Basty bet

Шұғыл әрекет ету тобының жұмысымен танысты

Қазір жаз айы. Осыған сәйкес, өңірде ауа температурасы көтеріліп, қатты аптап ыстық байқалып отыр. Бұл құбылыс сәйкесінше, өрт қауіптілігін де жоғарылатады. Күннің ысуымен бірге, табиғи өрттің де өршитіні белгілі. Сондықтан осынау жауапты кезеңде өрт қауіпсіздігінің талаптарын барынша сақтау қажет.
Кеше Б.Момышұлы ауылындағы орталық алаңда аудандық шұғыл әрекет ету тобы жедел сапқа тұрғызылып, өрт қауіпсіздігі кезеңіне және басқа да төтенше жағдайларға дайындық шаралары тағы бір пысықталды. Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ғани Кенжеахметов, Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Арман Тоқанов және аудан әкімі Жалғас Мұртаза шұғыл әрекет ету тобының қызметтік техникалары және мамандардың атқаратын жұмысымен жеке-жеке танысып, өрт қауіпсіздігі кезеңіне, сонымен қатар, тосыннан болатын түрлі табиғи апаттарға дайын болудың маңыздылығына тоқталып, техника және құрал-жабдықтардың да жай-күйіне қанықты.
Айта кету керек, аудандық шұғыл әрекет ету тобының құрамында – Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық №7 Өрт сөндіру бөлімінің арнайы техникалары мен мамандары, Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі, «Жуалы-Су», «Жуалы газ» және аудандық электр желілерін тарату мекемелері, аудан әкімдігіне қарасты бірқатар жауапты бөлімдері бар. Жиын барысында олардың бірлескен іс-әрекетімен қоса, апат кезінде атқарылатын үйлестіру жұмыстарының барысы тыңғылықты пысықталды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close