Basty bet
Балықтан да қыруар пайда табуға болады
Бұған дейін кенжелеп қалған балық шаруашылығына соңғы жылдары өз деңгейінде көңіл бөліне бастады. Осының арқасында «Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 қаулысымен елімізде 2030 жылға дейінгі мерзімде балық шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаның мақсаты – халықты балық өнімдерімен қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында балық шаруашылығына да ерекше мән беруді, қараша айына дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, бекітуді жүктегені белгілі. Бұл жерде халықты жергілікті жерде өндірілген азық-түлік өнімдерімен жеткілікті көлемде қамтамасыз ету мақсаты діттеліп отыр.
Алайда «Ұсыным сұранысқа сай болуы керек» деген нарықтық қағидаға сайсақ, қазекең балыққа аса құмар да емес. ДДСҰ әрбір адам жылына 16 килодан кем емес балық тұтынуы керек деген пікірде. Ал бізде бұл көрсеткіш 4 килоның о жақ, бұ жағында екен. Тіпті балықты аз жейтін ел де біз болып отырмыз. Жоғарыда ДДСҰ ұсынған балық тұтыну нормасына қол жетізу үшін ел өңірлерінде 300 мың тонна балық өсіру қажет етілмек.
Елімізде, оның ішінде, өңірімізде де бұл межеге қол жеткізу үшін қыруар жұмыстар атқарылуы керектігі айтпаса да түсінікті. Бір атап өтерлігі, балық шаруашылығы басымдыққа ие емес біздің өңірімізде де балық саласы – облыс ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан секторларының біріне де айналуда.
Өңіріміздің жартылай шөл, шөлейтті екендігін, су тапшылығы барын ескерсек, мәселе балық шаруашылығы нысандарына бекітіліп берілген су айдындарында балықты аз немесе көп өсіруге де емес, оларда жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытынды нәтижелеріне де байланысты. Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар бірінші кезекте су айдындарындағы балық қорын сарқып алмауды қамтамасыз етеді екен. Демек, қай су айдынынан қаншалықты көлемде балық ауланатыны да осылай алдын ала болжамдалып отырады. Балық өсірушілердің қызды-қыздымен жоспарын белгіленген шектен асыра орындауына да болмайды. Тәртіптің аты – тәртіп. Лимит дегеніңіз де осы.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің мәліметіне қарағанда, балық шаруашылығы су айдындарының табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілуі тізбесіне 139 су айдыны мен учаскелері енгізілген екен. Олардың қатарында жергілікті маңызы бар 121 су айдыны және Жамбыл облысы шекарасы шегіндегі республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі бар. Аталмыш мекеме, міне, осынау ұланғайыр аумақтағы балық қана емес, орман, жануарлар дүниесі, аңшылық шаруашылықтары жұмыстарының белгіленген заң талаптары мен нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес атқарылуын тексеру, бақылау және үйлестіру ісін жүзеге асырады.
Осы жылдың 1 шілдесіне дейін облыс бойынша барлығы 673 тонна балық аулау лимиті бөлініп, оның ішінде ауланғаны 668 тоннаны құрапты. Аулау жолымен алынған өнімдердің арасында тұқы, көксерке, жайын, табан, дөңмаңдай, жыланбас, ақмарқа, ақ амур, шортан, мөңке, қаракөз, беріш, шармай, қызылқанат, торта, аққайран, шаян секілді балықтар мен басқа да су жануарларының түрлері бар. Бұл да облыс көлеміндегі су айдындары нысандарында жүзеге асырылған балықтандыру жұмыстарының жемісі екені айтпаса да түсінікті.
Тағы бір атап өтерлік жәйт, заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес биылғы шілдеден бастап келесі жылдың шілдесіне дейін облыс бойынша барлығы 1150 тонна балық аулау лимиті бөлініп отыр екен. Қазірдің өзінде оның 561 тоннасы ауланып та үлгерілген. Мұның өзі қазына қоржынын біршама толықтырып та отыр. Бұл облысымыздың балық шаруашылығы қызметкерлерін де айрықша серпіліске бастауда.
Осы тұрғыда жоғарыда аталған инспекция басшысының орынбасары Болат Асанбеков балық шаруашылығы нысандарының биылғы балық шаруашылығын дамыту жоспарларын орындау көрсеткіштерімен де бөліскен. Оның айтуынша, жергілікті маңызы бар су айдындарының жоспарларына сәйкес ғылыми-зерттеу, күзгі кезеңдегі балықтандыру жұмыстарына, нысандардың материалдық -техникалық жабдықталуына, балық ресурстарының өсімі молайтылуына, мекендеу ортасының қорғалуына тиісті көлемде қаражаттар қарастырылып, кезең-кезеңімен игерілу үстінде екен.
