Basty bet

Ата-аналардың назарына!

Сіздерге 2025–2026 оқу жылының аяқталуына байланысты өткізілетін «Соңғы қоңырау» іс-шаралары мен мектеп бітіру кештері кезеңінде қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін тағы бір нақтылауды жөн көрдік.
Облысымызда жыл сайын аталған кезеңде түрлі құқықбұзушылықтар мен қайғылы жағдайлардың орын алып жатқанын жақсы білесіздер. Осыған байланысты аудандық полиция бөлімінің тарапынан бірқатар қатаң талаптар мен шектеулер енгізіліп отыр.
Мектеп бітіру кештеріне байланысты көлік кортеждерін ұйымдастыруға қатаң түрде тыйым салынады. Автокөліктердің колоннамен жүруі жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзуға, соның салдарынан апаттық жағдайлардың туындауына әкеледі. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 593-бабына сәйкес, жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Осыған байланысты, аталған талаптарды әрбір ата-ана мен оқушыға нақты әрі түсінікті түрде жеткізулеріңізді сұраймыз. Әсіресе, бітіруші сынып жетекшілері мен мектеп әкімшілігі ата-аналар жиналысы барысында бұл мәселеге ерекше назар аударып, оның салдары мен жауапкершілігін толық түсіндіруі қажет. Бұл – жай ғана шектеу емес, балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды талап екенін баса айту қажет.
Мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, кафелерде немесе басқа ойын-сауық орындарында банкет түрінде өткізуге тыйым салынады. Бұл талап балалардың қауіпсіздігі үшін қойылып отыр және олардың түрлі келеңсіз жағдайларға тап болмауының алдын алады. Жақында Оқу-ағарту министрлігі осы мәселеге қатысты нақты шектеу енгізді, яғни бұл – жай ғана ұсыныс емес, міндетті түрде орындалуы тиіс талап. Сондықтан осы талапты ата-аналарға да, оқушыларға да түсінікті етіп жеткізулеріңіз қажет. Егер бұл талап сақталмаса, ата-аналар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Біздің басты мақсат – балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау. «Соңғы қоңырау» – қуаныш пен үміттің мерекесі болуы тиіс, алайда ол тәртіпсіздік пен заң бұзушылыққа ұласпауы қажет.
Осыған байланысты Сіздерден аталған талаптарды қатаң бақылауға алып, талаптардың сақталмауы әкімшілік жауапкершілікке, айыппұлға және басқа да заңды шараларға әкелетінін ескертеміз!
Құрметті ата-аналар!
Біз бүгін тек талаптар мен шектеулерді айтып отырған жоқпыз. Біз – әр баланың тағдырына тікелей жауаптымыз. Бір ғана бақылаусыз қалған сәт, бір ғана ескерілмеген қауіп – орны толмас өкінішке алып келуі мүмкін. «Сақтықта қорлық жоқ» деген. Сондықтан артық еркіндікке жол беру, «бір күн ештеңе болмайды» деген немқұрайдылық – үлкен қатердің бастауы болуы мүмкін.
Сол себепті Сіздерді барынша қырағылық танытуға, әрбір оқушыны назардан тыс қалдырмауға, ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жүргізуге шақырамыз. Балалардың қуанышты күні қауіпсіз, сабырлы, тәртіпке сай өтуі – баршаға ортақ міндет!
Досжан Байдалиев,
Жуалы АПБ-ның
ҚҚБ ЮПТ ЖҰЖ
аға инспекторы.
Полиция майоры

Таңдаулы материалдар

Close