Basty bet

Барлық бала бақытты болуға лайықты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жыл елімізде ресми түрде «Балалар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл біле білген адамға үлкен жауапкершілігі мол жыл. Балаларды ертеңгі жарқын болашағымыз, өміріміздің заңды жалғасы дейтін болсақ, бұл жыл қай жағынан болсын жауапты жыл болмақ. Өйткені, кім де болсын, өз болашағына асқан жауапкершілікпен қарайтыны анық.
«Қазақстанның жарқын болашағы өз қолымызда, яғни ел тағдырына бей-жай қарамайтын, нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында. Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек»,- деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент айтқандай, шынында бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытындағы нақты шаралар қолға алынуы керек. Өйткені, өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз.
1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесінің жалпы қоғамдағы маңызы зор. Осы орайда отбасында үлгілі әрі талантты балалар тәрбиелеп отырған барша жерлестерді, оның ішінде, бүлдіршін балаларды осынау жарқын мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Барлығыңызға зор денсаулық, ұзақ өмір, бақ-береке тілей отырып, болашағымыздың бұдан да жарқын болуына тілектестік білдіремін.
Балалар – біздің өміріміздің заңды жалғасы. Әрбір ата-ана үшін бала өмірдің мәні мен сәні, көзіміздің қуанышы, еліміздің басты байлығы. Балаларды тәрбиелеумен қатар, ата-аналар ел болашағының іргетасын қалап жатқанын ұмытпаулары қажет. Ұлы ойшыл, әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби бабамыздың: «Сен маған жастарыңды көрсет, мен сенің болашағыңды айтайын» деген ұлағатына сүйенер болсақ, ел болашағы бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Жастардың болмысы – болашақтың болмысы. Сондықтан балалар мен жастар тәрбиесіне атүсті қарауға болмайды.
Елімізде балалардың болашағына жасалып жатқан жүйелі жұмыстар аз емес. Бірінші кезекте ұлттық тәрбиемен қатар, заман талабына сай білім мен ғылымды игеруге мемлекет тарапынан баса назар аударылуда. Бұл бағытта балабақшалар мен орта білім беретін мектептердегі тәрбие және білім беру үдерістерін ерекше атап өткен жөн. Ұлт пен ел болашағына бағытталған мұндай жұмыстар ары қарай өз жалғасын таба беретініне сеніміміз мол.
1 маусымдағы Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі құтты болсын. Жарқын болашағымыз балалар мен жастарымызға ұзақ өмір беріп, жақсылық мол болсын. Барша баланың жүзінен бақыт пен шатықтың күлкісі кетпесін.
Тәуелсіз Қазақстанның іргесі берік болуына тілектестік білдіре отырып, әрбір баланың шынайы бақытқа лайық екенін баса айтқым келеді. Балалар жылы жемісті болсын!
Олжас Қаржауов,
аудан әкімі

Таңдаулы материалдар

Close