Балық шаруашылығы саласындағы бақылау-инспекторлық қызмет бойынша атқарылған жұмыстар да ауқымды-ақ. Биылғы 7 айда облыста өзен-көлдерге ау салған 40 оқиға тіркеліп, барлығына әкімшілік айыппұл салынған. Осы орайда қаскөй балықшылардан 51 дана қытай торлары (жалпы ұзындығы 49 километрді құрайды), иесіз үш дана суда жүзу құралдары тәркіленіп алынғанын, иесіз жатқан аулау құралдарының саны 46 (жалпы ұзындығы 49 километрді құрайды), жүзу құралдарының саны төрт бірлікті құрағанын айтсақ та, қаскерлердің «су маржандарын» аулауға қаншалықты «дайындықпен» келетінін, бұл үшін көрінеу шығынға батудан да тайсақтамайтынын айғақтайды емес пе? Олар шығындары «артығымен өтелетініне» де сенімді болатын шығар. Алайда, түптің түбінде торға түсіп қаламыз-ау деп ойламайтындары өкінішті. Осынау әкімшілік құқық бұзушылық деректерін анықтау инспекция қызметкерлерінің құқық қорғау органдарын, су айдыны пайдаланушыларын, қорықшыларды ортақ іске тиімді түрде жұмылдыра алуының нәтижесінде мүмкін болып отыр екен.
Су тарату және су реттеу құрылғыларына балық қорғау қондырғыларының орнатылуы да бүгінде сала қызметкерлерінің «бас ауруына» айналып тұр. Бұл іс – айрықша назарда. Инспекция қызметкерлері облыс аумағындағы Теріс-Ащыбұлақ, Ақкөл, Ынталы, Қарақоңыз, Қақпатас және Тасөткел су қоймаларының су тарату және су реттеу құрылғыларында балық қорғау қондырғыларының осыдан қырық жылдай уақыт бұрын орнатылып, пайдаланылып келе жатқанын анықтаған екен. Олардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық күйде. Дегенмен, мұндай құрылғылар өзге су айдындарының бірде-біреуінде жоқ. Әрісі оларды орналастыру да тым көп қаражат қажет етеді. Әлбетте, оны табиғат пайдаланушыларының қалтасы көтере қоймайды. Олар балық шаруашылығы дамытылуына қатысты жұмыстарға онысыз да бар қаражаттарын сарқа жұмсауға мәжбүр.
Болат Әділханұлының айтуынша, бүгінгі күні қай көлдің тауарлы балық өсіру шаруашылығын жүргізуге жарамды екені де анықталып қойылыпты. Өңіріміздегі су айдындарын зерделеу жұмыстары барысында Т.Рысқұлов ауданындағы Шілік, Қордай ауданындағы Қарақоңыз су айдындарының пайдаланушысы жеке кәсіпкер А.Қосманова тарапынан тауарлы балық өсіруге ниет білдіріліп, жеке шаруашылығын дамыту үшін біраз техникалық құрал-жабдықтар сатып алған. Алдағы уақытта ол бірыңғай балықтандыру ісімен шұғылданып, 2022-2023 жылдар аралығында аквамәдениет саласын дамыту бағытындағы жобаны жүзеге асыруды діттеп отыр.
Сондай-ақ, Жамбыл ауданындағы Жасөркен ауылында орналасқан «Нұреке» шаруа қожалығына тиесілі жеке су тоғанында да 2018 жылдан бері тауарлы балық өсіру ісі тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Су айдынының жобалық әлеуеті 130 тонна балық аулауға есептелінген. Аталмыш агроқұрылым былтыр тауарлы балық өсіру мақсатында 7 500 000 теңге субсидия алып, оған қажетті материалдық-техникалық жабдықтар сатып алу жұмыстарын жүзеге асыру үстінде. Өңірімізде осындай жаңашылдыққа бетбұрыстар да жоқ емес.
Дейтұрғанмен, облысымыздың барлық су айдындарына бірдей балық қорғау қондырғыларын орнату мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Ал кейбір аудандардағы су айдындары үшін су тапшы. Соның салдарынан олар балық шаруашылығы ісін дамытуға қауқарсыз күйде қалып тұр.
Айтпақшы, өткен жылғы көктем айында басын Ақкөл су қоймасынан алатын Аса өзенінің арнасымен аққан сумен егістікті суару кезінде қыруар балықтың қырылып, текке рәсуә болғанын білетіндер ұмыта қойған жоқ. Аталмыш су қоймасына жауапты мекеме басшылығының 80 кило балық үшін екі жүз мың теңге көлемінде тиесілі айыппұлын өтеуіне де мәжбүр болғаны белгілі. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» демекші, өңіріміздегі балық қорғау құрылғысы жоқ су айдыны иелерінің кез келгенінің мұндай гәпті бастарынан өткеруі әбден мүмкін. Балық өсіруге басты кедергінің бірі де осы болып отырғанға ұқсайды.
Қандай су айдынының болсын тиімділікпен жұмыс істеуі жеке пайдаланушының ұсынақты тірлігіне, бастамашылдығы мен жаңашылдығына, ерінбей еңбектенуіне де байланысты. «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы Жуалы ауданындағы «Боранды» шаруа қожалығына бекітіліп берілгелі бері осы аумаққа қармағын асынып келетін әуесқой балықшылардың қарасы да күрт көбейген. Мұнда тұрғындар тарапынан, әсіресе, қыс айларында мұзойықтан балық аулауға деген қызығушылық артуда.
