Basty bet

Тұрғындармен тығыз байланыс орнату аса маңызды

Жұртшылық арасында «Әкім» сөзіндегі төрт әріп «әділдік, кішіпейілділік, іскерлік, мейірімділік» атты төрт ұғымды білдіреді деген пікір бар. Ауылдан облысқа дейінгі билік тізгіні сеніп тапсырылған лауазым иелерінің бойынан халықтың тап осындай тамаша қасиеттерді көргісі келетіндігі анық.
Ауылға шын мәнінде іскер, сол ауыл тұрғындарының және жер жағдайын жетік білетін, көппен жұмыс жасай алатын әкім керек. Осы ретте, елімізде халық осы талаптарға сай басшыны өздері таңдап алуда. Бүгінде ауыл әкімдерінің алдында тұрған міндеттер өте ауқымды. Шын мәнінде әкім халқына жақын болып, халықпен ақылдаса отырып барлық мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуі керек. Елінің еңбегін бағалап, кем-кетігін түзетіп халыққа адал қызмет көрсететін көреген тұлға болса ғана әкім халықпен бірге. Әкімді халық сайлайды. Сол себепті ол ел үмітін ақтауы тиіс.

Ақсайлықтар да өткен жылы ауыл әкімінің сайлауында Қайрат ауылының азаматы Мақсат Мәтенге дауыс беруінің нәтижесінде, бүгінгі таңда ол Ақсай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келеді.
Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған азамат қазіргі таңда жерлестерінің өтініш-тілектеріне баса назар аударып, ауылдағы негізгі жұмыстарды үйлестіруде. Туған ауылын көркейтуге, оны дамытуға бар күшін салуды мақсат тұтып отырған ол ауыл әкімі болу оңай жұмыс еместігін айтады.
Ауыл әкімі үшін бастысы, жүктелген міндеттерді абыроймен атқару және ауылдағы кез келген жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу маңыздырақ. Мақсат Мейірбекұлы да мемлекеттік қызметші, әсіресе, ауыл әкімі білімі мен тәрбиесін жұмыс барысында дұрыс қолданып, тұрғындармен жақсы тіл табысу қажет екенін айтады. Ауыл әкімінің жұмысы сан салалы болғандықтан, ол адамның бойынан бірінші кезекте, табандылық табылуы тиіс дейді.
Оның ойынша, әрбір ауылда сол елді мекенде туып-өскен азамат туған ауылын көркейту үшін жұмыс істеуі қажет. Ауылдағы шаруа жұмыс кабинетінде отырып бітпейтінін ол жақсы біледі. Ол үнемі ауылдағы атқарылып жатқан тірліктердің басы-қасында жүріп, жұмыстың сапалы атқарылуын қадағалайды. Округке қарасты ауылдарды аралап, тұрғындармен тілдесуді де оның негізгі жұмыстарының бірі. Ауылдың ақсақалдарымен, жанашырларымен және белсенді азаматтарымен де тығыз байланыста. Ауылдық округтің қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты. Оны да үнемі бақылауда ұстауда.
-Ауыл тұрғындарының сенімін ақтау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Жерлестерім мені қолдап, ауыл әкімі ретінде сайлап, ауыл үшін оң өзгерістер әкеледі деп үлкен үміт артып отыр. Тұрғындардың маған артқан сенімі мен үмітін ақтау үшін аянбай еңбек ету менің азаматтық міндетім. Сол себепті де, ауылдық округтегі атқарылатын қандай бір істің дұрыс әрі сапалы атқарылуын үнемі қадағалауым керек. Мұнда ертеңгі күні жерлестерімнің сеніміне селкеу түсірмейтіндей жұмыстар атқарылуы тиіс. Дегенмен ауыл әкімінің жұмысы сан салалы екені белгілі. Ауыл әкімінде үлкен құзыреттілік жоқ. Әйтсе де, осындағы жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру әкімнің іскерлік қабілетіне тікелей байланысты. Кез келген жұмысты ұйымдастыра білу де жұмыстың бір бөлшегі. Ауыл әкімі кез келген сәтте жұмыс орнынан табылуы қажет.
