Basty bet
Кітапханалардың тиімділігін қалай арттырамыз?
сала жұмысының тиімділігін талдауға арналған кітапханалық конвент өтті
Адамның күнделікті өмір сүруіне ауа, су және тамақ қаншалықты қажет болса, адамға рухани байлық та сондай қажет. Рухани байлық дегеніміз не? Адам рухани байлықты қайдан іздемек, оны қайдан алуға болады? Әлбетте, қандай байлық болсын, адам оған іздену мен еңбектену арқылы жететіні белгілі. Байлықтардың ішіндегі ең маңыздысы әрі қоғамға ең қажеттісі – кітаптан алатын рухани байлық. Абай хакімнің «Артық білім – кітапта, Ерінбей оқып, көруге» дегені осы айтқандарымызбен тікелей мағыналас. Сондықтан адамға рухани байлық іздеу ісінде кітап және кітапхананың орны өте маңызды.
Кітап – шебер ұстаз, еңбегіне ешқандай ақы сұрамайтын тілсіз мұғалім. Кітап – жан айнасы. Кітап оқу арқылы айналадағы адамдарға мейіріммен қарауға үйренесің. Кітап адамды кең әлеммен жалғастырады. Қазақ: «Ырыс ауысады, білім жұғысады»,- дейді. Расында да білім ізгілігі, білім құндылығы адамнан адамға жұғысады.
Осы тұрғыдан алғанда қасиетті Жуалы ауданының халқын рухани байлықпен сусындатып, оқырмандарға қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жұмысына аз-кем тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Оның да өз жөні бар.
Ресми деректерге сүйенсек, 1928 жылдың 3 кыркүйегі Жуалы ауданының құрылған күні болып саналады. Осындағы ең алғашқы кітапхана аудандағы МТС қарамағында 1932 жылы ашылды. Оның кітап қоры бар-жоғы -3 400 кітап, оқырман саны -417 болса, оларға жыл ішінде -5 000 дана кітап таратылды.
1946 жылы бұл кітапхана аудандық орталық кітапхана болып қайта құрылды. 1946 жылға дейін кәсіподақтар ұйымдарына қарайтын 7 кітапхана ашылды. Ал 1950-ші жылдары аудандағы кітапханалардың саны -15-ке, оның ішінде, 6 колхоздық, 8 кәсіподақтық, 1 аудандық кітапхана болды.
1960 жылы аудандық балалар кітапханасы және әр ауылда кітапханалар ашыла бастады. Оларда жұмыс істеген кітапханашылардың үшеуінің ғана арнаулы білімі бар еді. 1973 жылы аудандағы кітапханалар саны 43-ке жетті.
Бүгінде ауданда барлығы 25 кітапхана жұмыс істейді. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жалпы -294 632 дана кітап қоры, оның ішінде -163 169 данасы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Жалпы жылына оқырман саны – 22 000, кітап берілімі -327 565, мемлекеттік тілдегі кітап берілімі -260 767, келім саны -181 678, РАБИС бағдарламасына енгізілген дерекқор барлығы -280 177.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары өскелең жас ұрпақты ұлттық-рухани дүниелермен сусындатуда жемісті жұмыс атқарып келеді. Кітапхананың басшылық құрамына келер болсақ, киелі мекемені кітапхана ісінің білгірі, білікті маман-ұйымдастырушы – Бақыткүл Қанаева ұзақ жыл басқарды. Бір сөзбен айтқанда, кітапханалар жүйесінің мекеме болып орнығуына және ұлт руханиятының көкжиегін кеңейту ісіне Бақыткүл Сыдықбекқызының сіңірген еңбегі орасан.
«Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады» деген нақылда айтылғандай, аудандық кітапхананы кейінгі жылдары білікті басшы – Салтанат Біләнқызы басқарып, алдыңғы буын салып кеткен сара жолды одан ары жалғастырды. Қазіргі таңда мекеме ұжымына өнердің, руханияттың өз өкілі – Қайсар Құлжанұлы жетекшілік ету үстінде.
