Basty bet

МАРХАБАТТЫҢ «ҚОҢЫРЫ»

тыңдарманын ғажайып ән әлеміне жетелейді

Қасиетті Жуалы өңірінен түлеп ұшқан туған жер түлектері еліміздің әртүрлі саласында қажырлы еңбек етіп, адал еңбегінің арқасында абыройға бөленіп жүрген жайы бар. Біз қаламы қарымды қаламгерлерімізбен еліміздің Көк туын жеңіс тұғырында желбіретіп жүрген спорт саңлақтарымен, аттың құлағында ойнайтын көкпаршылармен, білім саласындағы үздік ұстаздармен мақтана аламыз. Біздің өлкені тіпті, генералдар мекені деп те атайтыны бар. Бұлай деуге де негіз бар. Өйткені, жұлдызы биік Жуалы жерінен оннан аса генерал түлеп ұшқан. Ал, мәдениет саласындағы өнерпаздар көпшілікті өнерімен, әуезді әнімен сүйсіндіріп, құрметке бөленіп жүргені де баршамызға белгілі. Еліміздің өнер саласындағы жуалылық әншілерден – Елікбай Исаев, Гүлнар Сыйқымбаева, Мархабат Мықтыбеков, Индира Расылхан, Нұрхат Сегізбай секілді жез таңдай әншілермен біз ғана емес, бүкіл республика мақтана алады.
Жуалылық әнші Мархабат Берікқұлұлы – қазақ өнеріне этно-эстрадалық топта алғаш танылған, қазақтың қара өлеңімен қазақ елін тамсандырып, дәстүрлі әндерді заман болмысына сай әрлеп, қазақ сахнасында ән салып жүрген азамат.
Республика күні мерекесіне орай еліміздің мақтанышына айналған жуалылық әнші, «Қоңыр» тобының мүшесі, әрі жетекшісі Мархабат Мықтыбековпен хабарласып, арнайы мақала әзірлеген болатынбыз.
Айта кететіні, «Қоңыр» – жай ғана екі жігіт, бір қыздан құралған үштік емес. Ол – арзан әнге құмартқан қазақ жастарына қазақылықты қайта үйреткен жаңашыл топ. Қазақ өнеріне этно-эстрадалық топ деген ұғымды енгізген де осы «Қоңыр». Қазақ әнінің өлгенін тірілтіп, өшкенін жаңғыртуға үлес қосқан да осы екі жігіт пен бір қыз десек қате болмас.
Ендеше, қазақ халқына тән қарапайымдылық қасиетінен айнымаған Мархабат Берікқұлұлымен болған сұхбатымызды көзі қырағы оқырман қауымға ұсынамыз.

-Мархабат Берікқұлұлы, бірінші кезекте өзіңіздің туып-өскен жеріңіз, ата-анаңыз жайлы айтып өтсеңіз.
– 1970 жылы Қайрат ауылында дүниеге келдім. Әкем Берікқұл Мықтыбеков мамандығы агроном бола тұра, домбырада және балалайкада өте жақсы ойнайтын. Қазақтың қисса, дастандарын жатқа айтып, оны маған үйрететін. Менің архивімде әкемнің 1957 жылдары өз қолымен жазған дастандары, яғни, «Жүсіп-Зылиха», «Қарқабат», «Қазақтың шығу тарихы» т.б көптеген дүниелері сақтаулы тұр. Анам Зәпира Саттарқызы жастайымнан санама ертегі, жыр-терме, мақал-мәтел, қазақтың салт-дәстүрлерін мықтап сіңірді. Анамның суырыпсалма ақындығы да бар еді, мүмкін анамның көзі көрген кісілер болса растап берер деген ойдамын. Шіркін, ата-ананың орны бөлек қой. Жастарға ата-аналарыңды барында бағалаңдар дер едім.
-Сіздің репертуарыңыздағы әндердің басым бөлігі халық әндері екенін жақсы білеміз. Осы ретте, сіздің жаныңызға халық әндерінің жақын болу себе неде?
