Basty bet
Ауылдастар арасындағы аламан
Бүгінгі таңда дені сау ұлттың – болашағы зор екені баршамызға белгілі. Сондықтан елімізде Президенттің бастамасымен бұқаралық спортты дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасалуда. Осы орайда Шақпақ аймағының жігіттері өздері «Ауылдастар» атты үлкен футболдан турнир ұйымдастырды. Турнирге 14-70 жас шамасындағы ауыл азаматтары арасынан құрылған төрт құрама өзара бақ сынасты.
«Ауылдастар» атты турнирдің шымылдығын ашып беру үшін Шақпақ ауылдық округінің әкімі Затыбек Пашенов және футбол спортының жанашыры, еңбек ардагері Елубай Пралиевке сөз берілді. Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі. Рас, денсаулығы мықты адам қоғамға мол пайда әкелетіні сөзсіз. Ал денсаулықты сақтаудың бірден-бір жолы – спортпен шұғылдану.
Турнир өте тартысты және жоғары деңгейде өрбіді. Нәтижесінде Смат Есімұлы және Жұмабек Оразбаев көшелерінен құралған құрама І орын, «Ынтымақ» құрамасы ІІ орын, Дмитрий Пахомов және Тұрар Рысқұлов көшелерінен құралған құрама ІІІ орынды «Шақпақ» бекетінің командасы иеленді. Одан бөлек жарыс барысында ерекше көзге түскен ойыншыларға түрлі номинациялар берілді. Елубай Пралиев турнирдің «Ең үздік ойыншы» болды. Жолдас Ахметов «Ең үздік қақпашы», Асылғали Нұрқали «Ең үздік қорғаушы», Нұрғазы Сапиев «Ең үздік жартылай қорғаушы», төрт гол соққан Еркебұлан Серік турнирдің «Ең үздік сұрмергені» атанды.
Айта кету керек, футбол турнирінің ойындарын толығымен ауыл жігіттері өздері ұйымдастырды. Жүлде шығындарын да тұрғындар көше-көше болып өздері көтерген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл игі бастама ауыл жастары тарапынан көтерілген. Аға буын қолдап әкетті. Содан 14 жастан 70 жасқа дейінгі тұрғындар арасында бірнеше команда құрылып, кубоктар, ақшалай сыйлықтар, мақтау қағаздары дайындалды.
Спортшылардың жұлдызын жандандыруға үлес қосып жүрген жаттықтырушыларға, ардагерлерге, аймақтың, намысын қорғап жүрген спортшыларға, осы салаға енді ғана бет бұрған жас жеткіншектерге тек жеңісті күндер тілейміз.
Ақжан Ахметов,
Шақпақ ауылдық округінің
жастар ісі жөніндегі инспекторы