Basty bet

Ауыл қариялары жастарға жарқын үлгі болуда

Саламатты өмір салты – бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал саламатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады. Саламатты өмір салтын ұстану жалпы адамзат үшін ең пайдалы дүние саналады. Адам денесі үнемі шыныққан сайын аурудың ауыр дерттің өзі жоламайтыны белгілі.
Осы орайда Ақсай ауылдық округінің орталығы Қайрат ауылындағы Б.Момышұлы саябағында спорттық алаңшада Қайрат және Көлбастау ауылының қариялары екі-үш жылдан бері таңертеңгі сағат 6-7-лер шамасында күнделікті жүру, жүгіру, және дене жаттығуларын жасаумен тұрақты түрде айналысып келеді. Олардың басым көпшілігі кезінде ауыр дертпен ауырып, қан қысымы, қант диабеті, артық салмақтан жапа шеккен жандар. Олар қазір бос уақыттарын тиімді пайдалана отырып, саламатты өмір салтын ұстанғанымыз жөн деген шешім қабылдап, бүгінде дене шынықтырумен айналысуды күнделікті дағдыға айналдыруда.
Қариялардың басым көпшілігі ауданның білім және медицина салаларының дамуына өзіндік үлестерін қосқан жандар. Жаз кезінде ел үшін, ауданның көркеюі үшін аянбай еңбек еттік, ендігі кезекте зейнет демалысында өз денсаулығымызды қалыпында ұстап отырудың өзі өзімізге жасалған жақсылық деп білеміз дегенді алға тартады ауыл қариялары.
Таңертең ерте тұрып, айналаңа көз жүгіртіп, арайлап атқан әр таңымызды көрудің өзі бір бақыт, түннен аман сау шыққанымызға шүкір, бүгінгі күнді кешегі күніме қарағанда шуақтандыра көр деп жалбарынып, әдетке айналған әрекетіне көшеді. Жаяулатып спорт кешеніне келіп біраз жаттығуларын жасап, шүйіркелесіп, таңертеңгі салқынмен үйлеріне жаяу қайтады. Мәселен, Қайрат ауылының 70 жастағы қариясы Дархан Мәлібеков үш жылдан бері күнделікті таңғы сағат алтыда тұрып, спортпен айналысуда. Ол мен бала күнімнен спортқа жақын болғандықтан ауру дегенді білмедім. Шахмат, тоғызқұмалақ, волейбол ойындарын жақсы ойыншы болғанын айтады. Спортпен айналысып келгенімде келіндерім жағдайымды жасап отырады одан артық маған не керек? деген пікірдегі ақсақалдың ойы құптарлық.
-Көлбастау ауылының тұрғыны, зейнеткер Әтіркүл Кемелбекова: «Мені артық салмақтан арылу мәселесі біраз жылдан бері алаңдатып жүрген болатын. Бастапқыда 120 келіден 90 келіге дейін артық салмақ тастағаным маған үлкен жеңілдік болды. Артық салмақтың пайдасынан зияны көп». Сол себепті ол үнемі жаяу жүріп, бес уақыт намазын оқып, дұрыс тамақтанып, жақсы өмір сүруге тырысатындығын жеткізді.
Шынығып, жаттығып жүрген қариялардың арасында Көлбастау ауылындағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте 43 жыл бастауыш пәнінің ұстазы құрметті еңбек демалысындағы Сапаркүл апай әрекеттің, ширақ қимылдың арқасында денсаулығымды нығайтудамын дейді. Араларында жедел жәрдем бөлімінде еңбек етіп жүрген фельдшер маманы да бар. Ол дүниеге бала әкелгеннен кейін артық салмақ қосып алғандықтан өз жасына лайықты болу үшін салмақ азайтуда. №15 Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің орыс тілі пәнінің ұстазы Клара Қошаева да күнделікті саламатты өмір салтын ұстануда. Адам неғұрлым спортқа жақын болған сайын және бос уақытын пайдалы ілім-білімге жұмсаса, дұрыс тамақтанса тәні де жаны да сұлулана түспек дейді. Ең қызығы, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық деген сөзбен толық қосылады. Ерте тұрып, табиғат аясында ұзақ жүрсең жаңа идея, керемет ойлар, өмірге деген мотивациялық күш пайда болады. Ұстаздар баламен жұмыс істеу үшін алдымен өз өмірінің парқын білген, жан-жақты, креативті ойға бай болуы тиіс деген пікірде.
Араларындағы 73 жастағы Зағипа Жұматаева артық салмақ тастап, жеңілдеп қалдым дегенді айтады. Ол қан қысымы, жүрек ауруымен көп жылдар бойы ем алып, уыс-уыс дәрі қабылдаған екен. Үйден шықпай, көңілсіз күйде отырғаным жаныма батты. Құрбы, көршілеріммен ілесіп осында келуім мен секілді денсаулығында кінәраты бар адамға үлкен жеңілдік болды деп өз сөздерін қорытындылады.
Ардагерлердің бұл әрекеттері көптеген ауыл жастарына үлгі-өнеге. Оларда бос уақыттарын тиімді пайдаланып, ерте ұйықтап, таңертең ерте тұрып, саламатты өмір салтын ұстанудың пайдасы өте көп. Жастар зиянды әрекеттерден аулақ болып, кітап оқуға, білім алуға, денсаулықтарының қадірін білсе, үлкендерден үлгі алса – олар үшін де жетістік. Бұл үлкендердің әрекеті маған да шабыт сыйлады.
Ауыл қарияларының осындай таңғы көңіл-күйлері, өмірге деген құлшыныстары көңіліме ерекше қуаныш ұялатты. «Жақсымен өткен бір сәтің көзді ашып жұмғандай» демекші, мен осындай қажырлы қариялардың өмірге деген тамаша көзқарастарын нұрлы көздерінен байқағандаймын. Көпке үлгі боларлық қарияларымыз аман болсын!

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close