Basty bet
азық-түлік бағасының қымбаттауы тек экономикалық қана емес, әлеуметтік проблемаға айналуда
Бүгінгі таңда ауданда азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанымен, көпшілік күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы біршама өскен. Нақты айтқанда, базар бағасы ырыққа көнбей тұр.
«Баға бір түссе, жазда түсер-ау» деген үміт ақталмады. Нағыз пісім мол болатын жаздың өзінде бағаның мың құбылуы ойланарлық жайт. Жалпы алғанда халықтың күнделікті тұтынатын тауарлары – әлеуметтік мәселенің ең жанды жері. Жергілікті билік бұл жағдайды реттеп, қадағалауға тырысқанымен кейде нарықтың өз заңы бойынша дамитынын естен шығарып аламыз.
Қазір орталық базарда картоп бағасы – 350 теңге, пияз – 300, сәбіз – 350, алма сортына байланысты – 550-600 теңге аралығында, қант – 480, ұн – 11 500, сиыр еті – 3 300, жылқы еті – 3000, қой еті – 3 500, күріш – 480, сүт – 350, шит май – 4000 (5 л) теңгеден сатылуда.
Жалпы өңірде азық-түлік, көкөніс пен жеміс-жидек, дәнді-дақыл көбейіп, бағасы түсу керек жаз айында қымбаттайтынына не себеп? Осы ретте, бағаның тұрақты болмауын сатушылардан сұрап көрдік.
Олар сырттан келетін тауар бағасының жоғары болуы ішкі нарықтағы тұрақсыздықтан туындайтынын алға тартады. Мұнан соң қарапайым саудагерді кінәлау қиын. Күнделікті табысын айыру керек, онымен қоса, сауда жасап тұрған орнына төлейтін ақысы бар. Өнімді жеткізуге кететін шығыны, солардың бәрі түптеп келгенде тұтынушыға қойылатын бағаға ықпал етіп отыр. Қымбатшылық – бір ғана себептен туындамайтыны белгілі. Оның артында бірнеше қосымша себеп-салдары болатыны да түсінікті. Базар салты бойынша алынған тауар өту керек әрі шығынын ақтау керек, сол себепті баға бүгін, ертең төмендей қоймас.
Сайып келгенде, қандай ой түюге болады? Біз нәрсенің арзанын іздейміз. Оның қолжетімді болғанын қалаймыз. Ол үшін жергілікті жерде өзімізде бау-бақша өсіру керек шығармыз. Олардың шеттен келетін көкөніске қарағанда анағұрлым бағасы тиімді, сапасы жоғары болады. Әйтпесе керегіңді жақын уақытта арзан бағаға ешкім бере қоймасы анық. «Арыстан алыстан ақырса, аттың аяғы шалынады» демекші, зейнетақы өсіп, жалақы көбейсе болды, нарықтағы құнның құбылып шыға келетіні тағы бар. Бұдан бөлек, базар бағасы маусымдық кезеңге де байланысты өзгеріп отырады. Ал кейбір тауарлардың бағасы қанша теңге болатыны саудагердің өз еркінде. Кей саудагер келушінің көңілінен шығу үшін 5-10 теңге түсірсе, енді бірі елдегі өзгерісті қалт жібермей, өнімін лезде қымбаттатып жіберетіні жасырын емес…
Сатып алушылар заттың қымбаттағанын сатушыдан көретіні анық. Бірақ базардағы сатушы да біз секілді күнкөрістің қамымен жүргенін ұмытпаған жөн.
– Көкөністің бағасы өткен жылмен салыстырғанда біршама қымбаттады. Дегенмен халық бағасына қарамай алып жатыр. Жалпы азық-түліктің қай-қайсысы болса да қымбат. Бағаның өсу себебі: біріншіден, жанар май бағасының өсуі. Екіншіден, доллар қымбаттады. Одан бөлек, өзге елдердегі қақтығыстар да кері әсерін тигізіп отыр. Соның салдарынан да баға одан ары шарықтай түсті. Өнім жеткізуші делдалдардың көп болуы да бағаға әсерін тигізбей қоймайды. Мысалы, көтерме саудамен айналысатындар бізге берген бағамен өздері сатып, екі есе пайда көреді. Ай сайын төлейтін несие, күнделікті тамағың бар. Бағаның өсуінен бізге пайда жоқ. Қымбат тауарды ешкім сатып алғысы келмейді,- дейді көкөніс сатушы.
Қалай десек те, халық сауда орталығы мен дүкен сөресіндегі бағаға тәуелді. Бірақ соңғы жылдары бағаның өскенін көрсек те, төмендегенін көрмедік. Әсіресе, халық жиі тұтынатын ұн, нан, макарон өнімдері, ет ,сүт, көкөністердің және т.б. өнімдердің бағасы қолжетімді болғанға не жетсін?! Әйтеуір, ақша құнсызданып барады. Бағаны тұрақтандыру бағытында жұмыстар жасалғанымен, нәтиже байқалмайды. Күнде бір тауардың бағасы аспандап шыға келеді. Қалтаға салмақ салған базар бағасы қашан тұрақтанары да белгісіз…