Basty bet

Жуалы жастарының жұмысы жүйелі

Кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші – жастар. Бұл оймен келіспеске болмас, әрине. Расында, еліміздің болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тілегіне, арман-мұратына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастар секторы.
Осы ретте, жастардың басын бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына септігін тигізіп жүрген аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жұмысына тоқтала кетсем.
Жастардың жұмысын насихаттап, белсенді жастардың жұмысына қолдау көрсету мақсатында ауданымызда жастар ресурстық орталығы жоспарға сәйкес жұмыс жүргізуде.
Бүгінгі күні аудан тұрғындарының саны – 53 080 адамды құрайды, оның ішінде жастар саны – 13924 адам, жалпы халықтың 26,2 % құрайды.
Аудан жастары белсенді. Қандай да болсын жақсы істердің жаршысы болып жүреді. Аудан жастарына жағдай жасау, олардың қоғам үшін маңызды деген іс-әрекеттерін қолдау – аудан басшылығының назарынан тыс қалған емес. Әрине, осындай қамқорлықтың да қайтарымы жоқ емес. Аудан жастарын бір шаңырақтың астына ұйытып отырған орталықтың бастамасымен өткен жылы 1281 іс-шаралар өткізіліп, онда ауданның 25620 жас азаматы қамтылды. Сондай-ақ, орталыққа 3150-ге жуық жас әртүрлі мәселелер бойынша кеңес сұрап келіп, өздеріне қажетті ақпаратты алған.Оның ішінде жұмыссыздық мәселесімен – 1680 жас, мемлекеттік бағдарламалар туралы – 215 жас және басқа да салалар бойынша 1255 жас кеңес алған.
Аудан жастарын қолдауға басымдық беріп, осы бағытта көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Әсіресе, соңғы уақытта ел жастарына көңіл бөлу, оларды барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алды. Аудан жастары арасында «Жасыл Ел», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін-2050» және «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламалары кеңінен танымал. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау мақсатында ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі инспекторлары ауыл жастарымен кездесулер өткізуде.
Аудан көлемінде жастарға арналған бағдарламаларда тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Айта кететін болсақ өткен жылы «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақымен 60 жас маман17 миллион 502 мың теңге алған. Тұрғын үй сатып алуға 40 маман 175 миллион 20 мың теңге несие алып үйлі болып отыр.
Жастардың білім алуына үлкен мүмкіндік беретін «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында ауданымыздан еліміздің солтүстігіне 11 жас оқуға түскен.
2021 жылы «Жасыл ел» бағдарламасына 65 жас маусымдық жұмысқа қабылданса, биылғы жылы 100 жасты еңбек жасағының құрамына алуды жоспарлап отырмыз.
Жастар өмірінің маңызды бөлігін жұмыспен қамтылу мәселесі құрайды. Өздерінің жас мөлшеріне байланысты жас адамдар қандай да бір салада үлкен тәжірибеге ие болмағанымен, ірі көлемді инновациялық және шығармашылық мүмкіндіктер, сондай-ақ жемісті еңбек етуге деген айрықша құлшынысқа ие. Осы орайда жастардың жұмыспен қамтылуы аясында 2021 жылы 1540 жас әртүрлі бағыттағы жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, 82 жас жалпы сомасы 478800 теңге қайтарымсыз грант қаражатын жеңіп алып өз кәсіптерін бастауда.
Ағымдағы жылдың үш айында аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына барлығы – 208 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал, 106 жас – тұрақты жұмысқа, қоғамдық жұмысқа – 48 жас, 39 жас – «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен, 15 жас – әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Сонымен қатар жастарға арналған бағдарламалардың бірі «Жасыл Ел» еңбек жасағының құрамына 22 жас алынды. Алдағы маусымдық жұмыстарға 78 жасты қамту жоспарлануда.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында, әр ауылдық округте әкімдер мен мектеп директорларының бекіткен кестесіне сәйкес, волейбол, футбол, тенис, күрес ойындарынан жастар арасында тегін жаттығулар жүргізіледі. Спорт нысандарының барлығы ауыл тұрғындары мен жастарына спортпен айналысуы үшін қолжетімді. Жалпы аудан жастарының 7754-і спортпен шұғылданады. Аудан бойынша 3 бала және жасөспірімдер спорт мектебі мен ауылдық округтердегі спорт мектептерінің секцияларында 1834 жас және аула клубында 360 оқушы 11 спорт түрінен ашылған спорттық үйірмелерге қатысады. Сонымен қатар жалпы білім беру мекемелерінде 7 спорт түрі бойынша 135 үйірмелер жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге жалпы 6516 оқушы қамтылған.
Әрине, аудандағы жастар саясатын одан әрі жетілдіре отырып, алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін басым бағыттарды жүзеге асыруымыз керек. Атап айтқанда, азаматтық және отансүйгіштік құндылықтарға баулу, жастардың өзін-өзі жетілдіру және еріктілер қозғалысын дамыту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, саламатты өмір салтын насихаттау, жастар арасында діни сауатты ашу және құқықбұзушылықтың алдын алу, кәсіби бағдар беру және кәсіпкерлікті дамыту, жастардың қоғамға және табиғатқа қамқорлығын арттыру сынды бағыттар бойынша көптеген жұмыстарды іске асырамыз. Мұның барлығы сайып келгенде, жастарды жат әрекеттерден аулақ ұстау мақсатында бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы шараларға жұмсауға үндеу болып табылады.
Сөз соңында айтарым, қазіргі кезде «Жастар – еліміздің болашағы» деген қанатты сөзді жиі айтамыз. Ал, сол жастардың болашағы, Отанымыздың ертеңгі тағдыры өзіміздің бүгінгі қызметімізді қалай атқарып жүргенімізге тікелей байланысты. Ендеше мына өтіп жатқан жаһандану, ғаламдану үрдістеріне жұтылып, ұлт ретінде жойылып кетпейік десек ұлымызды рухты, қызымызды ғұрыпты етіп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелейік дегім келеді.

Мейіржан ТЕЛЕУШОВ,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры.
Аудандық мәслихаттың депутаты

Таңдаулы материалдар

Close