Basty bet

Білікті ветеринар, білімді маман

Жақсылығымен жанына сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп жүретін жақсы адамдардың кейде жанымызда жүргенін елеп-ескере бермейміз. Адал еңбегімен айналасына сыйлы болған жандардың бірі – «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жуалы аудандық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің бас маман-мемлекеттік санитариялық инспекторы Тастанбек Жақыпбеков. Саналы ғұмырын ветеринарияның дамуына арнаған білікті маманның балалық шағы Ақтөбе ауылдық округке қарасты Ақтоған ауылында өткен.
Бұрындары әсіресе ауыл тұрғындары арасында, баланы оқыту, жоғары білімді мамандыққа бейімдеу қалыптасқан үрдіс болатын. Мектепті бітірген бозбала Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында зооветеринария техникумына оқуға түсіп, оны үздік бітіреді. Үш жыл ішінде мал дәрігерліктің теориялық және практикалық білімнің қыр-сырын игеріп, білікті маман болып шығады.
Алғашқы еңбек жолын өз ауылындағы №10 әскери совхозда шошқа фермасында жұмысшы болып бастайды. Ол кезде шаруашылықтарда білікті кадрлар, әсіресе, ауыл шаруашылығы мамандары жетіспейтін. Техникумды үздік бітірген жас маманды ферма басшылары қуана-қуана жұмысқа қабылдады. Ауылдың шаруасына жас маман бірден білек сыбана кірісті. Техникумда тәжірибелі ұстаздардан алған тәлімін ыңғайына қарай жүйелі түрде қолдануға көшті. Мал ауруларының алдын алу, қозыға көкдәрі құю секілді науқан ретімен айналып келіп тұратын. Мал дәрігері болып еңбек еткен жылдары совхозда мал өлім-жітімі азайып, тиісінше төл саны артты.
– Алғашқы еңбек жолымнан бастап міндетін адалдықпен атқаратын шаруалар мен еңбекшілердің арасына түстім. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Семей қаласынан бізге бас ветеринариялық дәрігер ретінде Владимир Фадеев деген кісі тағайындалған болатын. Екеуміз 5-6 жыл тығыз байланыста жүріп жұмыс атқардық. Білімі өте жоғары маман еді. Көп дүниені сол кісіден үйрендім. Жаңашылдығы көп еді. Әлі күнге дейін сол кісінің үйреткенін ветеринария саласында қолданамын. Сол кездері ферманың меңгерушісі Виктор Антонович деген кісі екеуміз 10 жылдай бірге жұмыс істедік. Ағайынды адамдардай дос болдық. Күндіз-түні бірге жүрдік десе де болады. Ол кісінің менен бес жастай үлкендігі бар еді. Тағы айта кететіні, аға буын мал дәрігерлері Көшербай Мүсірепбеков, Арабхан Заппаровпен бірге қызмет атқардық. Осындай жаны жайсаң жандармен бірге жұмыс істедім. Замандас, сырлас болдық. Барлығы да адами қасиеттері жоғары, жан дүниесі таза, еңбекке ынта-жігерімен берілген азаматтар болатын, – дейді Тастанбек Заманбекұлы.
Аз ғана жыл ішінде ферма қалыпты тіршілікке көшті. Бірақ алда басқа да өзгерісті кезеңдер күтіп тұр еді. Өтпелі кезеңнің талабына сәйкес, барлық фермалар тарап, жекешеленді. Одан кейін ол 2000 жылы аудандық аумақтық инспекциясына бас маман-мемлекеттік санитариялық инспектор болып жұмысқа ауысып, содан бері 24 жыл табан аудармастан бір салада қызмет атқарып келеді. Оның жалпы еңбек өтілі – 40 жыл.
Тастанбек Заманбекұлының атқаратын қызметі – халыққа мемлекеттік қызмет көрсету, өңірдегі мал қозғалысын, мал шығаруға, сырттан мал кіргізуді қадағалау, жергілікті мал дәрігерлерінің жұмысына жүйелеп қадағалау жүргізу.
Өз мамандығына деген сүйіспеншілік оның еңбектегі абыройын асқақтатып, беделін биіктете түсті. Тастанбек аға жары Бахыт екеуі отбасында үш ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп, бүгінде олардан 12 немере сүйіп отыр. Отанасы Бахыт Каналбекқызы Ақтөбе ауылдық оругі әкімінің аппаратында есепші болып жұмыс істейді.
Тастанбек Заманбекұлы биыл ұзақ жылғы қызметтен зейнет демалысына шығады. Ардагерлік кезеңге абыроймен жету еңбек адамын бақытқа бөлейтіні рас.
Білікті ветеринар маман Тастанбек Жақыпбеков өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің облыстық салалық кәсіподағының ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, аудан және облыс әкімінің Алғысхаттарымен марапатталған.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close