Basty bet

ТАБЫС ТАБАНДЫ ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ

Аудан әкімі Олжас Қаржауовтың тұрғындар алдындағы келесі есеп беру жиыны Нұрлыкент ауылдық округінде ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Кездесуді ауылдық округ әкімі Нұржігіт Бөлекбаев ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Асхат Әбдіқұлов өткен жылда атқарған жұмыстары туралы баяндады. Аймақта өткен жылы тіркелген екі қылмыстың біреуі ашылмаған. Қылмысты болдырмау және алдын алу мақсатында 183 әкімшілік хаттама толтырылған. Тұрғындар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және кәмелетке толмағандар арасында қылмысқа жол берілмеген. Ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлерімен бірлесіп, белгіленбеген жерлерге күл-қоқыс қалдықтарын тастағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік жаза ретінде 39 азаматқа ескерту жасалған. Сонымен қатар, жолда жол жүру ережесін бұзғаны үшін 93 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған.
Одан әрі қарай ауылдық округ әкімі Нұржігіт Бөлекбаевтың 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2022 жылға атқаратын міндеттері туралы қорытынды есебі тыңдалды. Баяндамашы өңірде атқарылған жұмыстарды саралай келе, аймақтың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы қамтамасыз етілгенін, халықтың тұрмыс деңгейі жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті. Біршама жұмыстар қолға алынып, тұрғындардың өтініштері мен сұраныстары қараусыз қалмаған. Салық түсімдері уақтылы жиналып, тұрғындарға мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілген.
Көпшіліктің сұранысы қанағаттандырылып, өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Нұрлыкент ауылында 180 орындық мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілген.
Ағымдағы жылы Нұрлыкент ауылындағы Атакент, Түктібай ауылындағы Бердімбеков көшелері орта жөндеуден өткізіледі. «Жасыл белдеу» бағдарламасымен 1 000 түп қараағаш, 500 түп терек егу жоспарланған. Бірқатар көшелерге орта жөндеу және жарықтандыру жүргізуге ЖСҚ әзірленеді.
Сұрақ-жауапқа кезек келгенде, Шапағат көшесінің тұрғыны өткен есептік жиында көше жолының орта жөндеуден өткізілетініне уәде берілгенін, алайда жөндеу жүргізілмегенін айтып, «көшедегі батпақтан адам аяғын алып жүре алмайды, лай болып жатқандықтан көшеге таксилер де кірмейді, тым болмаса, шағал тас төсеуге ықпал етіңіз» деген тілегін білдірді.
Нұрлыкент ауылының тұрғыны Бауыржан Нармаханұлы жайылым тапшылығы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Жер кодексінің талаптарына сай ауыл іргесіндегі жерлер ешкімнің қолданысында болмауы тиіс. Осы ретте, 2014, 2017 жылдары іргедегі екі күн электр станциясы салынғанда, тұрғындар пікірі ескерілмеген. Соның салдарынан 300-400 гектар жайылым жер айналымнан шығып отыр. Ол құзырлы органдарға осы инвестициялық жоба үшін берілген жер телімінің заңдылығын анықтау қажеттігін ұсынды.
Ауыл имамы Қанатбек Шәмшиев те кезінде күн электр станциясы салынғанда, халыққа үйіп-төгіп берілген уәделердің ешқайсысының орындалмағанына қынжылыс білдірді.
Түктібай ауылының тұрғыны, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырхан Досыбаев ауылдағы М.Әуезов атындағы мектептің тозығы жеткенін айтып, жаңа мектеп салу қажеттігін еске салса, Нұрлыкент ауылының тұрғыны Есенгелді Әбдіқұлов аудан әкіміне үлкен жолдың арғы жағына мал жаю үшін өткел салуға ықпал етуін, сонымен бірге округтегі ірі жер иеленуші «Гамбург» ЖШС-нің басшысына жер пайдалану саласында туындап отырған кикілжіңді шешуге араласуын өтінді.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов жиында көтерілген жайылым, мал азығының тапшылығы мәселесін шешу үшін ауыл іргесінен сүрлемдік жүгері өсіру үшін 40 гектар жер бөлуге және оны қаржылай қолдауға дайын екенін айтса, ағын су тапшылығын ШҚ жерінің басынан артезиан ұңғымаларын қазу арқылы шешуге болатынын жеткізді. Бұл мақсатта биыл ауданға «КамАЗ» автомашинасы базасында мамандандырылған техника сатып алынбақ.
Тұрғындар тарапынан көше жолдарын жөндеу, көшелерде бос жүрген иттердің көбеюі, жайылым тапшылығы, ағын су мәселелері көтерілді. Барлық сұрақтарға аудан әкімі О.Қаржауов пен тиісті сала басшылары жауап берді.

Таңдаулы материалдар

Close