Basty bet

Тынымсыз еңбек – табысты нәтижеге бастайды

Түктібай ауылындағы «Төлеген» шаруа қожалығы сауынды сиырдың басын арттырып, ірі қараның етін молынан өндіруге күш салып келеді

Қазақстанның өз алдына мемлекет құрып, егемен ел болғанына биыл – 35 жыл толып отыр. Осынау жылдары еліміз нарықтық экономикаға толықтай көшіріліп, халықты асыраушы сала – ауыл шаруашылығындағы агрөнеркәсіп кешені де айтарлықтай дамып, егемендіктің «елең-алаңында» құрылған шаруашылықтар аяққа нық тұрды деуге болады. Тәуелсіздік жылдарының бедерінде өз алдына тірлік бастап, бүгінде жүйелі жұмыс пен қажырлы еңбек ету арқылы аяққа нық тұрған шаруашылықтар біздің өңірде де көптеп саналады. Дәулеті тасып, алдыңғы қатарлы агроқұрылымға айналған аудандағы іргелі шаруашылықтардың қатарында – «Төлеген» шаруа қожалығы да бар. Ауданға қарасты Нұрлыкент ауылдық округінің Түктібай ауылында орналасқан шаруашылықтың қолға алған жұмысы жүйелі, мұнда еңбек өнімділігі де жоғары, алға қойған жоспарлары да жүйелі деуге толық негіз бар. Осыдан 30 жыл бұрын іргесі қаланған шаруашылықта атап айтарлықтай жұмыстар бар.

Алғашқыда 1995 жылы «Тырнақбай» шаруа қожалығы болып ашылып, небәрі 20 гектар егістік жермен және қолдан құрастырылған бір ғана шағын трактормен тірлік бастаған «Төлеген» шаруа қожалығында бүгінде – 500 гектарға жуық егістік жер бар. Мал жайылымына алынған жерлері өз алдына бөлек. Бұл шаруашылық осыншама жуық егістік жерді агротехникалық шараларды тиімді пайдалана отырып игеріп, оған жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, оны күтіп-баптау арқылы алқаптан мол өнім алуға тұрақты қол жеткізіп келеді. Егістік алқаптардан дайындалған сапалы мал азығы жыл сайын қыс мезгілінде төрт түліктің құнарлы азығы ретінде пайдаланылады.
Шаруашылық биыл өз иелігіндегі 450 гектар егістік жердің 100 гектарына «Бәйшешек» сұрыпты жаздық арпа дақылын ексе, майлы дақылдардан 70 гектарға мақсары, 60 гектар алқапқа өнімділігі мен сапасы жоғары сүрлемдік жүгері тұқымын сепкенін айта кеткен жөн.
Одан бөлек, малдың азығына деп егілген көпжылдық шөптен 130 гектар жоңышқа және 40 гектар эспарцет алқабы бар.
«Төлеген» шаруа қожалығы да өңірдегі басқа шаруашылықтармен бірге биылғы шөп ору науқанын шамамен маусым айының алғашқы аптасында бастап, қазір агроқұрылымда малдың қыстық азығын дайындау жұмыстары қызу жүргізілу үстінде. Шаруашылықтың алға қойған басым бағыты – малдың басы мен сапасын арттырып, шаруашылық ісін дамытумен тікелей байланысты болғандықтан, мұнда мал азығының сапасына баса мән беріліп, негізінен олар шөпті турап дайындайды. Туралған құнарлы шөп сиырдан сауылатын сүттің сапасын анағұрлым арттырып, өнімділікті де әлдеқайда көбейтіп отыр. Бордақы бұқалар да туралған шөпті сүйсініп жейді.
