Basty bet

Сақтық шараларын қатаң сақтайық!

Бүгінгі таңда ауданда коронавирус инфекциясының таралу қаупі жоғары болып тұр. Өткен айда бұл аурудың таралуы айтарлықтай төмендеген еді. Республикадағы барлық облыстар «жасыл аймақтан», екі аптаның ішінде Түркістан облысынан басқа аймақтың бәрі «қызыл аймаққа» кірді. Бұл деген сөз аурудың ушығып тұрғаны. Кей аймақтарда жаңадан таралған «Омикрон» штамы табылуда. Осы жаңадан пайда болған «омикрон» штамы жайлы біз аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің бас маманы Назипа Әзімбековамен сұхбаттасқан едік.
-Назипа Өрісбекқызы Жамбыл облысы «қызыл аймаққа» енгені белгілі, осыған байланысты қазіргі таңда тұрғындардан не талап етіледі?
-Жамбыл облысы «қызыл аймаққа» енгеніне байланысты тұрғындар сақтық шараларын сақтауды, бетперде тағуы, әлеуметтік ара қашықтықты сақтауы және т.б. алдын алу шараларын қолдануы қажет. Тойды, жиынды, отбасылық мерекелерді, негізсіз басқосуларды, қыдыруды, уақытша тоқтату керек. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы үй карантиніндегі адамдарды 14 күндік оқшаулау шарттарын қатаң сақтауға шақырады. Бұл бүгінгі күннің, бүгінгі жағдайдың талабы.
Тұрғындар арасында талаптарды сақтау үшін: Жамбыл облысының бас санитарлық дәрігерінің «Жамбыл облысы аумағында карантиндік шектеу шараларын қатаңдату туралы» 17 қаңтар 2022 жылы №1 қаулысы шықты. Бұл қаулыда Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Байділдә Шынәлиев облыс тұрғындарының қауіпсіздігі үшін коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында көптеген іс-шаралар қабылдаған. Бұл аурудың көбеюі де, азаюы да өзімізге байланысты.
-«Омикрон» штамы коронавирус індетінің басқа штамынан айырмашылығы туралы айтып берсеңіз?
-«Омикрон» штамында дәм мен иіс сезу жоғалмайды. Негізгі белгілері: құрғақ жөтел, дененің қақсап ауруы, дене қызуының көтерілуі, тамақтың ашуы, жалпы әлсіздік, маңдай бөлігі мен самай бөлігінің, бастың ауырсынуы. «Омикрон» штамының жұқтыру көзі жоғары болып саналады.
-Вакцинаның барлық компонентін алған адам «омикрон» штамымен ауырса, оны қалай өткізеді?
-Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның үш этапын да алған адамдар «омикрон» штамымен ауырғанда жеңіл өтеді. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясымен тіркелген науқастардың ішінде вакцинаның толық этапын салдырғандар аурудың жеңіл түрімен және симптомсыз түрімен аурып жатыр.
-Қазіргі таңда ауырып жатқандардың көбі балалар, олардан осы аурудың белгілері анықталды ма?
-Қазіргі таңда ауданымызда коронавирус инфекциясымен ауырған науқастар көп тіркеліп жатыр, оның ішінде балалар да бар. Алайда ауданымызда ауырып жатқан науқастардың ішінен «омикрон» штамы тіркелген жоқ. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы үй карантиніндегі адамдарды оқшаулау шарттарын қатаң сақтауға шақырады. Қиын эпидемиологиялық күндерде тәртіпті сақтау – әр адамның азаматтық міндеті. Бұл – тек өзі үшін ғана емес, өз балаларының, отандастарының және бүкіл қоғамның денсаулығы, өмірі мен әл-ауқаты үшін де үлкен жауапкершілік.
Алдағы эпидемиологиялық жағдай барлық қажетті карантиндік шектеу шараларын қаншалықты сақтайтынымызға байланысты. Егер Сіз вакцинацияланбаған болсаңыз, жақын арада шешім қабылдаңыз, өйткені бір уақытта және жаппай вакцинациялау ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға және бәрімізге тез арада әдеттегі өмір салтына оралуға мүмкіндік береді. Өздеріңізге жұқтыру қаупін төндірмеңіз, денсаулықтарыңызды сақтаңыздар. Әлемдегі пандемияның жалғасуын ескере отырып, халықты вакцинациялауға және қарапайым шараларды сақтауға шақырамыз! Яғни, бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты және қол гигиенасын сақтаңыздар.
-Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Баян Оразбаева,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close