Basty bet
Боралдайда көше жолдарын жөндеуге басымдық беріледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының «Өңірлік саясатты жетілдіру» бөлімінде кәсіби мемлекеттік аппараттың жұмыс тиімділігі мен жергілікті атқарушы органдардың халықпен жұмыс істеу және жергілікті жерлердегі мәселелерді оңтайлы шешудің тәртібі туралы кеңінен айтылғаны белгілі.
Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде, әкімдердің қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескерілуі қажет екенін және олардың жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыру керектігін баса айтқан болатын.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда атқарушы органдар басшыларының міндеттеріне де терең бақылау мен талдау жүргізілу үстінде. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде өткен жұмада аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданға қарасты Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінде болып, жергілікті жұртшылықпен кездесіп, пікір алмасты. Олар көтерген мәселелерге де баса назар аударды.
Аудан әкімінің Боралдай ауылдық округінің тұрғындарымен болған есептік жиынында ауыл тұрмысына қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Жиынның жұмысына аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев, аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков және аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәурен Сапиев қатысты.
Есептік жиынды аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп ашып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде ұйымдастырылып отырған кездесудің маңыздылығына тоқталды. Жиынның күн тәртібіне сәйкес, ең бірінші кезекте ауылдық округтің әкімі Бауыржан Абдалиев тұрғындар алдында 2023 жылы атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Ауыл әкімінің айтуынша, Боралдай ауылдық округіндегі үш елдімекенде жалпы 440 аула, ал онда 2 529 тұрғын тіркелген. Қазіргі таңда округтегі әлеуметтік нысандардың барлығы тұрақты жұмыс істеп, тұрғындарға қызмет көрсету үстінде.
Ауылдық округтің негізгі тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығы саласына бейімделген. Оның ішінде, Боралдай өңірінде мал және егін шаруашылығы қатар дамыған деп айтуға болады. Өңірдегі ауыл шаруашылығы жерлерінің алқабы – 21 975 гектарды құраса, оның 9 070 гектары егістік, 8 778 гектары жайылым және 130 гектары шабындық жерлерге тиесілі.
-2023 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тарапынан 6 820 гектар егістік жерге егін егіліп, жоспар 100% орындалды. Өткен жылдың өнімі үшін 2022 жылы 1 150 гектарға күздік бидай (гектарына 13,8 центнерден), 2023 жылы 2 685 гектар жаздық арпа (13,3 ц/га), 2 750 гектар мақсары (9,8 ц/га) және 235 гектар таза жоңышқа егілді. Жалпы егістік жерлердің 2 250 гектарын мал азығына арналған дақылдар құрап отыр. 2024 жылдың өнімі үшін 1 150 гектарға күздік бидай егіліп, жоспар 100 пайызға орындалды.
Мал шаруашылығы бағытына тоқталсам, округте 5 413 бас ірі қара тіркелген, оның ішінде, сауынды сиыр 2 221 бас, қой-ешкі 30 841 бас, жылқы 1 514 бас және 10 182 үй құстары тіркелген. Кейінгі жылдары сәйкесінше, төрт түліктің басын асылдандыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылу үстінде. Округ шаруаларының арасынан «Қасым» шаруа қожалығы Солтүстік Қазақстан облысынан 105 бас «Әулиекөл» асыл тұқымды құнажындарын алып келсе, «Береке-2» және «Мырзан» шаруа қожалықтары әрқайсысы Ресейден 30 бастан асыл тұқымды «Гольштейн» сауынды сиырларын сатып алды. Одан бөлек, «Тілеу», «Аңсат» және «Дархан дала» шаруашылықтары 1 000 бас асыл тұқымды қой, 50 бас асыл тұқымды қошқар сатып алып, қой тұқымын асылдандыруға өз үлестерін қосу үстінде.
Есепті мерзімде атқарылған ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың ауқымы кең деп айтуға болады. Округтегі шаруа қожалықтар мен жеке тұрғындарда жалпы 128 ауыл шаруашылығы техникасы мен 39 тіркеме бар. Ауыл шаруашылығы саласын қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың аясында былтыр округтің шаруа қожалықтары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизинг жүйесімен және жеке қаражаттарының есебінен жалпы сомасы 102,0 млн теңгеге 18 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде, бесеуі трактор, 13-і тіркеме.
Кәсіпкерлік саласын несиелендіру бағытында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жобасының шеңберінде ауылдың 12 кәсіпкер азаматы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл филиалы арқылы жеңілдетілген пайызбен 90,0 млн теңгеге несие алып, мал шаруашылығын дамытуға күш салуда. Сонымен қатар, аталған бағдарлама бойынша 12 азамат «Бастау-Бизнес» жобасымен сертификаттарын алып, нәтижесінде төрт жас азамат мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болды,- деп атап өтті ауылдық округтің әкімі Б.Абдалиев.
