Basty bet
Атқарылған жұмыс – ауыл тұрғындарының игілігі үшін
Ауыл – қазақтың тамыры, ұлттың ұйытқысы. Ұлттық болмысымыз бен рухани құндылықтарымыздың қайнар көзі саналатын ауылдың өркендеуі – елдің тұрақты дамуының басты көрсеткіші. Сондықтан бүгінде ауылдарды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат ең алдымен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және елді мекендердің әлеуетін көтеруге негізделіп отыр.
Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық аумақтарды дамытуға айрықша мән беріп келеді. Президент ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөйлеген сөзінде ауылдың ел өміріндегі орнына ерекше тоқталып, ауылды өркендету – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, елді мекендердің дамуы ең алдымен жергілікті басшылардың кәсібилігіне, халықпен тығыз байланысына және нақты нәтижеге бағытталған жұмысына байланысты екенін айтты.
Расында, ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, тұрғындардың тұрмыс сапасы мен елді мекеннің бүгінгі келбеті күнделікті атқарылған нақты істермен өлшенеді. Тұрңындардың талап-тілегіне құлақ асып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешу – ауыл әкімінің басты міндеті.
Осы тұрғыдан алғанда, Жуалы ауданының орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылында соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Инфрақұрылымды жаңғырту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, жолдардың сапасын жақсарту, балаларға қолайлы демалыс орындарын салу мен ауылдың санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.
Іргесі 1912 жылы қаланған Бауыржан Момышұлы ауылында қазіргі таңда – 3060 аула бар, онда 14 972 тұрғын өмір сүреді. Ауылдың жалпы жер көлемі – 7 118 гектарды құрайды. Оның 1 739 гектары елді мекен аумағына, 5 379 гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тиесілі. Оның ішінде, 969 гектары – егістік, 4361 гектары – жайылым, ал 49 гектары өзге санаттағы жерлер. Бүгінде мұнда 1870 бас ірі қара, 966 жылқы, 7 977 қой-ешкі және 7686 құс өсіріледі. Мал шаруашылығы мен егіншілік ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі ретінде өз маңызын сақтап отыр. Сонымен қатар, ауылда шағын және орта кәсіпкерлікте тұрақты даму үстінде. Бүгінде ауылда 1 133 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.
Еңбек нарығындағы ахуал да тұрақты. Экономикалық белсенді халық саны – 8 922 адам. Оның ішінде 1 601 адам жалдамалы еңбекпен қамтылған, 2 517 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыса, 4 751 тұрғын әртүрлі салада тұрақты еңбек етеді. Әлеуметтік салада да оң өзгерістер байқалады. Ауылда бес білім беру мекемесі мен алты мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Сонымен қатар, бір денсаулық сақтау мекемесі тұрғындарға медициналық қызмет көрсетсе, мәдениет үйі ауыл тұрғындарының рухани өмірінің орталығына айналған.
Ауылда соңғы жылдары инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы – 51,299 шақырымды құрайды. Елді мекендегі 83 көшенің 15-і, жалпы ұзындығы 9,862 шақырым болатын жолдар орташа жөндеуді қажет етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын таппақ.
Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту мәселесі де тұрақты бақылауда. Бүгінде 13 745 тұрғын орталықтандырылған ауызсу жүйесін пайдаланады. Оның ішінде 2 860 тұрғын үйге су құбыры кіргізілген. Ал, 200 аула құдық суын тұтынып отыр.
Байланыс және инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым заман талабына толық сай келеді. Ауылда пошта торабы жұмыс істейді. Барлық ұялы байланыс операторларының желісі қолжетімді. «Қазақтелеком» мекемесі тұрғындарды телефон және интернет қызметімен қамтамасыз етуде.
