Basty bet

Газет қызметкері мектеп оқушыларымен кездесті

Атақты ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби: «Ісім оңсын десеңіз, Сол істің маманы болыңыз. Даңқым шықсын десеңіз, Көпшіліктің адамы болыңыз» дейді. Сондықтан мамандық таңдап, болашаққа қадам жасаған жауапты кезеңде адамға әсте қателесуге болмайды. Бұл ең біріншіден оқушылар үшін өте маңызды.
Білім мен болашақ өмірдің негізі мектепте қаланады десек, мектеп оқушыларына мамандық таңдауға көмектесу және оларға кәсіби бағыт-бағдар беру ісі тек мұғалімнің ғана қолында немесе оның ғана міндеті емес, бұл маңызды мәселеге отбасы және қоғам мүшелері де түгелдей дерлік жанашырлықпен атсалысулары қажет деп білеміз.
Осы орайда сәрсенбінің сәтті күні Қызыларық ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылындағы №25 Ақтөбе тірек мектебінің (РО) және оған жақын орналасқан магнитті мектептер – Алатау ауылындағы №23 Алатау орта мектебі және Жаңаталап ауылындағы №26 Жаңаталап орта мектебінің оқушылары Ақтөбе орта мектебінің акт залында кәсіптік бағдар беруге байланысты ұйымдастырылған кездесуге қатысты.
Оқушылар өз кезегінде кеш қонағы, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газеті Бас редакторының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұржан Манасұлына мамандық таңдауға қатысты және өздерін толғандырып жүрген басқа да сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісуге мүмкіндік алды. Оқу-білімге, өнер мен руханиятқа құштар талапты оқушыларды негізінен журналистика саласының қыр-сыры және аудандық басылымның тарихы, ондағы журналистердің атқаратын негізгі қызметі, мамандық таңдауға қатысты, одан өзге де сұрақтар қызықтырды.
Кездесудің ашып, жүргізген №25 Ақтөбе тірек мектебінің (РО) қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп жанынан шығатын «Жас тілші» қабырға газетінің редакторы Тұрсынай Әлиева оқушыларға журналист Нұржан Манасұлын таныстырып, балалардың мақала жазуға ынтасының жоғары екенін айтып, оларды сұрақ қоюға, журналистика, жалпы көркем әдебиет саласы, қазақ және шетел жазушыларының әдеби шығармаларының мән-мағынасын білуге шақырды. Кездесуде кеш қонағына сұрақ қойып, шарада белсенділік танытқан оқушылардан – Ақтөбе тірек мектебінен (РО) Сәуле Әбенқызы, Ұлдана Лесбек, Арайлым Оразбаева, Нұршат Омарәлі, Элмира Фейлова, Назерке Ауғанбай, Алатау орта мектебінен Әмина Жұмабай, Жанерке Айтқұл, ал Жаңаталап орта мектебінен Әдия Мелисқызы және Асылзат Әшімханның есімдерін атап өтуді жөн көрдік.
Аудандық басылымның қызметкері өз кезегінде оқушыларды қызықтырған сұрақтарға қызықты етіп жауап берумен қатар, үстіміздегі жылы 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінің тарихы, басылымға әр жылдары басшылық жасаған қаламгер азаматтардың басылымға сіңірген еңбектері және газетте қызмет еткен ақын-жазушы, журналистер туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Айта кету керек, кәсіптік бағдар беру және мамандық таңдауға арналған кездесу жиынының барысында оқушылар газеттің қоғамдағы рөлі, тілшілер қауымының атқаратын қызметі, жалпы басылымның тыныс-тіршілігі жайында сұрап, болашақта журналистика саласында еңбек ету үшін ең алдымен мектеп қабырғасында қандай пәндерді сүйіп оқудың қажет екенін, сонымен қатар қандай мәселелерден хабардар болу жайын кеш қонағынан тәтпіштеп сұрады. Кеш қонағы, журналист Нұржан Манасұлы оқушылардың сұрағына жауап бере келе, оларға болашақта елге, халыққа және тұтас қоғамға пайдасы көбірек тиетін мамандықтардың иесі, өз істерінің нағыз хас шебері болуларына шын жүректен тілектестік білдірді.

Нұржан ДЕРБІСӘЛИЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close