-Қазақтың халық әндеріне, жыр-терме, күйлеріне, салт-дәстүріне қызығушылығым ата-анамның бойыма сіңірген тәрбиесінен деп ойлаймын. Халық әндеріне жақын болуыма да отбасымда берілген тәлім-тәрбие себеп болса керек.
1977-1987 жылдар аралығында Қайрат ауылындағы Мыңбұлақ орта мектебінде білім алдым. Осы ретте, алғашқы ұстазым, музыка пәнінің мұғалімі Дүйсетай Байтөреевке домбырада ойнауымды шыңдап, түрлі байқауларға қатыстырып, шеберлігімді арттыруға көмектескені үшін алғыс айтқым келеді.
Алтын ұя мектебімізді бітіріп, арман қуып, өнер мен мәдениеттің ордасы Алматы қаласына келдік. 1987 жылы Алматы қаласындағы «Республикалық Эстрада Цирк Өнері» студиясына Қазақ ССР-нің халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің класына қабылданып, оны 1991 жылы дәстүрлі әнші мамандығы бойынша бітіріп шықтым. 1991-1995 жылдар аралығында Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінде музыка мамандығы бойынша білімімді жетілдірдім.
Қазақта «үйдің кішісі, қара шаңырақтың иесі» деген сөз бар емес пе?! Сол дәстүрді бұзбай, Алматыдан 2000 жылы ауылға қайта келдім. Туған жерге оралып, ауданның тыныс-тіршілігіне араласып, «Қызғалдақ» ән-би ансамбілінің көркемдік жетекшісі болып жұмыс істедім. 2002 жылы анам, келесі жылы әкем о дүниелік болды. Жылдығын беріп, асын өткіздік…
-Ең алғаш үлкен сахнаға шығып, өнер көрсеткен кезіңізді еске түсіріп, өткенге көз жүгіртсек.
– 2005 жылы Астана қаласында «Ауыл мәдениеті» жылы аталып өтті. Осы байқауға Жуалы ауданынан Жанна Асанқұлова екеуміз қатысып, Бас жүлдені жеңіп алдық. Жанна қарындасым ол кезде 10 сыныпта оқитын. Байқаудан кейін маған Алматы қаласынан ұсыныс түсті. Содан ойланып, қабырғаммен кеңесіп, нартәуекел деп Алматыға тартып кеттім. Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінің «Рухани тәрбие беру орталығының» директоры болып шыға келдім. Бірақ, ойымда – үлкен сахна, не істесем болады? Қайтпек керек? деген сұрақтар болды.
Содан студенттік кездегі досым Сержан Молдасанұлымен сөйлесіп, ақын Жәудір Артықбаеваның әні мен сөзіне жазылған «Алтын бесік» әнімен «Ән мен Әнші» жобасының концертіне 2006 жылдың наурыз айында үлкен сахнаға «Биссіміллә» деп ел алдына шықтым. Көрермен әнді жақсы қабылдады. Бұл маған үлкен шабыт сыйлады, әрі көрерменнің ықыласына бөленгеніме шын қуандым. Алғаш үлкен сахнада өнер көрсетуім алға қарай ұмтылуыма себепші болды.
– Жастарға қазақтың дәстүрлі әндерін қайта әрлеп үйреткен жаңашыл «Қоңыр» тобы қалай құрылды? Өнер ұжымының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
-«Алтын бесік» әнінен кейін сол кездегі “Қазақстан” ұлттық теле-радио корпорациясының төрағасы Ғалым Доскен ағамыз келіп: «дауысың жақсы екен, бірақ сенің айтар әндерің өте ауыр саған топ құру керек, үш-төрт дауыста әнді құбылтып, сазсырнай, домбыра, шертер, шаңқобызыңды орынды пайдалану керек» деп ұсыныс тастады. Содан, Сержан досыммен ақылдаса келе, топ құру керек деп шештік. Топтың бір қыз екі жігіт болу керек деген пікір және дауыстарымыз баритон, сопрано, тенор болуы шарт деген жоба Сержан Молдасанұлынан болды. Сөйтіп 2007 жылы «Қоңыр» тобы құрылды. Топтың атын «Қоңыр» деп Ғалым Доскен ағамызға қойдырып алдық. Міне, содан бері 16 жыл өте шығыпты.