Иә, 2023 жылы ел өңірлерінде орын алған қуаңшылыққа қарамастан жуалылық диқандар егістіктен орташа өнім жинап, тиісінше төрт түліктің басын көбейту және оны асылдандыру мәселелеріне де баса көңіл бөлуде. Бұл ең біріншіден өңір шаруаларының уақытпен санаспай жасап жатқан қажырлы еңбектерінің нәтижесі болса, екіншіден ауыл шаруашылығы саласына тұрақты жасалып отырған мемлекеттік көмек-қолдаулар да шаруаларға еңсе тіктеуге мол мүмкіндік жасап отырғаны даусыз. Сондықтан адал еңбек пен жүйелі жұмысты басты бағыт етіп ұстанған боралдайлық шаруалар алдағы уақытта да сала жұмысын ілгерілетіп, тұрмыстық табысты арттыруды басты меже ретінде қойып отырғаны анық.
Ауыл әкімінің халықпен болған есептік жиынының барысында байқағанымыздай, ауылдық округтің тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасының округке келуін тағатсыздана күту үстінде. Жиында жекелеген тұрғындар ауыл шаруашылығы саласын дамытуды және тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруды көздейтін жылдық пайыздық мөлшерлемесі небәрі 2,5 процентті құрайтын жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, мал шаруашылығымен қоса, ауылда кәсіпкерлік ісін де қолға алуға ниетті. Бұл мәселе туралы аудан әкімі Жалғас Мұртаза өз сөзінде, өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жұмыстардың жүріп жатқанын, мемлекеттің тапсырмасына сәйкес, алдағы жылдары ауданға қарасты 13 ауылдық округтің барлығын аталған бағдарламаның аясында 2,5 пайыздық несиемен қамтамасыз ету жұмыстарының кезең-кезеңімен атқарылатынын жеткізді.
Тұрғындармен болған есептік жиында аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуевке сөз берілді. Бабырхан Бекболатұлы өз сөзінде, Президенттің пәрменімен және елде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың аясында кейінгі жылдары мемлекеттің сот төрелігіне енгізіліп жатқан өзгерістер туралы айтып, онымен бірге Қазақстан Республикасының Заңдарына енгізіліп жатқан өзгерістер, Парламентпен қабылданған жаңа заңдар туралы, Жоғарғы сот кеңесінің жұмысы, жұмыстағы заң жобалары, әкімшілік сот төрелігінің аясында атқарылып жатқан жұмыстар, ең маңызды ақпарат ретінде ауылдық округтің тұрғындарын қазіргі таңда кең етек алып отырған алаяқтық, оның ішінде, интернет алаяқтардан сақтану шаралары туралы кеңінен әңгімелеп, бір сөзбен айтқанда, тұрғындарға құқықтық тұрғыдан пайдалы кеңестер берілді.
Жиынды қорытқан аудан басшысы Жалғас Әлижанұлы, 2023 жылы ауылдық округте атқарылған жұмыстарға тоқталумен бірге, биыл атқарылатын жұмыстардың да бірқатарына тоқталды. Атап айтқанда, биыл Боралдайда, оның ішінде, Көлтоған жәнеРысбек батыр ауылдарында көше жолдарын жөндеуге басымдық берілмек. Атап айтқанда, Көлтоғандағы бірқатар көшенің жолы және Рысбек батыр ауылында көп жылдан бері шешімін таппай келген О.Ауғанбаев көшесі орта жөндеуден өткізіледі деп күтілу үстінде. Өңір басшысы сонымен қатар таулы аймақтағы маңызды байланыс саналатын облыстық мәндегі «Б.Момышұлы-Қошқарата» бағытындағы күре жолдың 45-60 шақырым аралығындағы 15 шақырымына орта жөндеу жұмыстары жүргізілетінін де хабарлады.
Айта кету керек, жиын барысында сөз алған ауылдың жанашыр азаматтарының барлығы есепті мерзімде Боралдай ауылдық округінде атқарылған жұмыстарды оң бағалап, оның ары қарай жалғасын табуына жұртшылықты атсалысуға шақырды.
Тағы бір айта кететін қуанышты жағдай, былтыр Алматы қаласында тұратын боралдайлық азаматтардың бастамасымен «Көлтоған-Қамқор» қоры құрылған болатын. 2023 жылы қыркүйек айының ортасында алматылық азаматтар Көлтоғанда ауыл-аймақты жинап ат спорты ойындарын өткізіп, ақсақалдардың ақ батасын алған болатын. Сол жиыннан кейін сыртта әртүрлі қызметте еңбек етіп жүрген ауылдың азаматтары ақылдаса келе, округке қарасты әр ауылдан жеке-жеке қор құру туралы бір байламға келген болатын. Қазіргі таңда ортақ қорға қаражат жинау жұмыстары басталып кетті. Онымен бірге былтыр күзде округтің орталығы Көлтоған ауылының кіреберісіне қарағай және шырша ағаштарының көшеттері отырғызылды. Бұл игі тірлікке ауыл азаматтарының барлығы ұйымшылдықпен атсалысты. Ауыл-аймақты түлетуге бағытталған игі бастаманың аясындағы жұмыстар өз жалғасын тауып, жақын күндері Көлтоған ауылына кіреберіске ауылдың атауы ойып жазылған заманауи арка орнатылмақшы. Кіндік қаны тамған ауылдарына деген жанашыр тілектегі азаматтардың игі бастамасына тек қана сәттілік тілейміз!