– Биыл жылдағы қалыптасқан дәстүрге сәйкес, көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде сапалы атқарып, топырақтан ылғал кетпей тұрып егістік жерлерге дән сеуіп алдық. Қасиетті өңірде көктемнің және жаздың алғашқы айларының жауын-шашынды болуына байланысты алқапқа еккен егініміз де, көпжылдық шөбіміз де жылдағыдан өте бітік шықты. Бұл – әлбетте жердің ырысы. Шөптің шығымы да, бой алып өсуі де жылдағыдан қарағанда өте жақсы. Соған қарағанда өнімділік де жоғары болады деген үмітіміз бар. Жақында жасыл орақ науқанына қызу кірісіп, қазір малдың қыстық азығын дайындау жұмыстарын кестеге сәйкес атқарып жатырмыз. Науқандық жұмыстарға қажетті ауыл шаруашылығы техникалары да жөндеуден өткізіліп, ораққа дейін толықтай дайын болды. Жұмысшы күшінен де ешқандай проблема жоқ. Шаруаларға Үкіметтен бөлінетін жеңілдетілген жанар-жағармайды да уақтылы алып отырмыз. Бұл – ең біріншіден науқандық жұмыстарды еш іркіліссіз әрі сапалы атқаруға мол мүмкіндік беріп отыр,- дейді түктібайлық «Төлеген» шаруа қожалығының басшысы, іскер азамат Мейірбек Төлегенов.
Мал азығын сапалы әрі молынан дайындау ісі – жергілікті шаруалар үшін маңызды міндеттердің бірі екені белгілі. Өйткені, таулы өңірдің алты айға созылатын қысында қолдағы төрт түлік малдың қоңын түсірмей, жас төлдерге күтім жасап, аман алып шығу өте жауапты жұмыстардың бірі екені айтпаса да түсінікті. Айтса айтқандай, қазіргі шөп дайындау науқанында шаруашылықтың Түктібай ауылының шығыс жақ бетінде орналасқан көпжылдық шөп алқабының басында жұмыс қызу. Мұнда 4 гектардан асатын жоңышқа алқабына орақ салынғалы біраз күн болғаны байқалады. Жауын-шашынға суғарылып, қалың шыққан биік шөптің жерге жатып өскені соншалық, оған трактормен орақ салуда да бірқатар қиындықтар болғанын айтады шаруашылықтың механизаторлары. Дегенмен, өнімді ысырапсыз жинап алуды басты мақсат тұтқан шаруа қожалық мүшелері алқаптан орылып, құрғаған шөпті арнайы шөптурайтын тіркеме техниканың көмегімен ұсақтап турап, оны үлкен тіркемелермен базаға үзіліссіз жеткізіп жатыр.
«Көктемнің әр күні – жылға азық» дегендейін, өңір шаруалары үшін қарбаласқа толы қауырт шақтың басталғанына біршама уақыт болды. Біз тындырымды тірлігін әңгіме етіп отырған «Төлеген» шаруа қожалығының мүшелері де жауапты науқанға тыңғылықты дайындықпен кірісіп, мал азығын дайындау жұмыстарын келер айдың басында толығымен аяқтаймыз деп жоспарлап отыр. Науқандық жұмыстардың кезінде шаруашылықта 10-ға жуық адам тұрақты еңбек етіп, нәпақа табады. Дәл қазіргі шөп орып, мал азығын дайындау жұмыстарына шаруашылықтың қолдағы бар техникаларынан – «МТЗ Беларус» маркалы доңғалақты тракторлары, шөп оруға, турауға және тайлап тасымалдауға арналған арнайы техника-тіркемелері, сонымен қатар, бірнеше ауыр жүк көлігі қатысып жатыр. Техника күшінің толық болуы ең біріншіден – ауыр жұмысты жеңілдетуге үлкен сеп.
