Илегеніміз бір терінің пұшпағы» демекші, барлық азаматтың ақ тілеуі бір. Ол – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының гүлденіп, қарыштап дамығанын, ел экономикасының өскенін, халық тұрмысының артқанын, ел болашағы саналатын жас буын жас ұрпақ болашағының бүгінгіден де жарқын болғанын көзбен көру! Жалпы отандық БАҚ пен мерзімді басылымдардың да о бастағы ұстанған негізгі саясаты мен алға қойған бағыт-бағдарлары да мемлекеттің мүддесімен терең үндесіп жатыр. Президенттің сарабдал саясатынан бастап, халықтың иігілігі үшін қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, ел экономикасының тірегі болған сүбелі салалардың жұмысы, оның ішінде, ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіп кешенінің дамуы, кәсіпкерлік пен өнеркәсіп, білім мен денсаулық, құқықтық саясат, әлеуметтік саланың жұмысы дейсіз бе, ауылдағы қарапайым еңбек адамдарының өмірі, ондағы мерейлі отбасылар, жастар саясаты, мемлекеттік қызметтің дамуы, өңір ардагерлерінің қозғалысы, науқандық жұмыстардың барысы, т.б. ауданның жалпы тыныс-тіршілігі мен сан саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар газеттің әрбір нөмірінен көрініс табады. Аудандық газетті – ауданның айнасы дейтініміз де сондықтан…
Аудандық газетті – ауданның төл шежірешісі десек, қателесе қоймаспыз. Жазылым науқаны кезінде «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетіне белсенділікпен жазылып, сол арқылы дәстүрлі қазақ баспасөзіне нақты іспен көмек-қолдау көрсетіп келе жатқан жанашыр жазылушылар мен тұрақты оқырмандарға, аудандағы жекелеген мектептер мен мекеме басшыларына алғыстан басқа айтар тілек жоқ. Рухани байлыққа баса көңіл бөлген жанның рухы биік, талғамының да жоғары болатыны дау тудырмаса керек!
Жылдағы дәстүрлі жазылым науқаны кезінде жазылушылардан нақты қолдау болатынына сенім білдіре отырып, редакция қызметкерлері де жақсылықтың жаршысы болып, оқырманға қызмет етуден таймайтынын баса айтқым келеді. Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатов: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» дегенді айтады. Баспасөз – халық өмірінің айнасы, жарқын болашақтың жаршысы. Қазір ел өңірлерінде мерзімді баспасөз басылымдарына жазылым науқаны қызу жүру үстінде. Сондықтан, аудан жұртшылығын ІІ жартыжылдықтағы жазылым науқаны аяқталмай тұрып, төл басылым – «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетіне белсене жазылуға шақырамыз!
Баспасөзге жазылу – баршаның міндеті болса, оқырманға ой саларлық құнды дүниелер ұсыну – бізге міндет!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Бас редактор.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Таңдаулы материалдар

Close