Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі екені белгілі. 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Ауғанстанға кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, 1979 жылы 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді.
Деректерге қарағанда, Кеңес әскелерінің жекелеген бөлімшелері Ауғанстан аумағынан шыға бастауы өте күрделі операция болды. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Кеңес әскерлерінің құрамында Қазақстаннан 22 мыңнан астам жауынгер интернационалдық міндетін адал атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапса, 21 адам хабар-ошарсыз кетті деген деректер бар. Елге аман-есен оралғандардың ішінде де мыңдаған азаматтардың мүгедек болып қалғандары, сол соғыстың зардабынан қайтыс болған боздақтар қаншама?!
Ананы перзентінен айырып, асыл жарлар мен жас балаларды әкесіз қалдырған сол бір сұрапыл соғыс қаншама қазақстандықтың отбасына қасірет пен қайғы әкелгенін бәріміз күнделікті өмірде естіп-біліп жүрміз. Иә, жат жерде болған Ауған соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын.
Ерлікке тағзым ету, құрбан болғандардың рухының алдында құрмет көрсету – тірілердің міндеті. Сондықтан елімізде жыл сайын Ауған соғысында қаза болған ардагерлерге тағзым етіп, оларды еске алу шаралары өткізіліп тұрады. Қалалар мен аудан орталықтарында Ауған ардагерлеріне арналған ескерткіштер бар.
Биылғы 15 ақпанда Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толып отыр. Міне, содан бері осынша жыл өте шықса да, Ауған жерінде орын алған ойранға қатысқан ардагерлердің жүрегі әлі күнге сыздайды. Себебі, олар жат жерде болған соғыстың салдарынан қаншама қаруластарынан көз жазып қалды. Жалынды жастық жылдарын сонда өткізген олардың жүрек түкпірінде жазылмайтын жара барын Ауғанның асуында от кешкендердің өздері ғана жақсы білсе керек…
15 ақпан – Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай ауданда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы күні таңертең аудан басшысы Олжас Қаржауов, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков, сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесі және қоғамдық кеңес төрағалары, бөлімдер мен мекеме басшылары және қызметкерлері, сонымен қатар, ардагерлер аудан орталығындағы Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке арнайы барып, ескерткішке құрметпен гүл шоқтарын қойды.
Ескерткіш маңына жиналған қауым Ауған соғысында қайтыс болған марқұмдарды бір минуттық үнсіздікпен еске алып, олардың рухына тағзым жасаған соң, құттықтау сөз аудан әкімі Олжас Қаржауовқа берілді.
-Құрметті жиналған қауым!
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толып отыр. Сұрапыл соғыс қаншама баланы әкесіз, қаншама ананы баласыз, әйелдерді жан жарынсыз қалдырды.
Жуалы ауданында Ауған соғысының 59 ардагері тұрады. Олар бүгінде өмірден өз орындарын тауып, өз алдарына отбасы, шаруа қожалықтарын құрып жұмыс жасап жатса, кейбірі аудан мектептерінде ұстаздық етіп, жас ұрпақтың тәрбиесіне, қоғамды дамытуға да белсене атсалысып жүр.
Бүгінде ардагерлерімізге мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Елбасының 1998 жылдың 28 сәуірінде шыққан Жарлығы аталған ардагерлерге берілетін қаржылық көмектің мөлшерін анықтап берді. Одан бөлек, жыл сайын бір реттік қаржылай көмектер берілуде.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері қашанда жастарымызды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі десек, Сіздер, Ауған соғысының ардагерлері сол майдангер қарттарымыздың лайықты ізбасарлары болдыңыздар. Жастарымыздың отаншылдық рухта тәрбиеленуі жолында, яғни мемлекет мүддесі үшін аянбай еңбек етудесіздер.
«Тату елге тоқшылық пен тыныштық нәсіп» деп дана бабаларымыз өсиет еткендей, татулықтан, тыныштықтан, ел бірлігінен асқан байлық жоқ. Тәуелсіз Қазақ елі өзінің отыз жылға жуық тарихында тыныштықты ту етіп ұстанған мемлекет ретінде қалыптасты. Біз біртұтас ел екенімізді, көпұлтты, бірлігі жарасқан мемлекет екенімізді ұмытпауымыз керек. Сол себепті, біздің басты байлығымыз – бірлікте екенін бір сәтке де естен шығаруға болмайды. Бейбіт елде ғана береке болады.
Қадірлі Ауған соғысының ардагерлері!
Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға амандық, құт-береке, ынтымақ тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,- деді Олжас Есалханұлы.