Техника паркін жаңарту ісі – уақыт талабы. Ауыл шаруашылығына арналған техника паркін жаңартуды басты мақсат еткен «Төлеген» шаруа қожалығы қолдағы бар ескі техниканы жамап-жасқап жүргізгеннен гөрі, уақтысы келгенде жаңасына ауыстыруды да жүйелі жолға қойып отыр. Қазір аталған шаруашылықта 7 бірлік «Беларус» МТЗ-80, 82, 892.2, 952, маркалы доңғалақты тракторлары, Қытайда құрастырылған қуатты 4 бірлік LOVOL тракторы, 2 бірлік астық дәнін бастыруға арналған «НИВА СМ-5» комбайны, ауыр жүк тасымалдауға арналған КамАЗ, басқа да жүк көліктері, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тіркемелерінің барлығы бар. Одан бөлек, сүрлемдік жүгері дақылын орып, жинауға арналған Беларус комбайнын да өз қаражатына сатып алғанын айта кеткен жөн.
Адал еңбек қана – адамды асыл мұратына жеткізетінін жақсы білеміз. Азаматты абыройға бөлейтін де дәл осы – адал еңбек. Бұрынырықта Одақ тұсында бұл Түктібай ауылы әскери совхоздың бір бөлімшесі болатын. Төлегеновтер әулетінің алып бәйтерегі, көзінің тірісінде ұрпағына адастырмас дұрыс жол көрсетер ақылман абызы болған қария Қуатбек Төлегенұлы өзінің кіндігінен тараған төрт ұлға шаруашылықты құрып беріп, оның аяққа нық тұрғанын көріп бақиға аттанды. Тумысынан адалдықты жаны сүйіп, ерінбей еңбек етуді өмірлік қағида етіп ұстанған қайратты қария ұлдарын да жастайынан адал еңбек етуге үйреткені қандай жақсы болған. Бүгінде әкенің салып берген сара жолын төрт ұлы – Медетбек, Мейірбек, Жаңабек және Бақыт лайықты жалғастырып келеді. Ағайынды төрт азаматтың тірлік-кәсіптері өз алдына бөлек-бөлек болғанымен, олар ақылман асыл әкенің өнегелі өсиетінен алыстап кете қойған жоқ. Олар ынтымақпен бірлесіп еңбек ету арқылы шаруашылықтың сан салалы жұмысын алға бастырып, өнімділікті де анағұрлым арттыруға барынша күш салып келеді.
Өмірде өздігінен ештеңе де болған емес. Бүгінде «Төлеген» шаруа қожалығы жұмысының алға басып, қасиетті өңірдегі агроқұрылымдардың ішінен алдыңғы қатарға шығуы – көпжылғы қажырлы еңбек пен тынымсыз ізденістің нәтижесі екені айдан анық. Әулеттің екінші перзенті Мейірбек те жастайынан ауылдың ауыр тірлігіне қанығып, шаруашылық ісіне де жетік өскен еңбексүйгіш азамат болып қалыптасты. Ол да төрт ұлын ақылман атаның өнегелі өсиетімен тәрбие беруге барын салды. Әсіресе үлкен ұлы Әлімжан үнемі шаруашылық жұмысының басы-қасынан табылатын. Шаруа қожалығының аяққа нық тұрып, биік белестерді бағындыруына Қуатбек қарияның немересі, болашағынан үлкен үміт күттірген талапты жас Әлімжан Мейірбекұлының қосқан үлесі қомақты десек, жөн болар. Енді ғана жалындап өсіп келе жатқан талапты жастың былтыр қапияда қаза болғаны әулет мүшелерінің қабырғасын қайыстырып кеткені анық. «Орнында бар оңалар» деген. Әлімжанның артында қалған екі ұл-қызы – Қарақат пен Айсұлтаны ата-ананың жабырқаған көңіліне үлкен медеу…
2025 жылы іскер азамат Мейірбек Төлегенов Анасы – Жақсыкүл Сейсекеқызы мен үлкен ұлы Әлімжанның асыл аманатын орындап, Анасы туып-өскен ауданға қарасты Ақтөбе ауылына еңселі мешіттің құрылысын жүргізіп, қалың жамағаттың игілігіне пайдалануға берді. Мешіттің ашылуында алыс-жақыннан келген ақсақалдар ақ баталарын жаудырып, ең алдымен иман байлығын жоғары бағалайтын атпал азаматтың бастаған ісіне, тындырымды тірлігіне бақ-береке тілеп тарқасқанына өзіміз де куәміз. Мейірбек Төлегенов отбасында асыл жары Майра Бекбауова екеуі төрт ұл тәрбиелеп, олардан бес немере сүйген ұлағатты ата-әжелердің бірі.
