Basty bet

«Екі ененің тәрбиесін алған бақытты келінмін!»

Сауранбаевтар әулетінің келіні Нұрғайша апай осылай дейді

Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы – баланың азамат болып өсуінің негізі.
Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ержетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Сондықтан отбасы – өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.

Ауданға қарасты ауылдардың ішінде іргесі берік әрі қаймағы бұзылмаған берекелі Қайрат ауылында ата-бабалардың салып кеткен сара жолын ұстанып, адал еңбекпен есейіп, өсіп-өркендеген отбасылар көптеп саналады. Соның бірі – Сауранбаевтар отбасы. Отағасы Ерназар Сауранбайұлы 43 жасында өмірден озса, отанасы Завоткүл әже ұл-қыздарына және немере-шөберелеріне жол көрсетер ақылшы, ата-ананың, ақылшы әженің міндетін атқарып келеді.
Жалпы, адамзат баласы ұрпағымен мың жасап, елге сіңірген еңбегі арқылы сыйлы болатынын ешкімнің жоққа шығара алмасы анық. Бүгінде бір әулеттің анасына айналып отырған Завоткүл Сыйқымбаева 1974 жылы осындағы Сауранбаевтар әулетіне келін болып түседі. Міне, содан бері 50 жылға жуық уақыт сырғып өте шыққан екен…
Отағасы Ерназар екеуінің бас қосқаннан кейінгі өмір жолы тек қана еңбекпен өрілді. Марқұм отағасы аудандағы автобазада диспетчер болып еңбек етсе, ал отанасы Ш.Үлеков атындағы тоқыма фабрикасында табаны күректей 20 жылға жуық уақыт технолог және цех меңгерушісі, фабрика жабылғаннан кейін аудандық почта байланыс торабының Ақсай ауылдық округіндегі «Б.Момышұлы-2» филиалына ауысып, онда 13 жылдай тер төгіп, сол жұмыс орнынан зейнет демалысына шықты. Бүгінде 70 жасты еңсерген еңбек майталманы үйде бос қарап отырмай, немерелерінің тәлім-тәрбиесіне атсалысып, сонымен қатар тігін ісімен де айналысуда. Бұл отбасында барлығы төрт ұл-қыз тәрбиеленген. Завоткүл әже ұл-қыздарынан барлығы 14 немере сүйіп отыр.
Бұл әулетте тәрбиеленген ұлдың үлкені Мұхамеджан қазіргі таңда ауданда теміржол торабында вагон қараушы болып еңбек етуде. Ал оның жұбайы Нұрғайша енесінің жолын қуып, 20 жылдан бері табан аудармастан аудандық почта байланыс торабының Ақсай ауылдық округіндегі «Б.Момышұлы-2» филиалында меңгеруші болып жемісті еңбек ету үстінде. Ал екінші ұл Нұржан тағдырдың жазуымен 36 жасында өмірден озған. Марқұмның артында жұбайы мен ұл-қызы қалды. Ал бұл әулеттің қыздары Жазира мен Мақпал өмірден өз орындарын тауып, ауданға қарасты Талапты және Қарасаз ауылдарында ұрпақ тәрбиелеумен қатар ұлағатты ұстаздық қызметтерін де мүлтіксіз атқаруда.
-Бұл әулетке келін болып түскеніме де 25 жылдан астам уақыт болды. Өзім Тараз қаласында туып-өскенмін. Қалалық жерде тұрғаннан кейін ауылдың тіршілігінен онша хабардар емеспін. Алғаш келін болып түскен ел-жұртқа, жаңа әулетке сіңісіп кету маған оңай болған жоқ. Мұхамеджан екеуміз Тараз қаласындағы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтында бір мамандықта, бір топта оқығанбыз. Үшінші курста оқып жүргенде шаңырақ көтеріп, міне, содан бері өмірдің ыстық-суығына бірдей төзіп келеміз. Отбасында екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірдік.
Тұңғышымыз Жәмила Алматы қаласында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің резидентурасында оқыса, екінші қызымыз Аяжан ұстаздық жолды таңдап, қазіргі таңда аудан орталығындағы №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда мұғалім болып еңбек етуде. Үлкен ұлым Әлихан да жоғары оқу орнында оқиды. Кенжеміз Алмаз мектеп қабырғасында.
