Basty bet
Жүрек қалауымен таңдалған мамандық
Ұстаз – шәкірттің шамшырағы, қоғамның рухани тірегі. Ұстаздық үлкен жауапкершілікпен, адам жанына нұр құятын ең қастерлі мамандық. Бір сөзбен айтқанда ұстаз болу адамға тек білім беріп қана қоймай, оның жүрегіне жол табу, өмірлік бағдар беру. Осындай ұлы жолды таңдаған жандардың бір – ұстаз Клара Қошаева.
Клара Қошаева Жуалы ауданының Түктібай ауылында дүниеге келген. 1995 жылы Түктібай ауылындағы №2 М.Әуезов атындағы мектепті аяқтап, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен «Орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын меңгеріп шықты.
Алғашқы еңбек жолын облыстың орталығы Тараз қаласындағы №44 Ш.Смаханұлы атындағы орта мектепте мұғалім болып бастап, одан кейінгі еңбек жолын ауданға қарасты Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде жалғастырады. Аудандағы тарихы терең іргелі білім мекемесінде еңбек ете жүріп мол тәжірбие жинақтаған ол қазіргі таңда Бауыржан Момышұлы ауылындағы Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінде орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беріп, ұстаздық қызмет атқарып келеді. Ол тек білікті пән мұғалімі ғана емес, өзі білім беретін мектепте «Тілдер әдістемелік бірлестігінің» жетекшісі. Шығармашылық тұрғыдан ізденісі әбден толысқан кәсіби маман 2013 жылы деңгейлік курстың үшінші деңгейін аяқтап, заманауи әдістерді оқу үдерісінде кеңінен қолдану арқылы шәкірттерге білім беруде.
Ұстаздың еңбегі қашанда шәкірттің жоғары жетістігімен өлшенетіні анық. 30 жылға жуық тәжірибе кезеңінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың білім мен ғылым жолына түсуіне үлкен үлес қосқан Клара апай үшін 2021 жыл педогогикалық тәжірибесінің жарқын көрсеткіші болды. Осы жылдың ішінде оның бірнеше шәкірті қатарынан оза шауып, республикалық деңгейдегі интернет-олимпиадалар мен қашықтықтан өткізілген білім додаларында орыс тілі пәнінен I дәрежелі Дипломдарға ие болды.
Білім беру саласына саналы ғұмырын арнап келе жатқан білікті ұстаз Клара Қошаеваның еңбегі шәкірт жетістігімен де, мектеп ұстаздарының арасындағы беделімен де жоғары бағаланып келеді.Ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі табандылығы, сонымен қатар, тұрақты түрде шығармашылық тұрғыдан жұмыс істеуі, ұжым мен қоғамдағы зор белсенділігі – оның шынайы еңбегінің айғағы десек, артық емес. К.Қошаевнаның білім саласындағы қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, былтыр ол Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Ұлағатты ұстаздарға берілетін бұл жоғары марапатты білікті мұғалімнің білім беру саласына қосқан қомақты үлесінің жоғары бағаланғаны деп білеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ұстаздардың қоғамдағы мәртебесін арттыруды басты назарға алғаны белгілі. Бұл өз кезегінде отандық педогогтардың мәртебесін арттыра түсетіні анық.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» Жолдауында білім беру саласына айрықша көңіл бөлініп, ұстаздар қауымына үлкен сенім артылғанын қуана қабылдадым. Бұл Жолдау өмірін осы саланың дамуына арнап, ұстаздық жолды таңдаған мұғалімдерге үлкен жаупкершілік жүктеп, сенім мен қуаныш сыйлағаны анық.
Мен ұстаздық жолды жүрек қалауымен таңдадым. Өйткені ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ұлттың болашағын қалыптастырушы тұлға. Менің осы жылдар аралығында ұстаздық жолда алған әрбір марапатым тек менің жеке жетістігім емес, бұл маған сенім артқан педогогикалық ұжымның және қолдау білдірген отбасымның, ең бастысы, білімге ынталы талантты шәкірттерімнің ортақ жеңісі.
Осы тұста ұстаз ретінде жас ұрпақтың ең бірінші ұстазы саналатын ата-аналарға да айтарым бар. Президенттің жаңа Жолдауында айтылған басым бағыттардың бірі – жас ұрпақ тәрбиесі. Баланың ең алғашқы ұстазы ата-ана екені белгілі. Балалардың отбасынан алған тәлім-тәрбиесін біз мектеп қабырғасында біліммен толықтырамыз. Мектеп пен ата-ана қатар жүрмейінше, сапалы білім мен саналы тәрбие қалыптаспайды. Әрбір баланың жүрегіне мейірім мен сенім сыйлау – мектеп мұғалімдерінің ортақ міндеті. Ұстаздық қызмет қай кезде де жүрек қалауымен атқарылатын абыройлы іс. Осы жолда аянбай еңбек ету мен үшін үлкен бақыт,- дейді Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Клара Қошаева. Шәкірттерді білім нәрімен сусындатып жүрген білікті ұстаз Клара Кәрібекқызы Қайрат ауылындағы үлкен бір әулеттің ибалы келіні, отбасында аяулы жар, мейірімді ана. Отағасы екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Оның отбасы алдындағы асыл борышы мен шәкірт алдындағы міндеті үндесіп, тұлғалық бейнесін айшықтай түсуде.
АяжанҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»