– Олай болатын да жөні бар. Біз жыл сайын дерлік күз мезгілі келіп, су қоймасы тола бастағанда көлге көптеп майда балық шабақтарын жіберу, сондай-ақ уылдырық шашатын кезінде балықтарды қорғау жұмыстарын үзбей жүргіземіз. Былтырдың өзінде су «маржандарының» қатары 50 мың шабақпен толықты, – дейді бұл тұрғыда қожалық жетекшісі Айбек Елекбаев.
«Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында негізінен табан, тұқы, көксерке, дөңмаңдай балықтары табиғи жолмен өсіп, өну үстінде. Ал сазан мен ақ амур балықтарының тұқымы былтыр қолдан шабақ күйінде жіберілген екен. Айбек Орынбасарұлы бұрындары балық аулаудың лимиттік шегі бар-жоғы 5 тонна ғана болып келсе, биыл оның деңгейін 20 тоннаға дейін көтергендерін айтады. Осылай «борандылықтар» аудан тұрғындарын балық етімен жеткілікті көлемде қамтамасыз етіп те отыр.
Айбектің айтуынша, су айдынында арнайы балық қорғау құрылғысының болмауынан, болған күнде де әбден тозығы жетуінен балықтың басым бөлігі ағын сумен бірге сыртқа ағып кетуде. Біреуінің құны 20-70 миллион теңге аралығында бағаланатын мұндай құрылғы жалпы облыстағы бірқатар су айдындарын пайдаланушылар үшін де «арман» болып тұр. Десе де, олар бұл іске мүдделі республикалық, облыстық мекемелер тарапынан көмек болады деп те үміттенуде.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының «Оңтүстік-Батыс Балқаш көлі» бөлімнің инспекторы Сәлда Құрман да бүгінде өздерінде балықтың өсімі азайып, көлемі де кішірейіп, майдаланып бара жатқанын айтады. «Бағзы кездері балықтың бір жердің өзінен 5-6 килосын бір-ақ аулайтынбыз. Қазір сазандар да өте аз. Оларды бір жағынан жылан балық та жеп, тауысуға айналды. Баяғыдағыдай бір өзі жетпіс кило тартатын жайын (сом) секілді наһан балықтар жоқ. Білуімше, Алматы, Жамбыл, Қарағанды секілді үш облыс иелік етіп отырған, жалпы аумағы 750 шақырымды құрайтын Балқаш көлінің аумағында балық аулаумен айналысатын 100-ден астам мекеме бар екен. Мұнда әуесқой балық аулаушылар да көптеп келеді. Осылай аталмыш су айдынының балығы жыл сайын тоқтаусыз ауланып жатыр, ауланып жатыр… Оның ешқандай да тиімділігін көріп отырған жоқпыз. Осы орайда Балқаш көлін үш жылға жауып тастаса әбден дұрыс болар еді» дейді ол.
Иә, балық та – байлық. Өңдеп, ұқсата алсақ, күнделікті дастарқан мәзірі қатарынан түспейтін, денсаулыққа да пайдалы, жұғымды һәм нәрлі астың бірі де осы. Өңіріміздегі су айдындарына бөлінер квота көлемінің, сондай-ақ балық аулаудың лимиттік шегінің биыл бұрынғыға қарағанда біршама ұлғайтылуы, әсіресе, айдын көлдеріміздегі балық саны көбейтілуіне ден қойылуы саладағы «сеңнің» қозғала бастағанының да нақты дәлелі деу ләзім.
Айта кетейік, бүгінгі күні балық шаруашылығын дамыту жоспарына сәйкес облыстың су айдындарындағы балық қорын толықтыру ісі жүйелі түрде жүзеге асырылу үстінде. Қазірдің өзінде иеліктеріне бекітіліп берілген су айдындарына ТИГУ-і, ЖГРЭС АҚ-ы, «Өрлеу», «Алина», «Бек», «Сейфулла», «Үміт» шаруа қожалықтары, «Сәтжанов» жеке кәсіпкерлігі, «Риас Никита» ЖШС-і тұқы (карп), ақ амур балықтарының 60 мыңдай құртшабақтарын жібергені белгілі болып отыр. Шабақтар «Сандель» шаруа қожалығы мен «Чергенев», «Разаев» жеке кәсіпкерлік құрылымдарының тәлімбақтарында өсірілген.
Жоғарыда аталған шаруашылықтар тарапынан балықтандыру ісіне барлығы 2,5 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалыныпты. Өңіріміздің басқа да су айдындарында шабақтандыру жұмыстары жылда күз айларында тұрақты жалғастырылуда.
Мұның өзі облыста балық шаруашылығы жұмыстарын үйлестіру ісі біршама жүйелі жолға қойылғанының да нақты айғағында. Яғни,шабақтарды да жергілікті жердегі өз тәлімбақтарымызда өсіреміз, тауарлы балық өсіру ісі де қолға алынған. Ендеше, жамбылдықтарды жергілікті жерде өсіріліп, өндірілген балық өнімдерімен жеткілікті түрде қамтамасыз етудің де ауылы алыс емес.
Марат Құлибайұлы,
«Жаңа өмір»