Basty bet

Хас батырдың асқақ рухына құрмет

халықаралық автожолдың бойынан даңқты қолбасшы, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткіші бой көтеру үстінде

2025 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына Қазақстан Республикасының ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық Қаһарманы» атағының берілуін – ерлікке жасалған жоғары құрметтің белгісі деп қабылдаған жөн. Халық жүрегінен өшпестей орын алған хас батыр Бауыржан Момышұлының асқақ рухына құрмет, сонымен бірге, батыр бабалардың санғасырлық ерлігіне тағзым ретінде Жуалы ауданының тұсынан өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық автожолының бойынан эскизі жасалып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан жаңа саябақтың бой көтеруін ерекше атап айтуға болады. Онда Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына орай Батырдың еңселі ескерткіші орнатылмақ. Саябақта абаттандыру жұмыстары былтырдан бері қарқынды жүргізілу үстінде. Сәтін салса, жаңа ескерткіштің ашылу рәсімі биылғы 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай ұйымдастырылады деп күтілуде.
Саябақты абаттандыруға бюджеттен қаржы бөлінгенімен, кез келген жеке тұлғаға ескерткіш орнатуға қазынадан қаражат қарастырылмайтыны белгілі. Б.Момышұлының 100 жылдығына орай ауданның орталығы Жібек жолы көшесіндегі Батырдың ескерткіші де көпшіліктің және жекелеген демеушілердің көмегімен бой көтергенін жақсы білеміз. Сондықтан биыл халықаралық автожолдың бойынан бой көтергелі отырған еңселі ескерткіш те Батыр Баукеңнің рухына және бабалар ерлігіне құрмет ретінде халықтың демеушілігімен атқарылмақ.
Өткен жолы Б.Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арналып аудандық «Достық» мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиында сөз сөйлеген өңірге белгілі шаруа азамат, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Керімқұл Бегалиев бұл істің де көпшіліктің күшімен ғана атқарылатынын еске салып, үлкен жолдың бойынан Батырға еңселі ескерткіш орнатылса, бұл игілікті шаруа халықтың рухын көтеретін елдік істің бірі болатынын айтып, Жуалы жұртшылығын осынау игілікті істі қолдаумен бірге, оған қаржылай көмек көрсетуге шақыратынын жеткізген болатын.
Одан бөлек, дәл сол жиында сөз сөйлеген ішкі істер органының ардагері, Жамбыл облысы полиция департаменті ардагерлері кеңесінің төрағасы Тұрдалы Шералин жаңадан салынып жатқан Б.Момышұлының ескерткішіне көмек ретінде өз отбасының атынан 500 мың теңге қосатынын айтқаны белгілі. Уәдеге беріктік, бір сөзде тұру – қазақтың нағыз намысқой азаматының бойындағы асыл қасиет дейтін болсақ, Жаңа жылдың қарсаңында Батырдың асқақ рухына тағзым ретінде Т.Шералин жарты миллион теңге қаражатты арнайы қорға өз қолымен табыстады. Сөйтіп, ескерткіш құрылысына жамбылдық Шералиндер отбасының атынан жарты миллион қосылды. Айта кету керек, ескерткішке қаражат жинау ісінде «Б.Момышұлы атындағы мейірімділік қоры» жұмыс атқаруда.
«Көп түкірсе – көл, көп жиылса – ел» деген даналық сөзді бұрынырақта білгір бабаларымыз бекер айтпаса керек. Көпшілік жиылса бітпейтін іс, алынбайтын асу болмайды. Көпшілікпен бірге басталып, көптің күшімен аяқталған тірлікте ғана береке болатынын жақсы білеміз. Қазақтың хас батыры, асқақ рух, өшпес ерлігімен аты әлемге аңыз боп таралған дара тұлға, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының халық жүрегінен ойып орын алғанын ескерсек, игілікті де елдік іс саналатын ескерткіш орнату бағытындағы жұмыстар да көпшіліктің күшімен атқарылады дегенді айтады ел ағалары.
Батыр атындағы арнайы қорға қаражат түсіріп, осынау елдік істі межелі мерзімге дейін аяқтау – кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Хас батырдың асқақ рухына деген құрметті осылай ғана нақты іспен білдірсек керек…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close