-Өнерде жеткен жетістігіңіз қандай?
-Ең бірінші, «Қоңыр» тобымен 2007 жылдың қараша айында Қытай елінде өткен «Азия Тынық мұхит елдері» арасындағы өнер фестиваліне қатыстық. 28 мемлекет қатысқан додада Бас жүлдені жеңіп алып, елге абыроймен оралдық. Гастрольдік сапарларымыз көп болды. Тіпті, айлап үй бетін көрмейтін кездер де болды. Қазақстанның барлық облыстарының орталықтарында концерттік бағдарлама бердік. Шет елдерге шығып, Германия, Дания, Қытай, Қырғызстан мемлекеттерінде өнерімізді көрсеттік. Құдайға мың да бір шүкір.
Репертуарымызда қазіргі таңда елуге жуық әніміз бар. Оның көпшілігі халық әндері, халық композиторларының әндері. Одан басқа, Шәмші Қалдаяқов, Тұрсынжан Шапай, Жәудір Артықбаева, тағы да басқа композиторлардың әндері жетерлік. Әндердің ішінде «Ағажай-Алтай», «Алтын бесік» тағы басқалары туған жерге арналса, Тұрсынжан Шапайдың «Туған ел» әні патриоттық үлгіде Отанға арналып жазылған.
Ізімді жалғаған Жұлдыз Искаков деген шәкіртім бар. Жұлдыз жуалылық азамат, жыршы-термеші, көптеген байқаулардың жеңімпазы. Ол П.Чайковский атындағы колледжді және консерваторияны бітірген. Ақын, әнші Аяз Бетбаевтың өнер жолын зерттеп, әндерін жинап, кітап етіп шығарды.
– Қазіргі таңда сіздің шығармашылығыңызда қандай жаңалық бар? Алдағы жоспарларыңыз қандай?
-Арман көп, жоспар көп бәрі орындала бермейді екен. Сонда да «Қоңыр» тобына келсек, екінші қыз Гүлзаттың тұрмысқа шығуына байланысты бірінші қыз Жазира Қошанованы қайтадан топқа алдық. Қазіргі таңда жаңажылдық бағдарламаларға (ерте түсіріп қояды ғой), концерттерге қатысып жатырмыз. Жаңа әндер жазудамыз. Бәрі біз ойлағандай болса, келер жылы Республика сарайында жеке концерт берсек деген ойдамыз.
– Туған жерге, туған ауылыңыздағы жерлестеріңізге деген мерекелік тілегіңіз.
-Әр адамға өзінің өскен ортасы, туған жері, тауы мен тасы қымбат қой. Еліміздің түкпір-түкпірін, қанша шет елді араласаң да, өзіңнің туған жеріңе ештеңе жетпейді екен. Әйтеуір бір құдіретті күш сенің туған жеріңді бұдан да күшті, бұдан да әсем, халқы бұдан да мәдениетті, бұдан да қарапайым деп құлағыма сыбырлап тұратындай көрінеді. Туған жердің орны қашанда бөлек.
Алып шаһарда жүріп, туып-өскен ауылыңды аңсайсың. Туған жердегі жақсы жаңалықтарды естіп, оған үнемі қуанып отырамын. Ел десе, құлағымыз елең етіп отырамын. Туған жерге деген сүйіспеншілігім мен сағынышым әрдайым жүрегімнің төрінде. Жуалының тамаша табиғаты, саф алтындай таза ауасы, қоңыр самал желін сағынамын. Оны ұмыту мүмкін емес. Мен үшін Жуалы киелі жер, қасиетті өлке.
Барша жуалылықтарды алдағы Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жуалы өлкесі дамып, одан әрі де көркейе берсін!
-Рақмет! Сүбелі сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз! Шығармашылық табыс, отбасыңызға амандық тілейміз.
Сұхбатты жүргізген
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close