Basty bet
Шәкірт жүрегіне жол тапқан
Қазақ даласына білімнің шамшырағын жаққан алғашқы ұстаз Ыбырай Алтынсаринның: «Бізге жақсы мұғалім бәрінен қымбат. Өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзі өз мәнін ешқашан жоғалтқан емес. Бүгінгі күні ол уақыт көшіндегі жаңғыру мен жаһандануға апарар білім жолында өзгермес қағидаға айналды. Нағыз ұстаз – тек білім беретін адам емес, өз шәкірттінің жүрегінде мәңгілік із қалдыратын жан. Сондай ұстаздың бірі – №24 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің физика және математика пәнінің мұғалімі Ақмарал Бейсенова.
Ол еңбек жолын 1987 жылы аталған мектепте мұғалім болып бастап, жұмыс барысында өзінің білімі мен еңбекқорлығын танытады. Соның нәтижесінде ол 1999 жылы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, оны ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарды. 40 жылға жуық еңбек жолында жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беруде үлкен нәтижелер мен жетістіктер көрсетті.
Ақмарал Әжімұханқызы талай ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, шәкірттерінің жүрегіне ізгілік пен даналықтың дәнін септі. Ұстаздық жолы ұлағат пен еңбекке толы. Саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған ұлағатты ұстаз биыл абыроймен зейнеткерлік жасқа жетіп, еңбектің зейнетін көретін кезеңге де келіп жетті.
Ол ұстаз болу жай ғана мамандық емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен оған жан-тәнімен берілу екенін еңбек жолында көрсете білді. Әрбір баланың жүрегіне жол тауып, өмірлік бағыт-бағдар берді. Болашағына жарық сәуле сеуіп, армандарға жетелей білді. Білім беру жолында кездесетін қиындықтар мен сынақтарға қарамастан, шәкірттеріне үйретуден еш жалықпады. Себебі, ол өзінің жұмысын жүрекпен орындай білді.
Шәкіртінің жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі. Оның шәкірттері аудан. облыс және республика көлемінде жүлделі орындарды иеленді. Мәселен, 2023 жылы “Дарын” онлайн ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен 5-6 сынып оқушыларының арасындағы республикалық олимпиаданың жеңімпазы Мерей Бекбол, Диас Киікбай, Бекнұр Мәлікбай және Асылжан Қалдыбекті атауға болады. Ал, 2022 жылы оқушылар арасында «Ақбота» интеллектуалды марафонында сегіз оқушы І дәрежелі дипломмен және тоғыз оқушы ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Осы жылы Қазақстан Республикасы Ауыл мектептерінің 6 сынып оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасында 6 сынып оқушысы Мәлікбай Бекнұр жеңімпаз атанып, арнайы диплом және сертификатпен марапатталды.
Сонымен қатар, «Ханталапай» республикалық математикалық сайысында І дәрежелі диплом алғаны үшін Айым Киікбай мен Нұрай Құмар ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Республикалық ұлттық интернет олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Совет І дәрежелі дипломды иеленді. 2021 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігі Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетінің ұйымдастыруымен өткен олимпиадада І дәрежелі дипломмен 9 сынып оқушысы Бақдәулет Киікбай марапатталды. 2020 жылы республикалық «Дарындылық.кz» дарындылықты дамыту орталығының сайысында «Ғылыми жоба» бағытында 9 сынып оқушысы Бақдәулет Киікбай І орынға ие болды.
Сондай-ақ, Ақмарал Әжімұханқызы оқушыларды түрлі додаларға дайындайтын жетекші ретінде де марапатқа ие. «Кенгуру» және «Ақбота» конкурсынан 45 оқушысы жүлделі орындар иеленді. «Педагогикалық білім тәжірибелер және теориялар» атты І республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып, білім саласынының дамуына қосқан үлесі үшін дипломына ие болған.
Өзінің еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Ол әр жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, білім беру саласындағы жемісті еңбегі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне қосқан қомақты үлесі үшін Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Ұстаз – білім мен тәрбиенің шырақшысы. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деген терең мағыналы сөзі – әрбір мұғалімнің өмірлік ұстанымы болуы керек. Ақмарал Әжімұханқызы да осы ұстаныммен өзінің мамандығының үдесінен шығып, шәкіртінің жүрегіне жол таба білген жан.
Мая Кадырходжаева,
№24 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің кітапхана меңгерушісі