Бауыржан Момышұлы ауылы толықтай табиғи газбен қамтылған. Сондай-ақ, барлық көшелерге заманауи жарықтандыру шамдары орнатылып, кешкі уақытта толық жарық беріледі. Көше жарығын “Континент” жеке кәсіпкерлігі өз жауапкершілігіне алып, жарамсыз электр шамдарын жыл ішінде тұрақты жөндеп отырады. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс қолайлылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы, ауылдағы инженерлік-коммуналдық жүйенің жаңаруы, сапалы ауызсу, табиғи газ, байланыс пен интернеттің қолжетімділігі, көшелердің толық жарықтандырылуы – аудан орталығының қазіргі заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетеді.
Өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсақ, өткен жыл Бауыржан Момышұлы ауылы үшін ауқымды құрылыс пен абаттандыру жұмыстарының жылы болды. Елдімекеннің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жобалар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, ауылдың сәулеттік келбетін жаңартуға және қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға негізделді. Жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық кеңістіктер жаңарып, көшелер көркейіп, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған көптеген бастама жүзеге асты.
Ауыл әкімі Рәтбек Көсембаевтың айтуынша, ең алдымен санитарлық тазалық пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілген.
– Ауылдың тазалығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміздің бірі. Сондықтан өткен жылы көшелердегі апатты жағдай туғызуы мүмкін ағаштарды ретке келтіріп, көркейту жұмыстарын қатар жүргіздік. Бұл әрі жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырса, әрі ауылдың эстетикалық келбетін жақсартуға мүмкіндік берді, – дейді ауыл әкімі.
Осыған сәйкес Б.Сафинов, Жібек жолы, Парасат, Төле би, Рысбек батыр, Жамбыл және Д.Қонаев көшелерінде, сондай-ақ, Жібек жолының Қарасаз бағытына шығатын бөлігінде орналасқан тал-дарақтарға санитарлық күтім жасалып, қураған және қауіпті бұтақтар кесілген. Соның нәтижесінде көшелердің ажары айшықталып қана қоймай, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де едәуір жақсарды.
Ауылдың алғашқы әсерін қалыптастыратын кіреберіс аймақ та назардан тыс қалған жоқ. Б.Сафинов көшесінің бойындағы ұзақ жылдар бойы пайдаланылған ескі арка заман талабына сай қайта жаңартылып, сәулеттік келбеті түбегейлі өзгерді. Бүгінде бұл нысан ауылға кірген әрбір жанды қарсы алатын көрнекті сәулет элементтерінің біріне айналып отыр.
Өткен жылы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары да жаңа қарқын алды. Балалардың қауіпсіз демалысы мен тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында бірнеше тұрғын үй ауласында кешенді жұмыстар жүргізілді. Мәселен, Мұнайшы көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй ауласына 100 шаршы метр тартанды резеңке төсеніш төселіп, екі үлкен қоқыс жәшігі орнатылды. Сонымен қатар, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған бес түрлі ойын кешені орналастырылды. Бұрын қарапайым аула болған бұл аумақ бүгінде балалардың шат күлкісі естілетін, тұрғындардың тынығуына қолайлы қоғамдық кеңістікке айналды.
Осындай жұмыстар Әл-Фараби көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің ауласында да жалғасын тапты. Мұнда да заманауи талаптарға сай резеңке жабынды төселіп, балалар ойын кешендері орнатылған. Аулаға екі үлкен қоқыс жәшігі қойылып, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдету мақсатында 420 шаршы метр жаңа асфальт жамылғысы төселген. Қ.Түрікбаев көшесіндегі №18 және №20 көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары да толық жаңғыртылды. Мұнда 85 шаршы метр тартанды жабын төселіп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған. Балаларға арналған алты ойын кешені қойылып, аула ішіне 600 шаршы метр асфальт төселіп, нәтижесінде, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы демалыс кеңістігі қалыптасты.
Қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жұмыстары мұнымен шектелген жоқ. Яғни, Б.Үсенов көшесінің бойында бұрын бос жатқан жер телімі толық абаттандырылып, жаңа шағын сквер пайдалануға берілді. Сквер аумағына жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарық шамдары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, айналасын қоршау жұмыстары да жүргізілген. Қазір бұл жер ауыл тұрғындарының серуендеп, тынығатын сүйікті орындарының біріне айналған.