Ауылдық округтегі ішкі проблеманы елмен етене араласқанда білуге болады. Сондықтан округтегі ауылдарды аралап жүріп, ақсақалдармен және тұрғындармен жиі тілдесемін. Ол ауыл тұрғындарының сенімін де көтеруге септігін тигізеді. Қазіргі таңда бізге WhatsApp әлеуметтік желісіндегі ауыл тұрғындарымен ашылған топтардың көп көмегі тиюде. Чаттарда тұрғындар тарапынан айтылған пікірлерден соң проблеманы дер кезінде шешу де оңай болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында өтетін тұрғындармен кездесу жайлы да хабарландыру әлеуметтік желілерде алдын ала жарияланады.
Ауыл ақсақалдары да үнемі бізбен тығыз байланыста. Олар ақылдарын айтып, ұсыныстарын білдіреді. Ауылдық округ тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен несие алып, өз кәсіптерімен айналысуда. Жоба тұрғындардың тұрмыстық жағдайын түзетуге септігін тигізуде. Сонымен қатар, ауыл жанашырлары Қайрат ауылының үстіңгі бөлігінен ат спорты көкпар ойынын жаңғырту мақсатында қырды тегістеп, қалыпқа келтіруде. Ал, жастар қауымы еңбектеніп, өздеріне берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланса нұр үстіне нұр,- дейді ауылдық округ әкімі М.Мәтен.
Округ әкімі көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру санитарлық тазалық екі айлығына орай, тұрғындарды тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын жеке кәсіпкермен келісімшартқа тұруға шақыру жұмысын қолға алуда. «Тазалық әр ауладан басталуы тиіс!» деген ұранмен ауылдың көркеюіне әрбір тұрғынның атсалысуы қажет екені кеңінен түсіндірілуде.
Сонымен қатар, ауыл әкімі тұрғындар жаз мезгілінде бау-бақша суғаруға арық суын емес, ауызсуды пайдалануды әдетке айналдыруынан ауызсу тапшылығы сезілетінін тілге тиек етті. Бұл мәселені шешу үшін өткен жылы «Жуалы-Су» мекемесімен бірге Диқан ауылында ауызсуға арналған суесептегішті қою жұмысы басталып, биыл бұл жұмысты толық орындау көзделуде.
Сондай-ақ, ауылды жасыл желекке айналдыру мақсатында биыл округтегі білім беретін ұйымдар және өзге де мекемелермен бірігіп, Қайрат ауылындағы Б.Момышұлы атындағы саябаққа 1000 түп шырша және сәндік талдар отырғызу жоспарлануда.
Округ әкімінің айтуынша, мұндағы проблемалардың бірі – «Жуалы-Су» мекемесінің теңгеріміндегі Диқан ауылының батыс бөлігінде орналасқан қоқыс тастау полигоны болып отыр. Себебі, полигонға аудан аумағынан шығарылатын қоқыстар әкелініп, тасталуда. Яғни, қоқыстар шұңқырға тасталмай, полигонның сыртына тасталатындықтан қоқыстар жан-жаққа ұшып, елді мекенге экологиялық зиянын келтіруде.
Ақсай ауылдық округінің әкімі Мақсат Мәтенмен сұхбат барысында оның сөздерінен өз ауылына деген жанашырлығын аңғарғандаймыз. Жерлестерінің қолдауын сезінген әкім ертеңгі жұмыстарының жүйелі болуы үшін бар күшін, білімі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, туған жеріне қызмет етуді көздеуде. Жұмыс барысында да шыншылдық принципін ұстанған ол жұмыстың тек нәтижелі болуы жолында еңбек етуге талпынуда.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close