Basty bet

Сапа мәселесіне баса көңіл бөлу – басты міндет!

аудан басшысы жол құрылысына жауапты мердігерлерге осыны міндеттеді

Елімізде бірнеше жыл бұрын қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасы ауылдардағы тұрмыс-тіршілікті жақсартуға бағытталып отырғаны белгілі. Сонымен қатар, аталған бағдарлама шалғай ауылдарды да аудан стандартына сай әрі модернизацияға лайық етіп, жаңа деңгейге көтеру мақсатын көздейді. Жаңа жобалардың шеңберінде жастар жұмылып жұмыс істеп, ауылдарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға атсалысады.

Бағдарламаны қолға алудағы басты мақсаттардың бірқатарына тоқталсақ, ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік аймақтарға білімді мамандар жіберу және ауылдық жерлердегі жас кәсіпкерлерді қолдауға баса көңіл бөлінеді. Бағдарлама 2020-2025 жылдары аймақтарды дамытуға бағытталған. Бағдарламада ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту және ауылдарды үлкейту бағытында да бірнеше бағыт қарастырылған.
Ел өңірлеріне қарасты ауыл-аймақтарды дамытуды көздейтін «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының аясындағы жүйелі жұмыстардың қасиетті Жуалы ауданында да жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, бұл бағыттағы қолға алынған жобаларды тағы бір пысықтап, осының аясындағы жоба-жоспарларды да нақтылап алған жөн. Осыған байланысты өткен аптаның жұма күні аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Жалғас Мұртаза мердігерлермен кездесіп, бірқатар мәселелерді бірге талқылады. Мердігерлермен өткен жиында өңірде ағымдағы жылы жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобалар талқыланды. Кездесу барысында инфрақұрылымды дамыту мен жақсартуға қатысты түйткілді мәселелер мен ұсыныстар кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, аудандық және ауылішілік көше жолдарын орта жөндеу жұмыстары бойынша жеңімпаз мердігерлермен келісімшарт әзірлеу және соған сәйкес атқарылатын жұмыстарды уақтылы орындаудың жайы қаралды.
Кездесуге мердігерлермен қатар, ауылдық округтердің әкімдері және аудан әкімінің салалық орынбасары Асхат Жабағы, салаға жауапты бөлім басшылары шақырылды.
Жиынды аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, жүргізіп отырды.
-Құрметті жиынға қатысушылар! Өздеріңіз жақсы білетіндей, биыл «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасымен жол жөндеуге байланысты ауданда бірнеше жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Оған республикалық және облыстық бюджеттің есебінен қомақты қаражаттар қарастырылуда. Биыл аудан көлемінде бірнеше жобаның аясында аудан орталығында және ауылдық округтерде көше жолдары жөнделеді. Осыған сәйкес, бірнеше жоба бойынша мердігерлер мен техникалық қадағалаушылар да анықталды.
Көше жолдарын жөндеуге байланысты жұмыс барысында бірқатар проблемалар туындауы мүмкін. Мысалы, жол құрылысына қажетті негізгі шикізаттан – битумның тапшылығы, асфальттің дер кезінде болмауы, оның қымбаттап кетуі сияқты ықтимал мәселелерді терең ескерген жөн. Сондықтан, белгіленген жұмысты белгілі мерзімде бастап, аяқтау аса маңызды болып отыр. Ол үшін мердігерлердің тарапынан материалдық-техникалық базаның сақадай-сай дайын болуы, ең бастысы, жұмыс барысында сапаға және жобаның басталуы мен аяқталу мерзіміне баса назар аударуларыңыз қажет. Жолдың сапасы жеке өзімнің бақылауымда болады. Қазір инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын және атқарылған жұмыстардың сапасын тиісті құзырлы органдар қатаң қадағалап отырады. Сол себептен де, мердігер мекеменің басшыларын міндетке алған жол құрылыстарының сапалы атқарылуына баса көңіл бөлуге шақырамын,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Кездесуде қаралған маңызды мәселеге байланысты аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары Асхат Жабағы баяндап, өңірде «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасымен атқарылып жатқан жұмыстардың, оның ішінде, жол құрылыстарының барысын баяндады. Асхат Базарбайұлының айтуынша, 2023 жылы өңірде «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасымен барлығы 30 шақырым көше жолдары жөнделсе, биыл жалпы сомасы – 824 млн теңгеге 28 жобаның аясында көше жолдарының құрылысы жүргізілмек. Одан бөлек, жергілікті бюджеттің есебінен 10 жобаның аясында жалпы ұзындығы -11 шақырым жол жөнделеді деп күтіліп отыр.
-Биыл жол құрылыстарына байланысты 38 жобаны жүзеге асыру мақсатында жыл басында мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланып, қазір 36 жобаның мердігері, сонымен қатар, техникалық қадағалаушылары да анықталды. Ендігі кезекте тапсырыс берушілер мен мердігерлердің арасында тиісті келісімшарттар жасалып, оған қол қою рәсімдері атқарылуы қажет. Бұл маңызды жұмыстарға баса мән бергендеріңіз жөн. Жол құрылысына жауапты тұлғалардың арасында нақты жұмыс кестесі түзілуі қажет. Жөндеу жұмыстары ары қарай осы жұмыс кестесіне сәйкес атқарылады,- деді Асхат Базарбайұлы.
Жиында жол құрылысына жауапты мердігердің орта жөндеу жұмыстарын орындау барысында жолдардың сапасына байланысты «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Қадіржан Мырзаев сөз сөйлеп, ол жол жөндеуге жауапты мердігерлерге жол жөндеудің технологиясы, негізінен жол құрылысына қатысты жұмыстардың барлығы жобалық-сметалық құжатта көрсетілген талаптар бойынша атқарылуына баса мән берудің маңыздылығын атап өтіп, бірқатар кеңестерін ортаға салды. Жиында одан бөлек, ауылдық округтердің және мердігер мекеме басшыларының тарапынан қойылған сұрақтарға мамандардың тарапынан жауап берілді.
Биыл аудан көлемінде жол құрылысына байланысты қолға алынып, атқарылуға тиісті жобалардың ауқымы кең. Көше жолдарын орта жөндеуге қазынадан бөлініп отырған қаражаттың көлемі де аз емес. Сондықтан, жұмысты сапалы әрі уақтылы атқару – маңызды міндеттердің бірі. Мердігерлермен болған кездесу жиынын қорытқан аудан басшысы Жалғас Мұртаза жолдарды орта жөндеу жұмыстарына байланысты оған жауапты мердігер ұйым басшыларының назарын атқарылған жұмыстардың сапасына және олардың мерзімінде тапсырылуына аударды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close