Одан бөлек, Д.Қонаев көшесінің бойында орналасқан Халық банкінің ғимараты мен аудандық қазынашылық басқармасының айналасы да толық ретке келтірілген. Мұнда 540 шаршы метр жаңа асфальт төселіп, аумақтың инфрақұрылымы жаңартылған. Сонымен бірге, орталық саябақтың алдындағы су ағатын науалардың тозған темір жабындары жаңасына ауыстырылып, тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды.
Ауылдың көрікті орындарының бірі саналатын «Бәйтерек» сәулет нысаны да жаңа кейіпке енді. Мұнда жаңа орындықтар қойылып, жарықтандыру жүйесі жаңартылды, қоқыс жәшіктері мен сәндік қоршаулар орнатылды. Монумент толықтай сырланып, сәулеттік келбеті жаңарып, ауылдың көркін айшықтай түсетін мәдени нысанның бірі болды.
Тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Аудандық орталық аурухана мен №15 тірек мектеп-лицейінің аралығына жалпы көлемі 600 шаршы метр болатын жаңа жаяу жүргіншілер жолы салынып, тұрғындардың күнделікті қатынасына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалды.
Өткен жылы ауыл ішіндегі инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кең ауқымда жалғасты. Тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін жаяу жүргіншілер жолдары, қоғамдық ғимараттардың маңы мен жол желісі кезең-кезеңімен жаңартылып, елді мекеннің жалпы келбеті айтарлықтай жақсарды.
Атап айтқанда, Тәуелсіздік көшесінің бойында ұзындығы 860 метр жаяу жүргіншілер жолы салынса, 480 метр суағарға бетон науа (лоток) орнатылған. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіз демалысына арналған жаңа ойын алаңы пайдалануға беріліп, оған бес түрлі ойын кешені, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды. Бұл жоба тұрғындар, әсіресе, жас отбасылар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталды.
Жібек жолы көшесінде орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығы мен Мансап орталығының маңы да толықтай жаңартылған. Яғни, ғимараттың алдына 970 шаршы метр асфальт төселіп, келушілер үшін қолайлы әрі реттелген инфрақұрылым жасалды. Бұл өз кезегінде халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
Аудан орталығының басты нысандарының бірі – орталық алаңдағы ұлттық нақыштағы сақиналы сахна да жаңғыртудан өтті. Қайта қалпына келтірілген сахнаның шатыры тұйық шеңбер түрінде жобаланып, ел бірлігі мен тұтастығын бейнелейді. Сыртқы безендіруінде ұлттық ою-өрнектер қолданылып, заманауи сәулет пен дәстүр үйлесімі көрініс тапқан. Сонымен қатар сахнаның артқы панеліне Жуалы жерінен табылған көне петроглифтердің элементтері енгізіліп, тарихи мұраға деген құрмет айқын байқалады. Бүгінде бұл нысан түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін, ұлттық рухты дәріптейтін орталыққа айналып отыр.
Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында Жамбыл көшесі мен оның тұйықтарына толық орта жөндеу жұмыстары жасалып, жалпы ұзындығы 1,949 шақырымды құрайтын жолға асфальт төселді және жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Сонымен бірге, Желтоқсан, Боранды, Жанқожа батыр, Әйтеке би және З.Елшібаев көшелерінде де орта жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жол жамылғылары жаңартылды.
– Ауылда әрбір тұрғынның өтініші біз үшін маңызды. Ауыл әкімі аппаратына келіп түскен кез келген өтініш міндетті түрде қаралып, заң аясында тиісті жауабы беріледі. Тұрғындар көтерген мәселелер мен ұсыныстарға сәйкес ауылда нақты жұмыстар атқарылып, кезең-кезеңімен шешімін табуда. Халықпен кері байланыс – жұмысымыздың негізгі бағыты. Сондықтан әрбір өтініш назардан тыс қалмайды», – дейді ауыл әкімі Р.Көсембаев.
