Basty bet
Ұстаздық еткен жалықпай…
«Арманы асқақ адамға,
Алдынан сүрлеу табылар.
Жаныңыз жарқын болған соң,
Талай дос тағы табылар.
Тұрақтылықтың туын жықпастан,
Жүрдіңіз тура соқпақпен.
Арнадың ғой адалдыққа,
Жалындаған жас шақты.
Сіздің жолды кесем деп,
Талай топас шабылды.
Соларды ақыры мойындатқан,
Нартұлғалы Наралиев Тілекең».
Нарша Қашағанов, ақын.
6.11.2004 ж., Қаратау қаласы.
Ел болып еңсеміз көтеріліп, әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосылуға ниет етіп жатқан тұста алдымызда атқарылуға тиісті көптеген маңызды міндеттердің «менмұндалап» тұратыны белгілі. Соның бірі ретінде қоғамда ұстаздың қадір-қасиетін арттырып, жалпы педагогтардың беделін көтеру мәселесіне баса мән беру қажет.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген дана Абай өсиеттеп қалдырса, ал Алаштың арысы, сыршыл ақын Мағжан Жұмабаев өзінің туған халқына: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі»,- деген ұлағатты сөзді бекер қалдырмаса керек.
«Ұстаздық – ұлы мұрат» дейтін болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасындағы осынау қағидалы ұғымға қайта оралып, 2019 жылғы 30 желтоқсан күні «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойып, педагог мәртебесін заңмен бекітті.
Осы орайда Кеңестік кезеңде және тәуелсіздік жылдары Жамбыл облысына қарасты Жуалы және Талас аудандарының білім беру, оқк-ағарту салаларының дамуына саналы ғұмырының елеулі бөлігін арнаған жан, ауданның Құрметті азаматы, Талас ауданының Құрметті ардагері, ардагер ұстаз – Тілеуқабыл Наралиевтың өнегелі өмірі жайында ой толғағанды жөн көріп отырмыз.
Ұстаздық ету, саналы шәкірт тәрбиелеу, сол арқылы тұтас ұлттың руханиятына үлес қосу – адам өміріндегі абыройлы міндеттердің бірі саналады. Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтты математика мамандығы бойынша үздік бітірген Тілеуқабыл Наралыұлының ұстаздық өмір жолы қатардағы мұғалімнен басталып, директорлық басшылық қызметке дейінгі сатылардан тұрады.
Балалық шағы қиын-қыстау, сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келген азаматтардың алды қазір сексеннен асып қалғаны белгілі. Тілеуқабыл Наралыұлы да сонау 1943 жылы Самсоновка (қазіргі Күреңбел ауылында) дүние есігін ашты. Әкесі Наралы Ұлы Отан соғысына аттанып, содан қайтып оралмаған. Ал анасы Седепкүл жесір қалып, екі баласы Дүйсеналы мен Тілеуқабылды бағып-қағып, азамат қатарына қосады. Биыл мерейлі 80 жасқа толғалы отырған Тілеуқабыл ақсақал ата-аналарының еңбегін, сонау соғыс жылдарындағы көрген қиындықтарын әлі ұмыта қойған жоқ.
Бала Тілеуқабыл да өзі қатарлас балалармен бірге ауылдағы бұрынғы Төңкеріс бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, 1962 жылы ауданға қарасты Қарабастау ауылындағы Билікөл орта мектебін күміс медальмен бітіреді. Арман қуған албырт жас сол жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Сонда оқып жүріп Отан тапсырмасымен төрт жыл бойы Балтық әскери теңіз флотында курсанттар дайындайтын мектептен өтіп, әскери борышын Ленинград облысының Ломоносов қаласында аяқтайды. 1965 жылы Ленинград қаласында Коммунистік партия қатарына өтеді. Оның әскерде және институт қабырғасында оқып жүргенде бокстан жеткен жетістіктері де жетерлік. Бала кезде көрген қиындықтары оны шыңдай түскендей.
«Жақсы жар – жарты бақыт» демекші, Тілекең Қызылорда қаласында пединститутта білім ала жүріп, осында бұрынғы Талдықорған облысынан келіп білім алып жатқан бойжеткен Күлпаш апаймен танысып, табысады. Екеуі бір топта оқи жүріп, көңіл жарастырған екен. 1970 жылы аудандық оқу бөлімі жоғары оқу орнын үздік бітіріп келген ерлі-зайыпты жас мұғалімдерді жолдамамен Петровка селосындағы А.Пушкин атындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі етіп жібереді. Ерлі-зайыпты жастардың сол ауылдағы мектепте мұғалімдік еткен қызықты жастық жылдары өз алдына ұзақ әңгіме. Текті атаның ұрпағы ұстаздық қырын барынша дамытып, оқу бөлімі басшылығының көзіне түседі. Сөйтіп 1972 жылы аудандық оқу бөлімі ұстаз Тілеуқабыл Наралиевты Алексеевка селосындағы М.Лермонтов атындағы орта мектепке директор етіп тағайындайды.
-Мен бұл мектепте 1977 жылдың тамыз айына дейін директор болдым. Сол тұста шаруашылықтың есебінен мектептің екі қабатты жаңа ғимараты салынды. Оқу үдерісінде де тындырымды шаруалар атқарылды. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы жұмысым жемісті болды. Одан соң бір жылға жуық аудандық оқу бөлімінде әдіскер, әдістемелік кабинеттің меңгерушісі қызметінен кейін директорлық қызметке қайтадан кірістім,- дейді Т.Наралиев ұстаздық жылдарын еске алып.