***
Қошқаратада мал шаруашылығы
қарқын алып келеді
Бұрыннан белгілі болғандай, ауданға қарасты Қошқарата ауылында мал және егін шаруашылығы құстың қос қанатындай қатар дамыған деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Себебі, тау жайлаған еңбекқор тұрғындардың негізгі күнкөрісі мен тұрмысының табыс көзі де осынау атакәсіппен тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ауылдық аймақтардағы жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарының аясында ауылдық округте бірқатар жұмыстар атқарылып отыр. Соның есебінен соңғы екі-үш жылдың бедерінде бұрын жеке қолға өтіп кеткен жайылымдар мемлекет меншігіне алынып, ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына берілу үстінде. Сәтін салса, бұл бағыттағы жұмыстар тек Қошқаратада ғана емес, өңірге қарасты басқа да ауылдық округтерде жалғаса беретін болады.
Негізгі тұрмыс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты ауылдық округте төрт түліктің басы жыл санап артып келеді. Округтің жалпы жер көлемі – 21 742,94 гектар болса, оның ішінде, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 16 663 гектар, егістік жер көлемі – 8 719,84 га, ал жайылымдық жер 7 941 га құрайды.
-Округтегі 35 шаруа қожалыққа тиесілі 15 842 уақ малға субсидия төленеді. Ауылдық округтің негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығы болғандықтан, «Азиз» және «Тажибаев» жеке кәсіпкерліктері ауылдағы 120 үйден көктемде екі тоннаға дейін, ал күз айларында 500 литр сүт жинап, оны аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-на өткізеді. Былтыр ауылдық округтегі «Ернұр» шаруа қожалығы жалпы құны 17 млн теңгеге «YTO» маркалы тракторын соқасымен, «Сұлтан» ШҚ «МТЗ-952.2» тракторын, соқасы, жүктиегіш және шөптайлағыш тіркемесімен бірге, сонымен қатар «Елемес» шаруа қожалығы «LOVOL» тракторын, жүктиегіш және соқа тіркемесімен сатып алып, округтегі ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуға өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, округтің шаруалары егістік егу ісіне де басымдық беріп, бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар артығымен орындап келеді.
Мал шаруашылығын дамыту мәселесіне келсек, 2023 жылдың шілде айындағы есепке сәйкес, округтегі ірі қара мал саны – 3 288, уақ мал – 24 685, жылқы – 1 005 бас, үй ал құстары – 5 349 басты құраса, ал ағымдағы жылдың басында МІҚ – 3 096 бас, қой-20 891, ешкі -248 бас, жылқы – 920 бас, құс – 4 500 басты құрап отыр. Қысқы маусымға тиісінше, 13 754 тонна пішен, 1 538 тонна жем, 4 178 тонна сабан мал азығына дайындалды. Мал жайылымына тоқталсам, 2024 жылға мемлекеттік босалқы жерлерден жалпы көлемі 1368,58 гектар жайылым жер ауылдық округтің меншігіне рәсімделу жұмыстары жүргізілуде,- деді ауылдық округтің әкімі Мейіржан Телеушов тұрғындар алдындағы жасаған есептік баяндамасында.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде ауыл тұрғындарының арасынан Ақтасты ауылының тұрғыны Әділхан Үркімбаев ауыл көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген өтінішімен бірге, таулы өңір тұрғындарының негізгі тілегі болған «Ауыл аманаты» бағдарламасымен пайыздық мөлшерлемесі төмен несие қаражажатына қалай қол жеткізуге болатынын сұрады.
Аудан басшысы Жалғас Мұртаза атап өтіп, түсінік бергендей, алдағы жылдары өңірге қарасты ауылдық округтердің барлығына «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие қаражаты берілетінін, ал ол қаржыға қол жеткізу үшін үй құжаттарының дұрыс рәсімделуіне осы бастан дайындық жұмыстарының жүргізілуі керек екені ескертілді. Сонымен қатар несие қаражатының мақсатты жұмсалуына да назар аудару жайы сөз болды. Онымен бірге сөз сөйлеген басқа да азаматтар ауыл әкімінің атқарған жұмысына оң бағасын берумен бірге, көше және көпірлерді жөндеу, Қошқарата ауылдық мәдениет үйіне жөндеу жүргізу, тағы басқа бірқатар мәселелерді тілге тиек етті.
Айта кетсек, ауылдық округ әкімінің тұрғындар алдындағы кездесу жиынының барысында оған қатысқан аудандық соттың төрағасы Б.Абуев Қазақстан Республикасының Заңдарына және сот жүйесіне енгізіліп отырған өзгерістер туралы кеңінен әңгіме қозғап, сөз арасында ауыл тұрғындарын алаяқтардан сақ болу керектігін де еске салды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»