Basty bet
Қыстың қамын жазда ойлаған шаруашылық
Қазақ халқы үшін еңбек етуден асқан берекелі іс жоқ екені анық. Соған байланысты «Еңбегімен – ер сыйлы, өнбегімен – жер сыйлы» демекші, еңбек еткен адамның көрері жақсылық боларын білген дана бабалар азаматты құрметке бөлеп, мұратқа жеткізетін құндылық еңбек екенін ұрпағына өсиет еткені белгілі.
«Ауыл – алтын бесік!» демекші, ауылда төрт түлік өсіріп, отбасы табысын арттырып, ауыл-аймаққа да пайдасын тигізіп отырған шаруа ағайынның еңбегі қашанда адал. Жылдың қай мезгілінде болсын, бел жазбай еңбек ететін шаруаларға ел құрметі ерекше болатыны да сондықтан болса керек. Мұндай еңбекқор азаматтар өңірге қарасты Жетітөбе ауылдық округінің Қоңыртөбе ауылында да бар. Тірлігі өнімді шаруашылықтың бірі «Қоңыртөбе» шаруа қожалығын іскер азамат Қанат Наушабаев басқарады.
Қанат Қамбарұлы Қоңыртөбе ауылында туған. Осындағы сегіз жылдық мектепті аяқтаған соң, Қаратау қаласында училищеде, техникумда артынша институтта құрылысшы мамандығымен білім алып, алғашқы еңбек жолын 1988 жылы бұрынғы М.Горький атындағы колхоздың Қоңыртөбе бөлімшесінде құрылысшы болып бастаған. 1997 жылға дейін колхоздың өркендеуіне үлесін қосқан еңбексүйгіш азамат кейінірек құрылыс прорабы болып жұмыс істеді.
Ауыл өмірін және тұрғындардың тұрмысын жақсартуды басты мақсат тұтқан ол 1999 жылы ауыл тұрғындарымен бірлесіп «Қоңыртөбе» өндірістік кооперативін құрды. Аталған ұжым 2007 жылға дейін жұмыс істеді. Осы жылдар аралығында кооператив мүшелеріне көмегін аямаған Қанат Қамбарұлы 2007 жылы ғана өндірістік кооперативті таратып, өз алдына жеке қожалық болып қайта құрылды. Қазіргі таңда «Қоңыртөбе» шаруа қожалығында 400 гектарға жуық егіс алқабы бар. Өз ісін жетік білетін шаруа қожалықтың басшысы жыл сайын еңбегінің өнімді болуы үшін жаңа техникалар алуға тырысады. Ағымдағы жылы үш жаңа «Беларусь» маркалы трактор алып, ескі техникалардың бір бөлігін жаңартқан қожалықта бір комбайн, бір шөп турайтын қосалқы бөлшек, бір тұқым сұрыптайтын агробөлшек және бір жүк тиегіш көлігі бар.
Соңғы жылдары астық тұқымы шаруашылығын дамытумен дендеп айналысып келе жатқан шаруашылық басшысы Алматы қаласынан элита сорты арпа, бидай және мақсары тұқымын әкеліп, биылғы жылы егін шаруашылығына ден қойды. Биылғы жылдың өнімі үшін 80 гектар алқапқа күздік бидай, 100 гектарға жаздық арпа және 100 гектарға элита тұқымды мақсары еккен. Шаруашылықтан артылған тұқым ауыл тұрғындарына және осындағы кіші қожалықтарға қолжетімді бағада өткерілу үстінде.
Сонымен қатар ет және сүт өндірісін дамытуды қолға алған қожалық жетекшісі ірі қара малдың тұқымын асылдандыруға да бет бұрған. Қанат Қамбарұлы үлкен ұлы Ерболаттың бастамасымен көктем мезгілінде асыл тұқымды ірі қараның жас төлдерін сатып алып, мал бордақылау ісін де қолға алды. Одан бөлек сүт өндірісі көлемін ұлғайту мақсатында сиыр басын көбейтпек. Кәсіпкер болашақта сүт өндіру қарқынды түрде бір қалыпқа түскен соң, балмұздақ өндіретін құрылғы сатып алып, ауданды балмұздақпен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасағысы келетін ниеті бар екендігімен де бөлісті. Сондай-ақ Қытай мемлекетінен инвестор тарту жұмыстарын жоспарлаған азаматтың 30 адамға арналған өндіріс орнын ашу жоспары да бар.
Осы орайда Қанат Қамбарұлының ата-анасы Қамбар және Шариха Наушабаевтардың да колхоз жұмыс істеген жылдары аянбай тер төккен еңбек ардагерлері болғанын айта кеткен жөн. Бала Қанаттың еңбексүйгіш ер азамат болып қалыптасуына ата-анасының еңбекқорлығы да себеп болса керек.
Ауыл-аймақ келбетіне үнемі өң беруге тырысатын дара азамат – шаруа қожалығының басшысы ғана емес, тамырын тереңге жайған алып әулеттің бас иесі. Үш ұл мен бір қыздан алты немере сүйіп отырған Қанат аға алпыстың асқарына қадам басқалы отыр. Жары Гүлмира Наушабаевамен ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп отырған отбасының жастар мен жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасыларға берер тәлім-тәрбиесі және өнегесі мол. Керегесі биік, шаңырағы шаттыққа толы әулеттің барлық ұлдары әке жолын қуып, шаруашылықтың дамуына күш-жігерін салуда.
«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» деп дана халқымыз айтқандай, «Қоңыртөбе» шаруа қожалығының басшысы, ардақты жар, аяулы әке, сүйікті ата болған Қанат Қамбарұлының ауыл игілігі үшін жасап жүрген істері, еліміздің іргетасы саналатын мал және егін шарушалығына бет бұрған жас кәсіпкерлерге беретін ақылы ізі өшпес жолға ұласады деп үміттенеміз.
«Ауылды одан ары көркейтіп, жастарға жұмыс орындарын көбейтуді» армандаймын деген кәсіпкердің туған жеріне деген махаббатын нәтижелі еңбегінен анық байқауға болады.
Рашид КЕМЕЛБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті,
қазақ журналистикасы ББ-ның
3-курс студенті