Кітапхана ісін жетілдіру үнемі даму, жаңғыру үдерістерімен байланысты. Оның үстіне қазіргі таңда заманауи кітапхананың тиімділігін арттыру мәселесі де өте өзекті бола түсуде. Бұл – жаңа заманның және заманауи оқырманның негізгі сұранысы. Адамға білім іздеу қай жаста да кеш емес. Бабаларымыз өсиет еткендей, білімді Мысырдан да, Қытайдан да іздеуге болады. Сондықтан өскелең ұрпақты кітап оқуға, ілім-білім іздеп, жан-дүниесін жақсы дүниелермен байыту арқылы дүниетанымын кеңейту ісінде кітапхананың алар орны ерекше. Сол себептен де кітапхана жұмысының тиімділігін күнбе-күн жетілдіру, кітапхана ісінде жұмыс жасайтын мамандардың тәжірибесі мен біліктілігін арттыру да заман талабынан туындап отыр. Бұл бағытта осы күнге дейін атқарылған жұмыстар аз емес. Оны лайықты жалғастыру өте маңызды.
Өткен аптада ауданда «Кітапханалардың тиімділігін талдау: іске асырылған жоспарлардан жаңа идеяларға дейін» тақырыбын өзек етіп алған кітапханалық конвенттің жұмысында да бірқатар жаңашылдықтар айтылып, өзекті деген мәселелер сөз болды.
Шараны ұйымдастыршылар – Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және аудандық орталық кітапхана мекемелері.
Шараны өткізудегі мақсат – кітапхана әлемі, жалпы қоғамдағы динамикалық өзгерістерін, кәсіби құндылықтарды ұдайы қайта бағдарлау, кітапхана ісіне жаңа тәжірибе жетістіктерін енгізу кеерктігін ескере отырып, жаңа жұмыс түрлерімен таныстыру, әлемдік кітапхана тәжірибесін сараптау, талдау қорыту, кітапхана қызметінің тиімділігін сараптай отырып жаңа әдіс-тәсілдері мен жаңа технологияларды енгізу жұмыстарын сала қызметкерлерінің (кітапханашылар) арасында кеңінен дәріптеу, оларды енгізуге септесу, мамандардың кәсіби құзыреттілігі мен жаңашылдық белсенділігін жоғарылату және кадр ресурстарын дамыту болып табылады.
Жаңадан қолға алынып отырған кітапханалық конвентке облыстық, қалалық және аудандық кітапханалардың директорлары, әдістемелік және қызмет көрсету бөлімдерінің меңгерушілері, кітапхана мамандары және балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсететін бөлім қызметкерлері белсене қатысты.
Жуалы ауданының топырағы қасиетті өлке екенін ескерсек, мұнда қандай маңызды шара ұйымдастырылса да, қонақтар ең алдымен даңқты қолбасшы, әскери қайраткер – Бауыржан Момышұлының рухына тағзым етеді. Бұл жолы да солай болды. Шараға шақырылған қонақтар және қатысушылар конвент басталмас бұрын Батырдың аудан орталығындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым жасады. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің қызыл жебесі, Халық жазушысы – Шерхан Мұртазаның Талапты ауылындағы әдеби-мемориалдық үйі де назардан тыс қалған жоқ.
Руханиятың және кітаптың көкжиегін кеңейтуге арналған шараның негізгі бөлімі аудан орталығындағы «Достық» мәдениет үйінде өткізілді. Онда мәдениет үйінің ауласына «Жерұйық мекен – Жуалы!» аталатын этно-ауыл көрме-галереясы да келушілердің назарын өзіне аударды.
Кітапханалық конвенттің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп, іс-шараның жұмысына сәттілік және қатысушыларға шығармашылық табыс тілейтінін жеткізді.
Келесі кезекте «Кітапханалардың тиімділігін талдау: іске асырылған жоспарлардан жаңа идеяларға дейін» тақырыбындағы негізгі шара өтіп, оған Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың директоры Эльмира Абдинова модераторлық етті.
Алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапхананың ғылым, менеджмент және маркетинг қызметінің жетекшісі Айбала Бекмұханбетке берілді. Елордадан осында арнайы келген Айбала Қанатбайқызы Ұлттық Академиялық кітапхананың Бас директоры Ғазиза Нұрғалиеваның Құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті әріптестер! Сіздерге Сарыарқаның ыстық сәлемін жолдаймын. Жамбылдың елі мен жері, өнері мен өнегесі мен үшін бөлек. Адамзаттың өз қолымен жасалған ұлы байлығының бірі – кітап. Осынау баға жетпес қазынаны халыққа, болашаққа насихаттап, жұртшылыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп жүрген әріптестерімді 24 қазандағы төл мереке – Кітапханашылар күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Барша жамбылдық әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін. Алға қойған мақсаттарға жету жолында аянбай еңбек ете береді деген сенімдемін» делінген Құттықтау хатта.
