Basty bet
Екпе түрлі мал ауруының алдын алуға көмектеседі
Мал ауруларын анықтау әртүрлі тәсіл арқылы анықталады. Оны анықтаудағы басты мақсат – малда болатын аурудың адамға жұғыуының алдын алу. Соның ішінде мүйізді ірі қарада жиі кездесетін ауру – қарасан. Қарасан – жіті өтетін, жұғымтал емес, бұлшық еттердің басып көргенде сықырлайтын қабынуы арқылы ерекшеленетін жануарлардың жұқпалы ауруы.
Бұл ауру түрі ертеден белгілі, бірақ оны ұзақ уақыт топалаңмен шатастырып келді. Қоздырушысы табиғатта кең тараған, топырақта, көңде, түбі лай су қоймаларында кездеседі. Қарасанмен негізінен 3 айдан 4 жас аралығындағы мүйізді ірі қара, сирек болса да қой-ешкіде кездеседі.
Инфекция қоздырушысының бастауы – ауырған жануарлар, ал таралу факторларына ауру қоздырушысының спораларымен ластанған топырақ, жем-шөп, жайылым, батпақты, ағыны жоқ су көздері жатады. Ауру алиментарлық жолмен және зақымданған тері арқылы жұғады. Қоздырушысының денеге бойлауына ауыздың кілегейі қабығының бүлінуі, ішек-қарынның қабынуы, кейбір гельминтоз аурулары жағдай жасайды. Қойларға негізінен тері арқылы, қырыққан кезде жұғады. Ішек-қарын немесе зақымданған тері арқылы микроб қанға өтіп, бүкіл денеге жайылады да, гликогені мол бұлшық етті мүшелерге тұрақтайды. Бұл аурудың ақыры өлімге соқтырады
Ауру өте жіті өтетіндіктен ем көбінесе нәтиже бермейді. Тек қана уақтылы, алғашқы белгілері біліне бастағанда жүргізілген ем нәтижелі болады.
Аурудың алдын алудың бірден-бір жолы – малды балшықты, тұрып қалған су көздеріне суаруға, сазды жайылымдарға жаюға, топырақпен былғанған жем-шөпті беруге болмайды. Ферма мен жайылым территориясының санитариялық-гигиеналық жағдайына үнемі бақылау жасап, жануарларды жарақаттанудан сақтау керек. Сонымен қатар шаруашылықтарда мүйізді ірі қараны 3 айдан бастап 4 жасқа дейін, қойды 6 айдан бастап ауруға қарсы екпе егу қажет. Әдетте екпені жайылымға шығар алдында егеді. Егер жайылым маусымы ұзақ болса 6 айдан соң қайталап егеді. Қарасан жиі байқалатын жерде бұзауларды 2 рет 3 және 6 айлығында егеді.
Лаура АМИРБЕКОВА,
Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария
басқармасының Жуалы ауданының
ветеринария станциясы ШЖҚ КМК бас маманы