Түктібайлық «Төлеген» шаруа қожалығының жұмысы сан салалы, алға қойған жоспарлары да жүйелі. Бүгінде қожалықтағы ірі қараның басы 150-ге жуықтаса, оның 80 басы сауынды сиырдың үлесінде. Айта кету керек, 2019 жылы Еуропаның Чехия Республикасынан 64 бас асыл тұқымды әрі етті-сүтті бағыттағы «Симменталь» құнажындарын әкеліп, осындағы жергілікті табиғатқа жерсіндірген де дәл осы іскер азамат – Мейірбек Төлегенов болатын. Бұл тәуекелді іске ауыл шаруашылығы бағытындағы «Сыбаға» бағдарламасымен алынған қомақты несие қаражатының көмегі көп болғанын баса айтуға тиіспіз. Жүйелі жұмыс пен қажырлы еңбектің нәтижесінде асыл тұқымды сиырлардан сапалы төл алынып, сүт өндіру көлемі де жылдан жылға артып келеді. Шаруашылық мұндай деңгейге сауынды сиырларды қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жүйелі жолға қою арқылып жетіп отыр. Шаруашылықта сауылған бір тоннадан астам сапалы сүт аудан орталығындағы сүт өңдейтін кәсіпорын «СМТС» ЖШС-ына тұрақты өткізіліп келеді. Бұл ретте шаруашылық аудандағы сүт кластерінің дамуына да өзіндік үлес қосып отыр.
«Төлегендіктер» ірі қара малдың етін молынан өндіруге де көп жылдан бері ден қойып келеді. Бұл мақсатта жыл сайын шаруашылықта 50-60 басқа дейін екі жасар бұқалар семіртіліп, ішкі нарыққа қолжетімді бағамен өткеріліп отыр. Ет бағытын дамытуды түпкілікті нәтижеге айналдыру үшін шаруашылық мүшелері биыл асыл тұқымды қой өсіру ісін де қоса қолға алып, 1 000 бастан асатын «Гиссар» қой тұқымын сатып алғандарын айтады. Жамбыл облысы Байзақ ауданының асыл тұқымды қой шаруашылығынан алынған Шопан ата төлі қазір жайылымда бағылып, көбейтілуде.
Малдың басын көбейту арқылы оның сапасын арттыру ісі – ішкі нарықты сапалы өнім түрлерімен қамтамасыз ету бағытындағы маңызды міндеттердің бірі саналады. Шаруа қожалық басшылары бұл бағыттағы жұмыстарды бір жүйеге түсірген соң шаруашылық базасының маңынан үлкен мал сою алаңының құрылысын жүргізуге де ниетті екенін жеткізді.
Мал – баққанға бітеді. Ежелден солай, қазір де сондай. «Төлеген» шаруа қожалығында төрт түлік малдың басын көбейтуге толық мүмкіндік бар. Жемшөп мәселесінің толықтай шешілгенін жоғарыда айтқанбыз. Шаруашылықтың ірі қара және ұсақ мал ұстауға арналған заманауи қоражайлары да жеткілікті. Ірі қара ұстауға арналған бірнеше заманауи база малды көбейтуге үлкен мүмкіндік.
Қажырлы еңбек пен тынымсыз ізденіс қана қай істе де жоғары нәтижеге қол жеткізетіні белгілі. Аграрлық секторды дамыту бағытында адымы аршынды, жұмысы жүйелі – «Төлеген» шаруа қожалығының алар асулары әлі алда деп білеміз. Бұл шаруашылықтағы күнделікті тынымсыз еңбек – Тәуелсіз ел мен туған өңірдің гүлденіп, дамуына қосылған сүбелі үлес іспетті… Ендеше, іске сәт тілейік!

Таңдаулы материалдар

Close