Шара барысында Ұлттық Академиялық кітапхананың ғылым, менеджмент және маркетинг қызметінің жетекшісі Айбала Бекмұханбет «Заманауи кітапхананың келбеті» тақырыбында шара қатысушыларымен сұрақ-жауап түрінде форсайт-сессия өткізді. Онда кітапханашыларға кітапхана оқырмандарының портретін салу тапсырылып, осының аясында сұрақ-жауаптармен қоса, кітапханаға оқырманды тартудың және қызықтырудың өзекті мәселелері жан-жақты сөз болып, пікірлер алмасу болды.
«Кітапханалардың тиімділігін талдау: іске асырылған жоспарлардан жаңа идеяларға дейін» тақырыбындағы шараның аясындағы шағын бағдарламалар кешке дейін жалғасты.
Қосымша айта кететін болсақ, облыстық кітапхананың директоры Эльмира Елеусізқызы өз сөзінде, жалпы Жамбыл облысында кітапхана ісін жан-жақты жетілдіру, заманауи ақпарат пен технологиялардың тиімділігін арттыру және осы ретте саланың дамуына көмек-қолдау ретінде облыс басшылығы кітапханалардың кітап қорын толықтыруға 20 миллион, ал өңірдегі 25 ақын-жазушы кітаптарының жарық көруіне барлығы – 50 миллион теңге қаражат бөлгенін қуанышпен жеткізді.
Келесі кезекте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай және Ұлттық Академиялық кітапхананың ғылым, менеджмент және маркетинг қызметінің жетекшісі Айбала Бекмұханбет 24 қазан – Кітапханшылар күні кәсіби мерекесіне орай, облысқа қарасты аудандардан келген сала қызметкерлерінің бірқатарын «Еңбек ардагері», «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгілерімен, облыстық басқарманың және ҰАК-ның Алғысхаттарымен марапаттады.
Түскі үзілістен кейін кітапханалық конвент қайта жалғасын тауып, онда негізінен: кітап оқу – ұлт мәдениетінің бір бөлігі ретінде, заманауи кітапхана – кітап оқуды қолдау ретінде қарастырылып, оқырман – кітапхананың стратегиялық серіктесі, әріптестік – балалар кітапханасын дамыту және балалар оқуын ынталандырудың заманауи бағыты, кітапханалар мен жастар: бір толқын, бір бағыт, бір мақсат, қызықты кітапхана: қызығушылық танытқан оқырманның тәуелсіз көзқарасы, сонымен қатар «Тарихы тереңде жатқан қасиетті өлке» (жергілікті өлкетанушы, ауданның Құрметті азаматы Д.Байдалиевпен кездесу), «Заманауи кітапхана: әлеуметтік орта сапасының модераторы» (Э.Абдинова), «Балалар кітапханасы: оқуды ілгерілетуден – оқу сапасына» (Г.Инкарбекова), «Кітапхана әлемі – оқырман әлеуеті мен жүзеге асырылатын мүмкіндіктер мекені» (Ж.Алшынбаева) секция жұмыстары өткізілді.
Иә, заманауи кітапхананың тиімділігін арттыру – күн тәртібіндегі мәселе. Оның негізгі себептерінің бірі – ақпараттық технологиялардың адамзат өміріне дендеп енуінде болып отыр. Сол себептен қазір адамдар кітап оқығаннан гөрі, қажетті ақпараттарды смартфонның көмегімен алғанды жөн көреді. Ал ғаламтор мен әлеуметтік желілерде шындыққа сәйкес келетін әрі адамға рухани байлық, азық болатындай дүниелерді табу өте қиын.
Адамды рухани байытатын орын ол – кітапхана. Сондықтан, кітап оқу ісіне жан-жақты көңіл бөлудің маңызы зор. Ауданда өткен кітапханалық конвенттің барысында да осындай маңызды мәселелердің талқыға салынуы да көп жайдан хабар берсе керек. Қай заманда да кітап өз құндылығын жойған емес. Кітап оқу және кітапхана ісін жетілдіру ісіне әрбіріміздің жанашырлығымыз қажет-ақ…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»