Тілекең 1979-1984 жылдары өзі алғашқы еңбек жолын бастаған Қарасаз ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектепке басшылық жасайды. Онда кабинеттердің жабдықталуы, оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие берудегі ұжымның еңбегі ескеріліп, облыстық байқауда үздік орынға ие болады. Өзі де мектеп директоры ретінде де бірқатар облыстық байқаулар мен бақылауларға қатысып, бірнеше дүркін жүлделі орындарға ие болған. Айта берсе, осы жылдар аралығында ауданның оқу-ағарту саласында есімдері «алтын әріптермен» жазылып қалған талай жақсы-жайсаң азаматтармен, ақыл айтар абзал ағалармен сыйлас, дәмдес, қызметтес болғанын сағынышпен еске алады. Бастауыш сыныпта, одан кейін де тәлім берген ұлағатты ұстаздарының әзиз рухтарына тағзым етуді де ардагер ұстаз басты парыздарының бірі санайды. Жақсы ұстаздан жұққан осынау жақсы қасиеттер оны биіктерге жетелегені анық.
Иә, олардың қатарында ауданның білім және оқу-ағарту салаларына елеулі еңбек сіңіріп, саналы ғұмырларын ұстаздық жолға арнаған санаулы азаматтардан – Қуат Иманбеков, Сәбит Манашев, Сайлаухан Слямханов, Күлпан Бекайдарова, Әсия Сағындықова, Тұралы Әзімов, Бөден Үмбетәлиев, Байжан Төреханов, Серғазы Алтаев, Асубай Қозыбеков, Ерсайын Әлжанов, тағы басқа шоқтығы биік азаматтардың болғаны үлкен мақтаныш.
Ұстаздық жолды таңдап, осы жолда барын салған жаны таза, асыл азамат Тілеуқабыл Наралыұлы одан кейінгі жылдары аудандағы Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин атындағы орта мектептерде директорлық қызметін абыроймен жалғастырады. Ұйымдастырушылық қыры ашылып, саладағы тәжірибесі әбден толысқан ұлағатты ұстаз 1996 жылдан Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы бірқатар білім ошақтарында ұстаздық етіп, одан соң Майтөбе ауылындағы А.Дәулетбеков атындағы орта мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін жемісті атқарып, зейнет демалысына шығады. Тілекең Талас ауданында аттай 12 жыл жемісті жұмыс істеді.
Өзі жақсы кісіге біркісілік лайықты орын қай жерден де табылады. Жақсы азамат қайда жүрсе де жақсылығынан танбақ емес. Талас ауданында да білім саласында елеулі із қалдырған Тілекеңдей асыл азаматты таластық айтулы ақын Нарша Қашағанов жырға қосып, асыл қасиеттерін өлең жолдарымен дәріптеді. Одан бөлек, бүгінде «Д.Қонаев» қорының Талас аудандық бөлімшесінің хатшысы Лес Нұрұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құралбай Нұрпейісов, аудандық «Талас тынысы» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Дүйсен Молдақұлов, сонда аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған жерлесіміз, марқұм Асқар Қуаныш, сондай-ақ, сонда білім саласында басшылық қызметтерде болған бірқатар азаматтармен сыйласа жүріп, етене араласады.
Ширек ғасырдан астам уақыт ұстаздық еткен бұл отбасының түтіні түзу ұшты. Тілеуқабылдай асыл азаматқа адал жар болған Күлпаш апай дүниеге екі ұл, бес қыз әкелді. Олардан қазір немере мен шөберелер тарап, атасының көз қуанышына айналып отыр. Үлкен ұлы Нұркен, қыздары Жанар мен Жанна ата-аналарының жолын қуып, ұстаздық жолды таңдады.Қазіргі таңда Нұркен мен Жанар Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепте ұзақ жылдан бері ұстаздық етіп жүрсе, ал үлкен қызы Жанна Түктібай ауылындағы «Балақай» балабақшасының меңгерушісі. Басқа балалары да өмірден өз орындарын тапқан. Жалпы Наралиевтер жанұясын жуалылық жұртшылық ұстаздар әулеті деп те атайды. Асыл жары Күлпаш Елубаеваның 2005 жылы ота үстінде оянбай қайтыс болды
Имандылықты алға ұстаған асыл азаматтың 2012 жылы қасиетті Меккеге сапар шегіп, қажылық парызын өтеп қайтқанын, сол жылы ауданда Батырбек датқа Рысбекұлы кесенесінің құрылысына алғашқылардың бірі болып 100 мың теңге қаржы аударғанын, одан бөлек, «Б.Момышұлы атындағы қайырымдылық қорына» және «Д.Қонаев» қорының Талас аудандық бөлімшесіне, сонымен бірге жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының жұртшылығына қолдау ретінде де аталған қорға қомақты қаржы-қаражат аударып, сауапты істерге өзінің мол үлесін қосып келе жатқанын атап өткен жөн. Одан бөлек, Талас ауданындағы «Асарлатып үй салу» жобасына, сондай-ақ, өзі тұратын Нұрлыкент ауылындағы мешіт құрылысына да қомақты қаражат аударуы да имандылықтың белгісі емес пе?!.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп дана Абай өсиет еткендей, сексеннің сеңгіріне иек артқан үлгілі педагог, ауданның оқу-ағарту саласына мол үлес қосқан ардагер ұстаз – Тілеуқабыл Наралиевтың ұстаздық еткен жылдардағы тынымсыз әрі жемісті еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалып көрген емес.
Әр жылдары Жуалы және Талас аудандарының білім салаларына қосқан ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» және «Талас ауданының Құрметті ардагер» атақтарына ие болды. Басқа да марапаттары бар.
Биыл мерейлі 80 жасқа толғалы отырған ардагер ұстаздың ағартушылық еңбегі көпке өнеге.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»