Basty bet
“2025 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде жаңа сот сатысы – кассациялық сот сатысы қолданысқа енеді
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына 2024 жылдың 5 шілдесінде 109-VIII Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңымен үлкен өзгерістер енгізілді. Онда жаңа сот сатысы – кассация туралы енгізілген.
Кассациялық сот туралы 2023 жылғы 12 қыркүйекте еліміздің бизнес-қоғамдастығының өкілдерімен кездесу болып, Президентіміз дербес кассациялық инстанция құру мәселесіне тоқталған болатын.
Бұл өзгеріс барлық іс санаттарының кассациялық тәртіпте қайта қаралуына мүмкіндік жасау үшін енгізілді.
Осы өзгеріске дейін кассациялық сот сатысы Жоғарғы Соттың құрамында болды. Барлық істерді кассациялық сатыда қайта қарауға мүмкіндік болмады. Өйткені, оның қарауына жатқызылған сот істері мен материалдарының түрлері бар. Атап айтқанда, азаматтық істер оңайлатылған іс жүргізу тәртібінде қаралса, іс татуласу рәсімімен аяқталса, жеке тұлғалар үшін талап қою сомасы 2000 айлық есептік көрсеткіштен кем болса, заңды тұлғалар үшін 30 000 айлық есептік көрсеткіштен кем болса бұндай істер кассацияда қаралмайтын болды. Қылмыстық істерден қылмыстық теріс қылық жасау бойынша қаралған істер кассацияда қаралмады.
Ал, соңғы өзгеріске орай кассациялық сот сатысы Жоғарғы Соттың құрамында емес, дербес болады.
Кассациялық сот – сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды. Сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды. Заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Жаңа сот сатысы 2025 жылы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша құрылып, апелляциялық сот алқасының қабылдаған актісі негізінде істерді қайта қарайды.
Бұл реформа сот жүйесінің тиімді жұмыс жасауына, сонымен қатар адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының сақталуына барынша ықпал жасауына, сотқа деген сенімді одан әрі нығайтуға кепіл болады деген сенімдеміз.”
Жуалы ауданы Сот әкімшісі басшысы
Самат Ералиев