Basty bet

«Zhambyl Invest» инвестиция тартуда толайым табыстарға жетуде

Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында инвестиция тарту жүйесін жетілдіру және бұл саланы түбегейлі жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда жақсы жолға қойылған. Нәтижесінде, бүгінде облыстың инвестициялық ахуалында оң динамика қалыптасқан. «Zhambyl Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айдын Асқарәліұлының айтуынша, өңір инвестициялық қызметтің негізгі көрсеткіштері бойынша республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың біріне айналып отыр.

– Осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыс шетелдік инвестиция тарту қарқыны бойынша республикада бірінші орынға ие болды. Тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 456,4 миллион АҚШ долларын құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 289,7 миллион АҚШ долларын құраған болатын. Сонымен қатар тоғыз айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 721,9 миллиард теңгеге жетті. Оның 56,1 миллиард теңгесі бюджет қаражатына, ал 665,8 миллиард теңгесі жеке инвестицияларға тиесілі. Осылайша Жамбыл облысы негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны бойынша республикада екінші орынға ие болды, – дейді Айдын Асқарәліұлы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауында инвестициялық саясатты жетілдіру, жеке капиталды тарту және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелеріне де ерекше назар аударылған еді. Бұл ретте жергілікті атқарушы орган, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы мен «Zhambyl Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы бірлескен үйлестіру жұмыстары әрбір іске асырылып жатқан жобаларды сапалы сүйемелдеуге, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыруға негізделген.

Серіктестік өкілінің сөзінше, облыстың инвестициялық ахуалын жақсартуға ықпал еткен негізгі үш бағыт – инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, талдау және стратегиялық даму. Тоғыз айда серіктестік тарапынан отандық және шетелдік инвесторлармен, мемлекеттік органдардың және мүдделі ұйымдардың өкілдерімен 310 кездесу мен келіссөз жүргізілген. Бұл жұмыстар аясында «Zhambyl Invest» бірыңғай диалог алаңы ретінде қызмет атқарып, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша әлеуетті инвесторлармен байланыс орнатуға және келіссөздер жүргізуге, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған инвесторларды сүйемелдеуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асырған. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын проблемалық мәселелерді шешуге жәрдемдесіп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды үйлестіреді.

– «Zhambyl Invest» қызметі аясында 17 екіжақты құжатқа қол қойылды. Бұдан бөлек серіктестік жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын, 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 116 инвестициялық жобадан тұратын облыстық инвестициялық жобалар пулын іске асыруға, тұрақты мониторинг жүргізеді. Бұл мониторингтің негізгі мақсаты – инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын бақылау, туындаған проблемалық мәселелерді уақтылы анықтау және оларды шешуде инвесторларға қолдау көрсету. Бұл ретте мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және табиғи монополиялар субъектілерімен өзара іс-қимылды үйлестіруге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл жалпы құны 338 миллиард теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін тағы 21 жобаны іске қосу жоспарланып отыр, – дейді Айдын Асқарәліұлы.

Сонымен қатар өңірдің инвестициялық имиджін қалыптастыру және нығайту мақсатында отандық және шетелдік серіктестердің қатысуымен 9 іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде 5 нысан бойынша құрылыс жұмыстарын бастау рәсімі және 4 инвестициялық жобаны іске қосу рәсімі өткізілген.

«Инвестициялық жобаларды іске қосу аясында «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күкірт қышқылы зауыты, «Alit Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрғақ құрылыс қоспалары мен мәрмәр ұны өндірісі, сондай-ақ «TRZ Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың телекөпір арқылы қатысуымен Шу ауданында «Shengtai Biotech» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүгеріні терең өңдеу жөніндегі өнеркәсіптік кешенінің бірінші кезеңін іске қосу рәсімі өтті. Бұл жоба өңірдің және тұтастай еліміздің өнеркәсіптік дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін көрсетеді», – дейді ол.

Бұдан бөлек бірқатар ірі инвестициялық жобалардың құрылысын бастауға арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның қатарында Францияның «TotalEnergies» компаниясының жел электр стансасын салу, «Gakku Qus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инкубациялық жұмыртқа өндіру кәсіпорнының, «For You Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатты тұрмыстық қалдықтарды электр энергиясын өндіру арқылы кәдеге жарату зауыты мен Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar» компаниясының жел электр стансасының құрылысы бар.

«Жаңа инвесторларды тарту мақсатында перспективалы инвестициялық бағыттарға тұрақты түрде талдау жүргізіліп, инвестициялық тизерлер мен ұсыныстар әзірленеді. Инвестиция тарту жұмыстарына жүйелі тәсілді қалыптастыру мақсатында «Zhambyl Invest» өңірдің инвестициялық жобаларды дамытудың басым бағыттары стратегиясын әзірледі. Аталған стратегияның негізгі мақсаты – облыстың әрбір ауданының қолда бар ресурстарын, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарын, жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларын және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін ескере отырып, дамытудың перспективалы салаларын айқындау», – деп атап өтті Айдын Асқарәліұлы.

Оның айтуынша, әлеуетті шетелдік инвесторларға инвестициялық ұсыныстарды ай сайын тұрақты түрде жолдау жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктердің мүмкіндіктері де кеңінен пайдаланылады. Өңірдің инвестициялық әлеуетін ілгерілету мақсатында әлеуметтік желілер мен цифрлық коммуникация арналары да белсенді қолданылуда.

Өңірге инвестиция тарту және жаңа өндірістерді орналастыру үшін қолайлы жағдайлар жасау бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, облыста инвесторларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы және «Тараз» индустриялық аймағы жұмыс істейді.

Аталған алаңдарда инвесторларға өндірістік жобаларды іске асыру үшін дайын инфрақұрылым, жер учаскелері және қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестициялық преференциялар ұсынылады. Яғни «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында химия, металлургия, агроөнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі салаларында 964 миллиард теңгені құрайтын 25 қатысушы ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін дамытуға бағытталған.

Таңдаулы материалдар

Close