Осы ретте, өткен жылы ауылда тұрғындардың өтініштері негізінде Сұлтан Бейбарыс көшесінде ұзындығы 70 метр суағар бетон науа орнатылып, үсті темір торлы жабынмен жабдықталғанын және Шетбұлақ көшесіндегі көпір кеңейтіліп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен өткізу мүмкіндігі артқанын айта кеткен жөн болар.
Мұнда қасиетті орындарды күтіп ұстау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, Е.Сауранбекұлы, Қ.Ералиев және Бейбітшілік көшелеріндегі қорымдар толық қоршалып, абаттандырылғаны осы жұмыстың дәлелі болса керек. Бұл жұмыстар зираттардың сақталуын қамтамасыз етуге және олардың тазалығын бақылауға бағытталып отыр.
Ал, жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында Алатау көшесі кеңейтіліп, 280 шаршы метр асфальт төселді. Сонымен қатар, Бауыржан Момышұлы ауылындағы көкпар алаңы ипподромның “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық автодәлізіне қараған бөлігі толықтай қоршалып, қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілді. Өткен жылы ауыл ішіндегі тозығы жеткен көшелер де назардан тыс қалған жоқ. Бірқатар көшелерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жолдардың сапасы едәуір жақсарды. Бұл жұмыстар арқылы тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасағаны анық.
Оқушылар мен тұрғындардың қауіпсіздігі де басты назарда болды. Яғни, №29 М.Жұмабаев атындағы мектептің маңындағы сайдың бойына қоршау орнатылса, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия мен Парасат көшесіндегі Мемлекеттік кірістер басқармасының автотұрақтарына жаңа асфальт төселіп, аумақ толық ретке келтірілуі де бірлескен жұмыстың нәтижесі болып отыр.
Бастысы, көктемгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары да жүйелі түрде ұйымдастырылып отырды. Мәселен, «Мәңгілік ел» саябағына ерекше көңіл бөлініп, онда тұрақты түрде сенбіліктер өткізілді. Сонымен қатар, аудандағы мекеме қызметкерлері белгіленген көшелерді тазалау жұмыстарына апта сайын атсалысты. Ауылда барлығы бес саябақ жұмыс істейді. Солардың ішінде «Жастар аллеясы» мен «Жасай бер, Қазақстан!» саябағына көктем мезгілінде 2000 түп қарағаш көшеті отырғызылып, жасыл желек көлемі айтарлықтай артты.
Міне, өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстар биыл да аудан аумағында жалғасын табуда. Мәселен, биыл балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына жағдай жасау мақсатында Ы.Алтынсарин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй аумағында орналасқан балалар ойын алаңы толықтай жаңартылыпты. Аталған аумақта 230 шаршы метр тартанды жабынды төселіп, жаңа заманауи ойын құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алаң толық қоршалып, тұрғындардың қолайлы демалысына арналған орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған. Бұл жұмыстар ауыл инфрақұрылымын жетілдіру және өскелең ұрпаққа қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру бағытында атқарылған маңызды жобалардың бірі болды.
Сонымен қатар, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау мақсатында Ы.Алтынсарин көшесінен Абай және Б.Үсенов көшелеріне дейін жаңа жаяу жүргіншілер жолы салынып, пайдалануға берілді.
Балаларға арналған тағы бір жаңа демалыс алаңы Б.Қойбақов көшесінің бойында пайдалануға берілді. Алаңша заманауи талаптарға сай жабдықталып, толықтай қоршалды. Балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына мүмкіндік жасау үшін орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, 150 шаршы метр тартанды резеңке төсеніш төселді. Сонымен бірге, өткен жылы Астана қаласының Байқоңыр ауданынан жеткізілген алты түрлі балалар ойын кешені осы алаңға орнатылып, кешкі уақытта да пайдалануға мүмкіндік беретін жарықтандыру жүйесі іске қосылып отыр.
