Basty bet
Өмірдің өзі – театр
Театр – рухани әлем. Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, “Театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны”. Иә, рас, себебі, онда ізгілік пен махаббат, зұлымдық пен қиянат секілді қасиеттердің арақашықтығын, олардың айырмасын көрсетеді. Зұлымдықтарды сынай отырып, адамдарға ізгілік жолын, имандылық жолды көрсетеді. Жалпы театр өнері тек көрерменді ғана емес, сол өнер адамының өзін, тіпті әлемді өзгертеді. Бұл өнердің мақсаты да осы шығар: адамды өзгерту және әлемді тану.
Біздің ауданда халықтық театр атағы бар театр екеу. Оның біреуі “Мыңбұлақ” деп аталса, екіншісі “Жуалы”. Бірін ауданға белгілі өнерпаз Ербол Бекжанов, бірін Ерболат Қаттебеков басқарады.
“Мыңбұлақ” халықтық театры – көпшілікке ойлы қойылымдарын ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген ұжым. Халық театрының репертуарындағы “Тірі жан”, “Бір атаның балалары”, “Абылайхан”, “Берекең кетсе…”, “Тағдыр тақтасы”, “Тіл табысқандар”, “Аманаты бабамның” секілді тағы да басқа қойылымдары баршамызға белгілі. Театр әртістері драматург Сәкен Жүнісов, Жолтай Әлмашұлы, Мар Баджиевтің шығармаларын сахналап, көрермендерге ұсынуда.
-Халық театры құрамында режиссер, қоюшы-суретші және ассистент бар. Қойылымдарға аудандық “Қызғалдақ” ән-би ансамблінің өнерпаздарын және ауылдық мәдениет ошақтарындағы қызметкерлерді тартамыз.
Жалпы халықтық театр мәртебесін алғандықтан, әртістерді ел арасынан іздейміз. Кейде бойында өнері бар жандар сахнаға шығып, өнер көрсетуден бас тартады. Театр әртісіне үлкен талап қойылады. Яғни, театр адамы бірінші өзін-өзі басқара алуы қажет. Тіл байлығы мол, тіл тазалығын сақтаған, ой-өрісі кең болуы тиіс. Актерлық шеберлігімен қоса, жан-жақты өнерлі болғаны абзал. Сахна – киелі орын. Сахнаға шыққан адам өзін көрерменнің алдында мәдениетті, тәрбиелі ұстауы да талап етіледі. Қойылған қойылымды көрерменге жеткізіп, оның астарындағы ойды түсіндіре алуы қажет.
Театр – мәдениет ошағы, өнер ордасы. Өмірдің өзі – театр. Театр руханиятқа жұмыс істейді. Өмірдегі күнделікті тіршілігіміз, ата-бабамыздан жеткен салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, ұлттық құндылықтарымыз барлығы тұнып тұрған өнер. Мәселен, қыз ұзату, тұсаукесер, бесікке салу секілді дәстүрімізді сахналасақ, рухани қойылым шығар еді. Міне, біз осылайша театрдағы қойылымдардың өзін өмірден аламыз. Жаман мен жақсыны көріп, одан ой түйіп, үлкен туынды шығаруға тырысамыз. Біз адамды тәрбиелеу үшін ғана емес, әр адамның өз бейнесін көрсетуге күш саламыз.
“Өнерге келген адам баю үшін келмейді” деп Әшірбек Сығай айтпақшы, біздің өміріміз өнер. Өнеріміз жан-дүниемізге, руханиятымызға айналады, – дейді “Мыңбұлақ” халық театрының режиссері Ербол Бекжанов.
Халықтық театр жыл сайын өтетін “Театр.кz” фестиваліне қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген жайы бар. Дүбірлі додаларға түскен театрдың репертуарындағы “Аманаты бабамның”, “Абай” композициялары жоғары бағаға ие болды. Алдағы уақытта ұжым ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов, жазушы-публицист Шерхан Мұртаза, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің мерейтойларына арналған композицияны сахналауды жоспарлап отыр.
Жақында облыстық “Рухани жаңғыру” офисінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан “Рухани керуен” аясында театр Құлан жерінде ақын Нұржан Әліштің “Ақ орамал” шығармасын сахналады. Тазалықтың, бейбіт күннің, пәктіктің, ынтымақтың белгісі саналатын ақ орамалдың мән-мағынасын көрерменге жоғары деңгейде жеткізе білген өнерпаздардың өнері жоғары бағаланды. Керуеннің қорытынды концерттік бағдарламасына жолдама алып, өнер көрсетті. Әрине, бұл ел арасындағы руханиятты насихаттап жүрген өнері мен сахналық мәдениеті қалыптасқан ұжым үшін мәртебе.
-“Ақ орамал” композияциясы биыл қайта сахналанды. Кезінде ақын Нұржан Әлішке арнайы тапсырыспен жаздырып алған едік. Ешқашан маңызын жоймайтын мұндай дүниенің көпшіліктің ойынан шыққанына қуаныштымыз. “Ақ орамал” қойылымы арқылы біз қазақ әйелінің басындағы орамалы – бағы, бақыты екенін, оның қадір-қасиетін ұғындыруға тырыстық. Көрерменге ой салып, оның маңызын түсінуге үндедік.
Қазіргі таңда көрерменнің талғамы басқа. Сұраныс жоғары. Жаңаруды, ізденуді қажет етеді. Ол үшін елдің пікірін тыңдап, қандай дүние күтетінін білуіміз керек. Халық театры өз көрерменіне қойылымдарын ұсынбағанына біршама уақыт өтіпті. Сондықтан алдағы уақытта тың дүниелерді сомдап, көрерменімізге паш ету міндеті тұр.
Жастардың өнерге деген қызығушылығы жақсы. Әсіресе, театрға. Аудандағы №1 балалар өнер мектебінен “Кино өнері” үйірмесі ашылды. Шәкірттерім енді ғана үйреніп, бұл саланың қыр-сырын түсінуде. Қысқа бейнероликтер түсіріп, өз бақтарын сынап көруде. Міне, жастарды осылай тәрбиелей берсек, ізімізді жалғап, артымыздан еретін жастар табылатынына сенім білдіремін. Бұл жұмыс бойынша жоспар көп. Тәжірибе ретінде кастинг жариялап, байқау өткізу де ойда бар. Тек жақсы демеуші табылса, – дейді Ербол Бекжанов.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»