***
Мерекеге орай және Ауған соғысы ардагерлеріне арналып аудандық «Достық» мәдениет үйінде мерекелік жиын мен концерт ұйымдастырылды. Айта кету керек, жиынға ардагерлермен қатар, аудан территориясында орналасқан 91678 әскери бөлімі мен ҚР ҰҚК Шекара қызметіне қарасты «Ақсуат» және «Б.Момышұлы» шекара заставаларының жеке құрамының сардарлары мен сарбаздары қатысты.
Жиында алғысөз мәртебесі аудан әкімі Олжас Қаржауовқа беріліп, аудан басшысы өз сөзінде, аудан басшылығымен қатар, өңір халқының Ауған соғысына қатысқан ардагерлерді үнемі құрметтеп, олармен қоян-қолтық жұмыс жасап жатқанын, жастар мен ардагерлер арасындағы тұрақты байланыс пен лайықты қарым-қатынастардың ары қарай да жалғаса беретінін баса атап көрсетті. Ардагерлер қандай да болсын, жоғары құрмет пен марапаттарға лайық екенін, олар жасаған ерлік істер жас ұрпаққа, әсіресе, Отан алдында азаматтық борыштарын атқарып жатқан жас сарбаздарға үлгі-өнеге екенін айтты.
Келесі кезекте ардагерлердің бір тобына аудан әкімінің Алғысхаты тапсырылды. Атап айтқанда, Ауған соғысының ардагерлері – Жұмабай Оразбаев, Мақсатбек Әбдібеков, Кенжехан Раздықов, Бақтияр Жұмашев, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Мейрамбек Ерімбетов, Темірхан Сейділдаев, Қази Молдабайұлы, Қосмұрат Имахаев, сонымен қатар, марқұм Нұрлыбек Замбаевтың ағасы Аманжол Аязұлына да марапат тапсырылды. Ардагерлерді аудан басшысы Олжас Қаржауов марапаттап, оларға естелік сыйлықтар тапсырды.
Мерекелік жиында аудандық мәслихаттың хатшысы, Ауған соғысының ардагері Ерғали Тілеубеков те сөз сөйлеп, ол өз сөзінде, Ауған соғысының саяси мән-мағынасына кеңінен тоқталып, оның біздің елімізге, сол тұста жат жерде әскери борышын өтеген өрімдей жас сарбаздардың өміріне де елеулі өзгерістер әкелгенін айтты. Отан күзетінде елімізді қорғап тұрған жас сарбаздарға, өскелең жастарға ел басына қауіп-қатер төнгенде Отанды қорғауға дайын болу қажеттігін еске салды. Сонымен қатар, әлемде тыныштыққа, бейбіт өмірге қауіп төндіретін қандай да соғыстың болмауына, елімізде тыныш өмірдің орнығуына шын жүректен тілектестігін білдіре келе, сөзінің соңында ардагерлерге мықты денсаулық тілеп, Ауғанның асуында от кешкен азаматтар қашанда жастарға үлгі-өнеге болып, абыройға лайық өмір сүруге дайын екендіктерін жеткізді.
Ауған ардагерлерінің жастарға, мектеп оқушыларына патриоттық тұрғыда тәрбие, оларды Отансүйгіштікке, елжандылыққа баулуда үлкен рөлге ие екенін де айта кеткеніміз артық болмас. Кейінгі жылдары аудандағы мектептер мен №16 Жуалы колледжінде, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде ардагерлермен тығыз қарым-қатынас орныққан. Ауған асуында от пен оқтың ортасында болып, соғыста небір қиыншылықтарды басынан өткерген ардагерлермен болған әрбір кездесу оқушы жастар үшін де, Отан күзетіне аттанғалы отырған жас сарбаздар үшін де үлкен тәрбие мектебі екені даусыз. Патриоттық тәрбие – тәрбиенің маңыздысы дейтін болсақ, бұл жұмыстарды әлі де жүйелей түсіп, ары қарай да жалғастыра беру маңызды болып қала береді.
Осы ретте, мерекелік жиынға арнайы шақырылған 91678 әскери бөлімінің штаб бастығы Руслан Сарымсақов та өз сөзінде, ардагерлердің қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, оларға бөлімнің атынан сыйлықтар ұсынды. Жас сарбаздар да сахнаға көтеріліп, ардагер ағаларына деген жүрекжарды тілектерімен қоса, рухты көтеретін патриоттық өлеңдер оқыды.
Мерекелік шара әрі қарай аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Онда әншілерден құралған квартет және дуэт ерлік туралы әндерді әуелете орындаса, ауданға танымал өнерпаздар Бақытжан Абдалиев пен Бекзат Жұматаев Ауған соғысына арналған «Шурави» және «Офицеры» әндерін тебірене орындап, көрермен ықыласына бөленді.