Ауылішілік көшелерді күтіп ұстау және олардың пайдалану сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, 28 көшеде, орталық базар аумағында және бір көпқабатты тұрғын үйдің маңында жалпы көлемі 3000 шаршы метрден астам жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол жабындылары қалпына келтірілген.
Тұрғындардың өтініштері негізінде Наурыз көшесіне суағар арық-науа (лоток) салынып, оның үсті қауіпсіздік талаптарына сәйкес темір торлы жабынмен жабдықталды. Бұл жұмыстар көше бойындағы жауын-шашын және еріген қар суларын тиімді ағызуға, санитарлық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Аудан орталығын көркейту және тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында Б.Сафинов көшесінің бойындағы жалпы көлемі 1071 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, пайдалануға берілді.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, ауыл аумағында 21 орынға жаңа жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Сонымен қатар, көлік құралдарының жылдамдығын төмендету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 46 жерге жасанды кедір-бұдыр орнатылды. Жол қозғалысын тиімді ұйымдастыру үшін 220-дан астам жол белгісі қойылып, оның ішінде 100-ге жуық жол белгісі жаңартылды.
– Тұрғындардың көп жылдан бері көтеріп келген маңызды мәселелерінің бірі – Бейбітшілік және Мұнайшы көшелерінің арасындағы сай арқылы қатынау мәселесі болатын. Осыған байланысты тұрғындардың өтініші ескеріліп, жаяу жүргіншілерге арналған жаңа көпір салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары көпірді күнделікті қауіпсіз әрі қолайлы пайдаланып келеді. Бұл жоба тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік нысандардың бірі болып табылады, – дейді ауыл әкімі.
Әулие Бастау көшесінің асфальт төселмеген бөлігінде жолды тегістеу жұмыстары жүргізіліп, құм-қиыршық тас қоспасы төселді. Бұл уақытша шешім тұрғындардың көлікпен және жаяу жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта аталған көшенің қалған бөлігіне толық абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, асфальт жамылғысы төселетін болады.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауылдың жасыл белдеуін кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл мақсатта биыл республикалық маңызы бар жол бойындағы саябаққа 700 түп қылқан жапырақты ағаш отырғызылса, «Дарынды оқушылар» саябағына тағы 250 түп ағаш көшеті егілді.
Сонымен қатар, «Мансап» орталығы арқылы жіберілген тоғыз қоғамдық жұмысшы ауылдың тазалығын күн сайын қамтамасыз етіп келеді. Сайлар, арықтар мен су арналары тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, санитарлық тазалау жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстар ауылдың экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етуде.
Осы орайда ауыл әкімі Рәтбек Көсембаев тазалық пен экологиялық мәдениет мәселесіне ерекше тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстардың тек бір реттік шара емес, тұрақты жүйе екенін атап өтті.
«Тазалық – тек сенбілікпен шектелетін науқан емес. Бұл – әрбір тұрғынның күнделікті мәдениеті. Ауылдың көркі мен экологиялық ахуалы ортақ жауапкершілікке тікелей байланысты. Сондықтан біз санитарлық тазалық, көгалдандыру және қоғамдық орындарды күтіп ұстау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да күшейтіле береді», – деді ауыл әкімі.
Халық саны 14 мың 870 тұрғынға жеткен 83 көшесі бар Бауыржан Момышұлы ауылында тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жүйесі де ретке келтірілді. Алғашында жаңа тарифке қатысты тұрғындар арасында түсінбеушілік болғанымен, ауыл әкімдігі жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде мәселе оң шешімін тапты. Бүгінде «Жуалы Тазалығы» жеке кәсіпкерлігі бекітілген кестеге сәйкес тұрмыстық қалдықтарды тұрақты түрде шығарып келеді. Қазіргі уақытта 3060 ауланың 1244-і арнайы келісімшартқа отырған.