Балаларымның барлығы көргенді, тәрбиелі болып өсті. Мұның барлығы ең біріншіден үлкен ата-енелерімнің өнегелі жолы мен ұлағатты тәрбиесінің жемісі деп ойлаймын. Мен бұл әулетке келін болып түскенде үлкен енем, марқұм Күлсін әжеміздің көзі тірі еді. Онда ауылда да үлкен ата-әжелер көп болатын. Біз сол тұста жас келін ретінде ол кісілерге көп қызмет етіп, ақ батасын алғанбыз. Одан жаман болған жоқпыз. Мен өзімді екі бірдей ененің тәлім-тәрбиесін, өнегесі мен ұлағатын алған бақытты келінмін деп есептеймін,- дейді әулеттің келіні Нұрғайша апай.
Иә, ұрпақ тәрбиесі – өте нәзік мәселе. Біз бұл жолғы мақаламызда тәрбиелі ұрпақ, өнегелі отбасы туралы әңгімелеп отырғандықтан, жас ұрпақтың өнегелі болып өсуі туралы ой қозғаған жөн болар. Ал жас ұрпақ қайткенде тәрбиелі болады, ал өнегелі отбасын қалай құруға немесе оны қалай сақтап қалуға болады деген сұрақтың осындайда туындайтыны да заңдылық. Міне, біз өнеге ретінде әңгіме етіп отырған Сауранбаевтар әулетінде отбасылық дәстүрлер берік орныққан деуге болады. Олар әулетте дүниеге келген ұрпақтарын әлі күнге дейін ата-бабалардың өнегелі жолын ұстану арқылы адалдық пен еңбексүйгіштікке тәрбиелеп келеді. Одан ешқайсысы жаман болған жоқ.
Иә, бүгінде Сауранбаевтар әулетінің алтын қазығына айналып отырған Завоткүл әже әлі де еңбектен қол үзген жоқ. Әулеттің мүшелеріне айтар ақылы мен жол көрсетер данышпандығы әрі бес уақыт намазын қаза етпейтін имандылығы да ұрпақтарына молынан үлгі-өнеге.
Ал бұл отбасының ұлы Мұхамеджанның шойын жолда еңбек ететінін жоғарыда атап өттік. Ол отанасы Нұрғайшамен бас қосқан жылдары еліміз егемендігін жаңадан алған қиын жылдармен тұспа-тұс келді. Сондағы кездескен тұрмыстың барлық қиыншылығына екеуі бірдей төзіп, алға ұмтылып, ақылдасып еңбек етті. Олар тұрмыстың қиындықтарын тек еңбекпен еңсерді. Бір кездері мал базарға шығып, тамақ та пісіріп сатты, такси жүргізіп, жолаушылар тасымалдауға да арланған жоқ. Отағасы сол тоқырау жылдары нан шығаратын цехта да жұмыс істеді, жағдай сәл-пәл түзелгеннен кейін өзінің мамандығымен әкімшілікте бухгалтер болып еңбек еткені бар. Ал 2004 жылдан бері теміржол саласына біржола ауысып, бүгінде вагон қараушы болып жемісті еңбек етіп жүр.
Отанасы Нұрғайша апай еңбек ете жүріп отағасына сүйеу бола білді. Өмірге екі ұл, екі қыз әкеліп, тәрбиеледі. 2004 жылдан бері почта байланыс саласында еңбек етуде.
-Менің түсінігімде махаббат, сыйластық деген ұғымдардың мән-маңызы өте жоғары. Себебі, барлық өміріңді өзің сүйген, өзіңді сыйлаған адамыңмен бірге өткізесің. Әрине, өмірде барлығы адамның ойлағанындай бола бермейді ғой. Өмір жолыңда қиыншылық та болады, қызықшылықтар та кездеседі. Тіршіліктің ыстығы мен суығы өз алдына. Отбасы құрғаннан кейін ерлі-зайыптылар солардың барлығына бірге төзіп, бірге сыйласып өмір сүрулері қажет деп білемін.
Біздің өмір жолымызда барлығы ойдағыдай, оңай болды деп айта алмаймын. Тұрмыстың қиыншылықтары өз алдына. Денсаулығымның сыр берген кездері де болды. Оның барлығына шыдап, төзіп өмір сүріп келеміз. Қиыншылық кездескенде кемеңгерлікпен ақылын айтып, жол көрсеткен ұлағатты, ақылшы енелеріме және отағасына көп рақметімді айтамын. Әлі күнге дейін сүрінгенде сүйеу болып келеді. Отбасында балаларды да бірге тәрбиелеудеміз. Бір сөзбен айтқанда, тағдырыма ризамын,- дейді әулеттің келіні Нұрғайша апай.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close