Basty bet
Құрылыс саласында атқарылған жұмыстың ауқымы кең
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Ұлттық экономика құрылымында құрылыс секторы маңызды орынға ие екеніне тоқталған болатын. «Осы сала ішкі жалпы өнімнің 5-6 пайызын береді. Жанама салалар қосылса, бұл көрсеткіш одан да көп»,- дейді Президент. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда ауданда құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыс ауқымы кеңейіп келеді. Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағының айтуынша, биыл ауданда орындалған құрылыс көлемі 936,7 миллион теңгені құрап, 120,5 пайызға жеткен. Жалпы тұрғын үй, ауызсу мен көгілдір отын тартуда ауданда ауыз толтырып айтар жетістіктер аз емес.
Тұрғын үй саласы бойынша ауданда бір көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Б.Момышұлы ауылында орналасқан 18 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмысын тараздық «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Алдағы уақытта Б.Момышұлы ауылында 60 пәтерден тұратын 10 көпқабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып сараптамалық қорытындысы алынды. Бес қабаттан тұратын көпқабатты тұрғын үйдің әрбірінің жобалық құны 791,3 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күні облыстық құрылыс басқармасына бюджетті өтінім берілген.
«Асар» жобасы да жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жоба аясында өткен жылы жалпы құны 26,5 миллион теңгені құрайтын 14 тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген болатын. Биыл да 14 тұрғын үйді беру жоспарланып отыр. Оның 7-еуі жаңа тұрғын үй құрылысы болса, 4-еуіне күрделі жөндеу құрылыс жұмыстары, ал 3 баспананы сатып алып беру көзделген. Қазіргі таңда осы жұмыс бойынша бөлінген ауылдық округтерде құрылыс жұмыстары басталып кетті, – дейді Асхат Жабағы.
Оның айтуынша, Б.Момышұлы ауылынан екінші көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын салу үшін облысқа жолдаған жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан оң қорытындысын алыпты. Облыс басшылығы тарапынан қолдау тапқан екінші көпқабатты ғимараттың құрылыс жұмыстары таяуда басталып кетті. 18 пәтер үш қабаттан тұратын жаңа ғимараттың құрылыс жұмысын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бұл тұрғын үйдің жобалық құны 276 миллион теңгені құрайды. Жалпы ауданда пәтер кезегінде тұрған 819 адам бар. Оның 303-і көпбалалы аналар, 270-і әлеуметтік осал топтағы азаматтар, 83-і жетімдер болса, 163-і бюджет саласының қызметкерлері. Баспана мәселесі алдағы жылдарда жоғарыда айтқан көпқабатты тұрғын үйлерді салу арқылы шешімін таппақ.
Ауданда орталықтандырылған таза ауыз су жүйесімен қамтылған елді мекендер саны 36. Халықтың 73,5 пайызы таза ауызсуды тұтынуда. Бүгінгі таңда өткен жылдан өтпелі болған Бәйтерек, Кәріқорған және Тасбастау елді мекендерінде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Олардың құрылыс жұмысына 427,7 миллион теңге бөлінген. Алда Ақтөбе елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамаға ұсынылған.
Елді мекендерді газдандыру жұмыстары ауданда табысты іске асырылуда. Биыл Қошқарата ауылындағы кварталішілік газ желісін тарту құрылыс жұмыстарына 110 миллион теңге бөлініп, қаржы толық игерілген. Бүгінгі күні ол нысанды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Осы атқарылған құрылыс жұмыстарының аясында 45-ші елді мекен табиғи газбен қамтылып, көгілдір отынмен қамтылғандар 97,1 пайызды құрамақшы.
Сондай-ақ биыл табиғи газбен қамтылмаған Билікөл ауылдық округіндегі 4 елді мекенге 307 824,4 мың теңгеге қаралған. Атап айтқанда Қарабастау, Әбдіқадыр, Жылыбұлақ пен Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ тартуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Қазіргі уақытта магистральды газ тарту желілеріне мемлекеттік сараптамадан өткізілуде және аталған елді мекендерді 2025 жылға дейін газбен қамту жоспарлануда. Нәтижесінде 2025 жылға дейін аудандағы елді мекендерді 100 пайыз табиғи газбен қамту көзделуде.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруды назардан тыс қалдырмаған еді. Президент ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын талап еткен болатын.
Жол – күре тамыр. Бұл бағытта қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалар баршылық. Бүгінгі таңда аудандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 561,2 шақырымды құрайды. Оның қанағаттанарлық жағдайы 75 пайыз.
Биыл жол құрылысы жұмысына ауданның барлық бюджет көздерінен 1190 миллион теңге бөлініп, 34 жоба қолға алынды. Осы жобалар аясында 52,494 шақырымды құрайтын автомобиль жолы орта жөндеуден өткізілуде. Бұдан бөлек, елді мекендердегі ауылішілік 41,504 шақырымды құрайтын 49 көше мен аудандық мәндегі 2 жоба аясында орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 23 жоба іске асырылуда. Жалпы жол құрылысы жұмыстарының қанағаттанарлық үлесі 84 пайызды құрайтын болады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы.
Құрылыс болған соң кемшіліктер де болмай тұрмайды. Аудан басшылығы бірінші кезекте сапаға мән беруде. Құрылыс нысандарын аралау барысында кеткен кемшіліктер билік тарапынан ескерусіз қалмаған. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, құрылыс нысандарын аралау барысында ондаған кемшілік анықталып, дер кезінде жойылған. Жалпы құрылыс саласының қай бағытын алып қарасақ та ілгерілеу бар.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»