Basty bet

Дара тұлға, даңқты қолбасшыға арналған даналық сағаты

Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының өзі өмірге келіп, туып-өскен топырағы қасиетті өлке Жуалы туралы:
«Туған жерім Мыңбұлақ, арналы Ақсай,
Ішсем суы татиды шекер, балдай.
Қызғалдақ қалың егіс, көк жоңышқа,
Сенен артық жер, шіркін, өтер қандай» деп жырлағанын жақсы білеміз.
Шынында, аты айдай әлемге мәшһүр қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлын тудырған қасиетті Жуалы өлкесі туралы ел ішінде айтылар аңыз жетерлік. Бірақ соның көбісі ақиқатпен астасып жататынын да жақсы білсек керек.
Жуалының аты ауызға алынса, ең алдымен осынау өлкенің қаһарман перзенті, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімі бірден ойға оралады. Биыл даңқты тұлғаның туғанына 115 жыл толып отыр. «Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, тарихтың түкпірінен сөз келгенде…» деп Бауыржан Момышұлының өзі сәуегейлікпен болжап кеткендей, Батырдың мерейтойлары қасиетті Жуалы жерінде де, сонымен қатар, басқа өңірлерде де кеңінен атап өтілуде. Алаш жұртына ортақ ардақты тұлғаның өмір тағылымы мен ерлік істері – халқына аманат, өскелең жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Нақыл сөздері – адастырмас темірқазық іспетті.
Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай өткен аптада Батырдың Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында орналасқан мемориалдық музейінде даналық сағаты ұйымдастырылды. «Ел болып оқимыз!» атты республикалық жоба аясында Жамбыл облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Өршіл рухтан – өлмес ерлік туады!» тақырыбындағы даналық сағатына аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері, Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінің оқушылары және кітапханашылар шақырылды.
Іс-шараның тізгінін қолына алған облыстық кітапхананың қызметкері, ақын Марал Хантөреқызы Батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамып, туып-өскен Жуалы өлкесі туралы, сонымен қатар, оның Ұлы Отан соғысындағы аңызға толы ерлік істеріне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, қай қырынан алып қарасақ та, Бауыржан Момышұлы біртуар тұлға. Ол екінші дүниежүзілік соғыста қазақ халқынан шыққан қолбасшы ғана емес, жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеп, сол жолға өмірін арнаған қайсар жүректі қаламгер. Батырлықтың символындай болған Б.Момышұлы Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында қаһармандығымен көзге түсті. Мәскеу түбіндегі шайқастарда жасаған ерлік істері – қазақ халқының өр намысының айғағы. 207 рет шайқасқа қатысып, 27 рет сәтті шабуыл жасап, бес мәрте өлім аузынан аман қалып, екі рет ауыр жараланса да рухы сынбаған ерлігі – ұрпаққа мәңгі өнеге.
Даналық сағатының ашылуында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашев, Бауыржан Момышұлының өмірі мен майдан даласында жүріп өткен жолдарынан, сонымен қатар, бейбіт өмірдегі өнегелі істерінен жас ұрпақтың үлгі алу қажеттігін ерекше атап өтіп, даңқты қолбасшының кейбір беймәлім қырларына да тоқталды.
Жас ұрпақтың патриоттық тәлім-тәрбиесінде маңызы зор басқосуда аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, еңбек ардагері Әбуғали Ералиев, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Нұриддин Нұрғабылов сөз сөйлеп, даналық сағатының қатысушыларына Батыр Бауыржан Момышұлының ерлік істері, оның қазақ халқының атын әлемге жайған қаһармандығы туралы мән-мағыналы әңгіме өрбітті.
Даналық сағаты ары қарай әнмен көмкеріліп, онда облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапхананың кітапханашылары «Елге сәлем» және аудандық орталық кітапхананың кітапханашылары – Жанерке Өмірбекова, Әсел Тасжүрекова және Аида Шәкір «Жуалы» әнін шырқаса, көптеген өнер және білім байқауларының жеңімпазы Мирас Ғали «Жалғызым қазақ!» және Дінасыл Есенбай «Мен қазақпын!» әндерін нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ, мектеп оқушылары Б.Момышұлының қаламынан туған «Ұшқан ұя» шығармасынан көрініс қойса, Инабат Мұрат Батырға арнау өлеңін мәнерлеп оқыды. Батырдың шығармаларына арналған кітап көрмесі де (32 томды құрайтын шығармалар жинағы) оқырманның көңілінен шықты деуге болады.
Б.Момышұлының мемориалдық музейінде өткен даналық сағатын аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қайсар Асылбеков қорытындылап, қатысушыларға алғыс білдірді. Жамбыл облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Өршіл рухтан – өлмес ерлік туады!» тақырыбындағы даналық сағатына белсене қатысқан азаматтарға аталған кітапхананың атынан Алғысхат табысталды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close