Basty bet
ОТБАСЫ – МЕЙІРІМ МЕКЕНІ
Әр адамның жүрегін жылытатын бір мекен бар. Ол – отбасы. Отбасы– адамзат баласының ең қымбат құндылығы, өмірдегі басты тірегі мен таусылмас қуат көзі. Қазақ халқы ежелден «Отан– отбасыдан басталады» деп, отбасының маңызын айрықша бағалаған. Себебі отбасы – әрбір адамның ең алғашқы мектебі, өмірлік құндылықтардың бастауы, ұлттың ұйытқысы. Отбасы – әлеуметтік ұғым ғана емес, ол – рухани, мәдени, тарихи іргетас. Қазақ халқы ежелден отбасыға ерекше мән берген, оны тәрбие мен дәстүрдің алтын бесігі санаған. Әке– отбасының тірегі, ана– отбасының жүрегі болса, бала– сол отбасының болашағы. Осы үштік тұтасқанда ғана отбасыда бірлік пен береке орнайды. Қазақтың дәстүрінде «ата-баба аманаты», «тектілік», «ұрпақ сабақтастығы» деген ұғым кең таралған. Мұның бәрі отбасы құндылықтарына тікелей байланысты. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, адалдық пен еңбекқорлыққа баулу– мұның бәрі балаға отбасыда сіңіріледі. Демек, қоғамда болып жатқан жақсы-жаман құбылыстың көбі отбасындағы тәрбиеге байланысты.
Бүгінгі жаһандану заманында отбасы институтының маңызы бұрынғыдан да артып отыр. Себебі заман ағымымен бірге ұрпақ тәрбиесінде де елеулі өзгерістер орын алуда. Кейбір жас буынның отбасы құндылығын бағаламауы, ажырасудың көбеюі, ата-ана мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуі осының айғағы. Мұндайда ұлттық тәрбие мен отбасы институтын нығайту баршаға ортақ міндет. Жыл сайын 15 мамырда дүниежүзінде Отбасы күні атап өтілуде. Бұл мерекенің негізгі мақсаты– отбасы мәртебесін көтеру, ұлттық дәстүр мен құндылықтарды насихаттау. Бұл күн әрбір азаматты өз отбасысына көз жүгіртіп, ата-анасына, балаларына, бауырларына ерекше көңіл бөлуге үндейді. Осы тақырып аясында оқырмандарға бірқатар сұрақ қойылды.
Тұрсынай Бегданқызы,
№1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі
– Мен үшін отбасы– адамның ең үлкен тірегі, мызғымас іргетасы. Қоғамның негізі де, тәрбиенің бастауы да осы қарапайым, бірақ қасиетті ұғымнан басталады. Қазір отбасының рөлі өте маңызды. Қиындық пен сынақ жиі кездесетін заманда адамға рухани тірек болатын, қолдау көрсететін ең басты орта– отбасы. Ал жастар осы ұғымды қаншалықты бағалай алады? Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Қуантатыны– кейбір жас буын отбасының маңызын терең түсініп, ата-анасын қадірлеп, болашақта берік шаңырақ көтеруге талпынады. Бірақ, өкінішке қарай, кейбір жастар материалдық дүниелерді алдыңғы орынға қойып, отбасыны екінші сатыға ысырып тастайды. Жаһандану, технологиялардың қарқыны, Батыс мәдениетінің ықпалы да осы құндылықтың көмескі тартуына мұрындық болып отыр. Бұл жағдайдың алдын алу үшін тәрбиені бала кезден сіңірген жөн. Үйде де, мектепте де ұлттық құндылықтарға негізделген, адамгершілікке баулитын жүйелі тәрбие берілуі керек. Жастарға отбасының рухани, әлеуметтік маңызын ұғындырып, оны бағалай білуге үйрету– ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Жадыра Шекербаева,
көпбалалы ана
– Отбасының бірлігін сақтау үшін ең алдымен, өзара сыйластық пен сабыр қажет. Үйде дау емес, жылы сөз көп болса, бала да, ата-ана да өзін қауіпсіз сезінеді. Ер мен әйел бір-біріне демеу болып, қиындықты бірге еңсерсе, шаңырақ шайқалмайды. Біз бес баланы тәрбиелеп отырмыз. Қашан да дастарқан басында жиналып, бір-біріміздің жағдайымызды сұрап отыруды әдетке айналдырдық. Тәрбие де, береке де осы қарапайым тірліктен басталады. Біз ешқашан балаға ұрысқан, ұрған емеспіз. Көбіне ақылмен, жүрекпен түсіндіруге тырыстық. Қазір көп ата-ана уақыт таппай, балаларымен ашық сөйлеспейді. Ал бұл– үлкен қателік. Баламен сырласу– олардың жан дүниесін түсінудің ең жақсы жолы. Отбасы– сынақ алаңы емес, бір-бірімізге тірек болатын қасиетті шаңырақ. Бірлік пен ынтымақ бар жерде береке де, бақыт та бар.
Шынар Асылханқызы,
жас келін:
– Шынын айтсақ, отбасы болу– жай ғана бір шаңырақ астында өмір сүру емес. Бұл– үлкен жауапкершілік, бір-біріңе деген түсіністік пен сабырдың мектебі. Біз енді шаңырақ көтердік, бірақ бірден бәрі оңай болады деп ойлаған жоқпыз. Ең бастысы– әр мәселеде ашық сөйлесу, бір-бірімізді тыңдау және қолдау. Біз өзара «мен» демей, «біз» деп ойлауға тырысамыз. Отбасының берекесі–тек махаббатта ғана емес, күнделікті тұрмыстағы қамқорлық пен сыйластықта деп білеміз.
Отбасындағы татулық– елдегі тұрақтылықтың кепілі. Себебі мықты мемлекет, ең алдымен, берекелі отбасыдан құралады. Текті, тәрбиелі, махаббатқа толы, мейірімді, сабырлы, парасатты отбасы– ел игілігінің негізі. Ондай отбасыдан өнегелі ұрпақ шығады. Отбасы күні– ұлттың рухани тұтастығын, адами қарым-қатынастың қадірін еске салатын маңызды күн. Бұл– ата-ананың қадірін, бауырдың бағасын, перзентке деген махаббат пен жауапкершілікті қайта бір ой елегінен өткізуге себеп болатын ерекше сәт.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»