Basty bet

Бүлдіршіндердің екінші анасындай…

әзірбайжан қызы Х.Исмайлованың бала тәрбиесінде өзіндік қолтаңбасы бар

Елімізде қазақ тілін өзінің ана тілі санайтын өзге ұлт өкілдері жылдан-жылға көбеюде. Олардың қатарының толығып келе жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде еркін көсіле сөйлеуі ана тіліміздің мерейін асқақтата түсетіні айдан анық. Өз ана тілімен қатар қазақ тілін терең меңгеріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп жүрген жандардың қатарында әзірбайжан қызы Хуршуд Афисовна да бар.
Хуршуд Исмайлова Көлбастау ауылында дүниеге келген. №13 А.Байтұрсынов атындағы (бұрынғы А.Гайдар) орта мектепте 8 сыныпқа дейін оқып, кейін аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияны тамамдап, Тараз қаласындағы педагогикалық колледжге түскен. Білімін одан ары шыңдау мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне оқуға түсіп, «мектепке дейінгі білім беру» мамандығын аяқтап, бүгінде алған білімін біліктілігімен дәлелдеп келеді. Жас маман ретінде алғашқы еңбек жолын аудан орталығындағы №1 балабақшадан бастаған.
Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты ол бала күнінен армандапты. Бала арманының шындыққа айналғаны осы болар, Хуршуд апай аудандағы білікті тәрбиешілердің қатарынан көрінуде. Аталған балабақшада талай бүлдіршінге өз тәлім-тәрбиесін беріп, оларды қазақы салт-дәстүрге үйретіп, мектепке дайындады. Әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу тәрбиешінің басты міндеті екенін тәжірбиелі маман Хуршуд Исмайлова да жете түсінеді. Сондықтан болар, оның бүлдіршіндердің ата-аналары мен педагогикалық ұжымның алдында беделі зор.
Балабақша жұмысы – мектептен де қиын әрі қызықты. Ең әуелі балабақшаға келген бала көбіне өз ұстаздарын пір тұтады. Себебі, тәрбиешілер балаға екінші анасындай болып кетеді. Білімділігімен қатар, жайдары мінезімен, сабырлы қалпымен, өзіне жарасымды бар болмысымен бүлдіршіндер жүрегінің төрінен орын ала білген Хуршуд Афисовна олардың екінші анасындай болып кетті.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, тәрбиешінің берген тәрбиесі мен өнегесі бөбектердің болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, одан тәлім-тәрбие алған бүлдіршін өмір майданында шыңдалып, болашақ бағыт-бағдарынан таймасы анық.
Баланы өмірінің нұрына балайтын Хуршуд Исмайлова әрбір сабағын алдымен сергіту жаттығуымен бастап, Мемлекеттік Гимнді шырқатып, бүлдіршіндердің бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруге тырысады. Одан әрі, жоспар бойынша сабағын өтіп, баланың бойына еңбексүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретіп, оның өн бойына адамгершілік қағидаларын қалыптастыруды жөн санайды. Әрбір сабағында балалар жалықпас үшін, ойындар мен арнайы ойыншықтарды кейіпкер ретінде араластырып, көрнекілік құралдармен бала көңілін аулайды. Педагогикалық білімнің жаңа технологиясын меңгерген тәрбиеші коммуникация бойынша, бала тілін дамыту үшін түрлі көркемдік құралдарды пайдаланады.
Қолға алған ісін аяқтамайынша, бір тыным таппайтын тәрбиеші ұжымдастарының арасында өзінің еңбоққорлығымен ерекшеленеді. Талмай еңбек еткеннің нәтижесінде жеткен жетістігі де жоқ емес. Білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте облыстық, аудандық деңгейде түрлі марапат биігінен көрінуде. Бала жанының бағбанына айналған Хуршуд Афисовнаның тәрбиешілік өнерді аса жауапты әрі абыройлы қызмет санайтынына көзіміз жеткендей…
Міне, 40 жыл өмірін өскелең жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне арнаған Хуршуд апай ойын қазақ тілінде еркін жеткізеді. Қазақ тіліне деген ерекше құрметі осыдан-ақ байқалып тұр. Қазақ тілін жетік меңгерген әзірбайжан қызы тілді білу міндетім мен парызым деп санайды. Онымен пікірлес әрі қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінен де достары бар. Қазақ тілінде жатық сөйлеу үшін, өзара бас қосқанда қазақ тілінде қарым-қатынас жасайтынын әңгіме арасында айтып қалды.
Ұлты басқа болса да, жаны қазақ – Хуршуд Исмайлованың айтуынша, мемлекеттік тілді жетік меңгеру үшін ең алдымен қажеттілік керек екен. Одан соң оны күнделікті қолданысқа енгізбесе, тілді үйренуге жұмсалған күш пен уақыт та құр босқа кетпек. Сонымен қоса, ниеттен бөлек, сол тілде сөйлеп, көп кітаптар оқу қажет. Біздің кейіпкеріміз, көлбастаулық Хуршуд Афисовна «Қазақстанда тұрамын!» деген сөздің мағынасын түсінген әрбір адам міндетті түрде қазақ тілін үйрену керек деген ұстанымда.
Осы күнге дейінгі біз тілдескен өзге ұлт өкілдерінің барлығы да өмір сүріп жатқан елге құрмет – мемлекеттік тілді үйренуден басталатынын алға тартып келеді. Алдағы уақытта ана тілімізде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көбейіп жатса нұр үстіне нұр. Қазіргі жаһандану заманында әлемдегі ақпараттар ағыны жаулаған кезде көп тіл білудің өзектілігі де артып келеді. Дегенмен мемлекеттік тілді ұмытпай, керісінше оның қолдану аясын кеңейтуіміз керек. Өйткені мемлекеттік тіл – ел бірлігінің темірқазығы болып қала бермек…
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close