Basty bet
Көңіліңдегі күнді жоғалтпау да адамның тәрбиесіне байланысты
Қазіргі қоғамдағы келеңсіз көріністерді көріп еріксіз терең ойға қаласың. Үлкен де, кіші де мейірімсіз, ой, ниет дұрыс болмай тұр. Әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесі толғандырады. Яғни, басынан сөз асырмайтын, үлкенге құрметі аз, өмірді технократиялық түйсікпен қабылдайтын жансыз, тіпті болмашы қиындыққа шыдай алмайтын рухани әлсіз ұрпақ өз өмірін қия салуға дейін жетті. Мұның басты себебі, бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтардың өзегінен ажырап бара жатқандығымыздан.
Қазақы тәрбиеде қиындық көрген сайын қайралып, сүрінген сайын ширығып, өмірге талпынуды алға ұстайтын едік.
Жалпы, өмірде адамды өзіне жақын адамдардың құрметі және жауапкершілікті сезіну, өзіне зақым келтіруден қорқу, денсаулығына мән беру, шығармашылық һәм өмірлік жоспар құру жаман ойдан арылтады. Бірақ, өмірдің мәнін, құндылықтарын түсіну үшін адамның отбасында ата-анасының уыз тәрбиесі мықты болуы өте үлкен рөл атқарады.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде “Әкенің балаға берер ең жақсы сыйы – тәрбие” деген. Бұл – тәрбиенің маңызын меңзейтін хадис. Шын мәнінде, ата-ана өз ұрпағына тәрбиеден артық нығмет, тәрбиеден артық жақсылық қалдырған емес. Ғұламалардың бірі “бала қымбат болса, тәрбиесі одан да қымбат” деген екен. Яғни, әлсізді мықты, мықтыны тұлға қылатын құндылықтар тәрбие мен тектілік адамның бала кезінен отбасында қалыптасады.
Баланы имандылыққа тәрбиелеу – ата-ананың басты міндеті.
Бұл өмірде барлық нәрсенің иесі – Алла Тағала. Сондықтан балаға кімнің жаратқанын, яғни жаратушы иеміз Алланың адамды махаббатпен жаратқанын, оның мейірімді, құдіреті шексіз екенін, оның бізді көріп тұратынын үйретуіміз керек. Себебі, қазақта “Құдайдан қорықпағаннан қорық” деген сөз бар. Құдайдан қорықпаған бәрін жасайды.
Иманды, жүрегі таза, ұяты бар адам – ең қымбат қазына дер едім. Алла тағала біздің таза болғанымызды қалайды. Жаратушымыз бізді жер бетіне ізгілік жасау үшін, жақсы іс жасау үшін жіберді.
Сонымен бірге балаға көркем үлгі болып, оны жақсы әдеттерге, жақсы іске, бауырмалдыққа, кешіпейілділікке, мейірімділікке, адалдыққа, тазалыққа, ынтымаққа бейімдеуіміз керек. Балаға айналасы туралы дұрыс ақпарат беруге, баланың ортасына қатты мән беруге тиіспіз. Оның барлығы баланың ой-санасының дамуына, тұлға болып қалыптасуына ауадай қажет.
Уақыт деген – байлық. Уақытты меңгерген адам іскер адам.
Адам баласының ең бір қымбат төрт нәрсесі болса, соның біреуі – жастық кездегі күш-қуаты. Балалық шағын бекерге өткізген адам, бозбала болған кезде белін буған белсенді тұлға болып кетпейді.
Бозбала кезін бекерге өткізіп, желбуаздыққа салып, өзінің күш-қуатымен сәулелі санасын көрінген нәрсеге толтырған адам есейген соң елдің алдында жүретін лайықты топқа араласа алмайды. Сондықтан бір-ақ рет берілетін өмірде жастық шағыңа, уақытыңа үлкен мән беріп, керекті білім алып, пайдалы адал кәсіп жасап, өнегелі ортамен араласып, болашаққа инвестиция жасау қажет. Әрине, оның барлығында отбасындағы тәрбиенің, ата-ананың бағыт-бағдарының рөлі зор.
Ғалым, филология ғылымдарының докторы Алма Қыраубаева “Тәрбие деген – баланың табиғатын түсініп, жанын байыту” дейді. Яғни, балаға дұрыс тәрбие беру үшін ата-ана да негізді, тұғырлы болғаны абзал. Себебі, баланы құр сөзбен тәрбиелей алмайсың. Баланың жанын түсініп, оған бағыт-бағдар беріп, үлгі болуың үшін өзіңде негіз болуы керек.
Адамның рухани дамуының ең жоғарғы биігі – кемелдену. Адам бойындағы кемелдену жанның тазалығына, білімнің тереңдігіне, дене тәрбиесі мен ой, рухани байлықтың егіз сипатын сақтай отырып, тұлғалық қалпын үздіксіз жетілдіруіне байланыысты.
Әкім Ысқақ “Адам – өмір дәптері” деген кітабында былай дейді: “Ең үлкен байлық – Адам. Ең керемет сыйлық – көңіл. Адамды құрметте, көңілді кірлетпе.
Әке – әрқашан ұлға таяныш. Сондықтан да болар, анадан мейірім күтер баланың әкеден сүйеу іздейтіні, қорған табатыны.
Алтыным, әйтеуір әлсіз болма! Әлсіздер ғана көңіл күйі жоқта жақынына қатты сөз айтып, тұнжырап салқын қабақ танытады. Мықтылар ғана қай уақытта да өзіне қымбат жанын зор құрметпен қарсы алып, күндей күлімдеп жарқырап тұрады.
Әлсіз болуға хақың жоқ! Өйткені сенің адамнан, жақыныңнан артық әлемде байлық та жоқ!”,- дейді. Көңіліңдегі күнді жоғалтпау да адамның тәрбиесіне, адами қасиетіне тікелей байланысты.
Бүгінгі адамдардың рухани әлсіз болуы негізіміз нашарлап, ұлттық құндылықтарымыздан, яғни тамырымыздан нәр ала алмауынан.
Барлық бақытсыздықтың бастауында санасыздық, ойланбау, ғибрат алмау тұр… Сондықтан зымырап өтіп бара жатқан уақытта бір сәт кідіріп, ішкі және дүниемізге үңіліп, рухани сұранысымызды қанағаттандыруға уақыт бөлейікші. Себебі, біз рухани құндылықтарға мұқтажбыз.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”