– Соңғы уақытта тұрғындар аудан орталығындағы көшелерде жаңа аялдамалар мен орындықтардың орнатылып жатқанын жиі айтып, оған оң бағасын беруде. Бұл жұмыстар кездейсоқ қолға алынған жоқ. Басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарына жайлы әрі қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру. Осы бағытта ауыл көшелеріне 50 орындық пен қоқыс жәшіктері орнатылды. Сонымен қатар, қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын тұрғындардың қолайлылығы үшін 33 жаңа автобус аялдамасы салынып, олардың жанына да қоқыс жәшіктері қойылды. Әсіресе, қарттардың, балалардың және қоғамдық көлікпен қатынайтын тұрғындардың осы игілікті жұмыстардың пайдасын көріп отырғаны бізді қуантады.
Біз үшін ауылдың көркі тек жолы мен ғимараттарымен ғана өлшенбейді. Әрбір орындық, әрбір аялдама, әрбір абаттандырылған аумақ – тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге бағытталған нақты жұмыстардың нәтижесі. Сондықтан алдағы уақытта да қоғамдық кеңістіктерді көбейту, тұрғындардың демалуына қолайлы орындар қалыптастыру және ауылдың сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса береді.
Ең бастысы – жасалған дүниені бірге күтіп, таза сақтау. Орнатылған орындықтар мен аялдамалар – барша ауыл тұрғындарына ортақ игілік. Сондықтан әрбір тұрғын қоғамдық мүлікке жанашырлықпен қарап, тазалық пен тәртіпті сақтауға үлес қосса, ауылымыздың ажары одан әрі арта түсетініне сенімдімін, – дейді Рәтбек Көсембаев.
Иә, ауылдың ажары – оның тазалығы. Осы қағиданы басты назарда ұстаған ауыл әкімдігі елді мекеннің санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жыл бойы жүйелі түрде жүргізді. Сай-салалар, арықтар мен су арналары тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, кең көлемді санитарлық тазалық шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылды. Нәтижесінде, қоршаған ортаның тазалығы сақталып қана қоймай, ауылдың экологиялық ахуалы жақсарып, тұрғындар арасында тазалық мәдениеті нығая түсті.
Ауыл әкімі бұл бағыттың маңызын айта келе, “Ауылдың сәулеттік келбетін қалыптастыру мақсатында қазіргі таңда кәсіпкерлерді тарта отырып “Б.Момышұлы ауылына тарту” жобасы іске асырылуда. Яғни, кәсіпкерлердің демеушілігімен ауылда әртүрлі архитектуралық формада мафтар орналастыру жұмыстары атқарылуда.
Жоғарыда атап өткендей, ауылда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға жеке кәсіпкермен әлі де келісімшартқа тұрмаған тұрғындар бар. Сол тұрғындарды өз ауылының тазалығы үшін келісімшартқа тұруға шақырамыз. Әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстап, қоршаған ортаның тазалығына атсалысса нұр үстіне нұр. Өйткені, ауданның орталығы саналатын ауылға қаншама сырттан қонақтар келіп кетеді.
Сырт көз – сыншы. Сырттан келген адам ең бірінші ауданның келбетінің қазіргі күйіне зер салады. Ауданның келбеті біздің ауылға тікелей байланысты. Сондықтан оның тазалығымен қоса, сәулеттік келбетінің келісті болғаны да маңызды. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлермен де өздері кәсіп жүргізіп отырған ғимараттың сыртқы келбетін жаңартуды ескертіп отырамыз. Тазалық пен тәртіп – бір реттік науқан емес, күнделікті жүйелі жұмыс. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады», – деп атап өтті.
Жалпы алғанда, атқарылған жұмыстар ауылдың тек инфрақұрылымын ғана емес, оның мәдени-экологиялық келбетін де айтарлықтай жақсартты. Алдағы кезеңде де бұл бастамалар жүйелі түрде жалғасып, елді мекеннің даму қарқынын арттыруға бағытталмақ.