Basty bet

Шыңбұлақта шөп ору науқаны қарқын алды

Жаз мезгілі – ауыл еңбеккерлері үшін қарбалас әрі жауапты кезең. Бұл уақытта егін шаруашылығы мен шөп дайындау жұмыстары қатар жүргізіліп, дала төсінде тынымсыз еңбек қыза түседі. Ауыл тұрғындары таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек етіп, мол өнім жинау мен қысқы мал азығын толық қамдауға бар күш-жігерін жұмсауда.
Шыңбұлақ ауылында 10 маусымнан бастап шөп ору науқаны басталды. Бүгінде ауылда дала төсінде еңбек етіп жүрген шаруа қожалықтарының жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Олар көктемде себілген әрбір дәннің өнім беруі үшін егістік алқаптарында күтіп-баптау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Уақтылы суару, тыңайтқыш беру және арамшөптермен күрес шаралары нәтижесінде егіннің бітік шығуына қолайлы жағдай жасап отыр.
Сонымен қатар, ауылда шөп ору науқаны да қарқын алған. Мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар қысқы мал азығын молынан дайындауға кіріскен. Арнайы техникалардың көмегімен шабылған шөп жиналып, қыстық қор ретінде сақтауға әзірленуде.
Шаруа қожалық басшылары биылғы науқанның ұйымдасқан түрде өтіп жатқанын атап өтуде. Қажетті техникалар толық іске қосылып, еңбеккерлерге барлық жағдай жасалған. Ауыл азаматтары бірлесе еңбек етіп, науқанды уақтылы әрі сапалы аяқтауға жұмылдырылған.
Еңбек – берекенің бастауы. Адам өміріндегі барлық жетістік пен табыстың негізі адал еңбек пен тынымсыз ізденісте екені белгілі. Дала төсінде маңдай терін төгіп жүрген шаруалардың қажырлы еңбегі ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосады. Олар табиғатпен етене жұмыс істей отырып, жердің құнарын арттырып, ел ырысын еселеуде.
Биыл ауа райының қолайлы болуы шаруалар үшін үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Егін мен шөп ору науқанының нәтижелі өтуі тұрғындардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де оң ықпал етеді. Өнім мол болған сайын мал шаруашылығы да дамып, ауыл экономикасы одан әрі нығая түседі.
Биылғы жылы шөп шығымы өткен жылмен салыстырғанда едәуір мол. Жайылымдар мен шабындық алқаптарында шөптің бітік шығуы мал азығын жеткілікті дайындауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, егін де жақсы өсіп, шаруалар мол өнім алуға үміт артуда. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің табанды еңбегі мен тәжірибесінің нәтижесі.
Осы орайда ауылдың белгілі шаруа қожалықтарының бірі – Нұрбол Темірбеков жетекшілік ететін “Темірбекова” шаруа қожалығы. Агроқұрылым 1997 жылдан бері жеке шаруашылық ретінде ауылда шамамен 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып келеді.
«Биылда ауа райының қолайлы болуының нәтижесінде шаруалар үшін үлкен мүмкіндік туып отыр. Егін мен шөп науқанының нәтижелі өтуі тұрғындардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де тікелей ықпал етеді. Өнім мол болса, мал шаруашылығы да дамып, ауыл экономикасы одан әрі нығая түседі. Сол себепті әрбір маусымдық жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді» дейді Нұрбол Темірбеков.
Қорыта айтқанда, ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы мен еңбекқорлығының арқасында биылғы науқан табысты өтеді деген сенім мол. Еңбек еткен елдің ырысы артып, берекесі қашанда бекем болмақ.

Ақмаржан Канал,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университеті
конвергентті журналистика мамандығының
1-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close