Basty bet
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Құрметті жуалылықтар! Қадірменді жерлестер! Баршаңызды 22 наурыздағы Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз ұлттық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымыз ежелден жыл басына санап, Ұлыстың ұлы күніне балаған Наурыз мейрамы – шын мәнінде елдік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі. Шуағын шашқан көктемнің нұрлы шапағаты Наурызбен бірге тіршілікке шаттық сыйлайды. Қыстың қаһары қайтып, жер-жаһан қайта түлейді. Дүние жаңарып, құлпырады. Табиғат заңдылығымен жыл басы болып, жақсылықтың жаршысына айналған Наурыз мейрамы адамзат тарихымен бірге жасасып келеді. Сондықтан Наурыз – адамды ұлты мен нәсіліне, тілі мен дініне бөлмейтін жалпыхалықтық ізгі мереке.
Біздің ұлттық құндылықтарымыз, рухани мұраларымыз әз-Наурызбен біте қайнасқан. Тарихтың талай бұралаң жолдарынан өткен тағдырлы халқымыз қандай кезеңде болса да Наурызды жадынан шығарған емес. Ақ пейіл жұртымыз қашанда Ұлыстың ұлы күнін ақ дастарқан жайып, ақ тілекпен қарсы алған. Елдің тыныштығын, халықтың ынтымағын тілеген. Бұл күні бұлақ көзін ашып, шыбық қадап, көршісіне көмек беріп, сауапты ізгі істермен айналысқан. Біз ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз жалғасып келе жатқан осындай игі дәстүрлерді өрістетіп, оның мазмұнын байыта түсуіміз керек.
Сондықтан, түсіністікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мерекесінің татулығы жарасқан еліміз үшін де, ынтымағы мен бірлігі берік Жуалы жұртшылығы үшін де маңызы ерекше. Бұл орайда, біздің мемлекеттік саясатымыз әз-Наурыздың ізгілігімен өзара ұштасады.
Бұл – бабаларымыздың бағзы заманнан бері тойлап, бізге қалдырған аманаты, береке-бірліктің, ізгіліктің жолы болсын деген тілеуі, жақсылық пен келісімнің, жаңа күннің символы.
Осынау шақта ел-жұрттың көңілінде жаңа үміт пайда болып, ертеңгі күнге деген сенім нығаяды. Сол себептен xалқымыз Наурызды «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған.
Қазіргі таңда Наурыз мерекесі жаңа сипатқа ие болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Наурыз мейрамы 2011 жылдан бері халықаралық ауқымда тойлануда. Ұлты мен дініне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Наурыз ұлттар мен ұлыстардың арасындағы достықты бекіте түсуге, бауырластықты нығайтуға, әр ұлттың салт-дәстүрін қайта жаңғыртуға үлкен үлесін қосып отыр.
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ұлтты ұйыстырған дәстүрлі мерекеміз баршаның үмітін ақтап, жаңа белестерді бағындыру үшін күш-қуат пен қажымас қайрат әкелсін. Осынау шуақты мейрамда әрбір шаңырақ шаттық пен игілікке толсын.
Баршаңызға ырыс-ынтымақ, денсаулық пен бақ-береке тілеймін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Олжас Қаржауов,
аудан әкімі